Аймақтар • 16 Қазан, 2020

Оралда екі автобус соқтығысты

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

"Орал қаласында жолаушылар таситын екі автобус қақтығысып, 5 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді" деп хабарлайды Батыс қазақстан облыстық Полиция департаменті.

Оралда екі автобус соқтығысты

Оқиға бүгін, 16 қазан күні таңғы сағат 08.40. шамасында болған. Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы Циолковский аялдамасында №22 және №1 автобустар соқтығысқан. Оқиға орнына «жедел жәрдем» шақырылып, дәрігерлер 5 адамды шұғыл түрде ауруханаға алып кетті. Ертемен халық жұмысқа асығатын қарбалас шақта болған жол оқиғасынан жеңіл автокөлік те зардап шегіпті. Өйткені қақтығыстан қашып, бағытын кілт бұрған №22 автобус «Volkswagen» маркалы көліктің жанын сырып өткен.

- «Жедел жәрдем» қызметіне қоңырау түскен соң 5 минут өткенде дәрігерлер оқиға орнына жетті. Зардап шеккен 5 адамның бірі – 16 жастағы жасөспірім. Оған алдын ала қойылған диагноз – жабық бас-ми жарақаты, миы шайқалу, кеуденің алдыңғы жағы зақымданған. 50 жастағы әйел мен 37 жастағы екі ер адам да басынан жарақаттанған, «миы шайқалған» деген қауіп болды. Жігіттің бірі кеуде тұсынан омыртқасы зақымданған. Ал 30 жастағы бір әйелдің аяғы ауыр екен, дәрігерлер түсік қаупінен алаңдады, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз хатшысы Сәуле Зағидуллина.

Жарақат алғандардың бәрі де облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізіліп, диагнозы нақтыланды. Бір тәуірі, зардап шеккендердің ешқайсысының миы шайқалмаған болып шықты. Көбінде бастың жұмсақ құйқасы жарақаттанған. 1983 жылы туған жігіттің арқасында сырылған жарақат бар. Ал 1989 жылы туған келіншектің жүктілігі 13-14 апта екен. Оған «Іштің алдыңғы жағын ұрып алу» деген диагноз қойылды. Жарақат алғандардың бәріне де алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем тағайындалған.

Айта кетейік, қаланың бұл аймағында Орал «Сервис» технологиялық колледжі, «Жайық» базары сияқты нысандар орналасқан.

 

Батыс Қазақстан облысы