Қаржылай қоры 500 000 теңгені құрайтын стипендияға Проза жанры бойынша Бақытгүл Сәрмекова, Поэзия жанры бойынша Айжан Табаракқызы, Аударма жанры бойынша Самғар Тұрарбек ие болды. Стипендианттар қазанның 19-ы күні Атырау қаласындағы арнайы шарада марапатталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Рахымжан Отарбаев атындағы стипендия екі жылда бір рет тағайындалмақ. Және тек осы жылы Драматургия-театртану жанры бойынша лайықты үміткер табылмағандықтан берілген жоқ.
Жыл басында Атырау облысының әкімдігінің қаржыландыруымен «Рахымжан Отарбаев. Әдеби сын» атты байқау жарияланған еді. Рахымжан Отарбаев шығармашылығын насихаттау һәм әдеби сынның дамуына үлес қосу мақсатында өткізілген байқау бүгінде өз мәресіне жетті. Жеңімпаз есімі 19 қазанда ресми түрде жарияланады.
Сондай-ақ шара аясында Рахымжан Отарбаевтың қос кітабы – Берлиндегі «Дагиели» баспасынан һәм Бакуден жарық көген «Бас» романының тұсаукесері өткізілмек.
Айта кетейік, аталған әдеби шаралар 19 қазан – жазушы Рахымжан Отарбаевтың туған күні аясында ұйымдастырылып отыр.