Саясат • 16 Қазан, 2020

Мұхтар Тілеуберді Қырғыз Республикасындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

424 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қырғыз Республикасындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұхтар Тілеуберді Қырғыз Республикасындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

"Қазақстанда Қырғызстандағы жағдайдың айқындалып келе жатқан тұрақталу үрдісін ризашылықпен қабылдайды.

Көрші мемлекеттегі оқиғаларды тек қана ішкі мәселесі ретінде қарастыра отырып, жаңадан құрылған үкіметті қазіргі күрделі саяси жағдайда өз әрекеттерін тұрақтылық, құқық үстемдігі, қоғамды біріктіру, экономикалық даму үшін жағдай жасауға бағыттауға шақырамыз.

Елдің барлық саяси күштерінің Қырғыз Республикасы Конституциясының нормалары мен қағидаттарын қатаң сақтай отырып, дағдарыс жағдайынан абыроймен шығуға мүмкіндік беретін салмақты және іскер шешімдерді іздеуге бар күш-жігерін жұмсайтынына үміт артамыз.

Қос елді қиын кезеңде өзара көмек пен қолдауға негізделетін бауырлас және тату көршілік тарихи қарым-қатынас байланыстырады.

Біз Қырғызстанның саяси тұрғыдан тұрақты және экономикасы өркендейтін ел болуына, 1997 жылғы 8 сәуірдегі Мәңгілік достық туралы және 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Одақтастық қатынастар туралы Шарттардың рухындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың ары қарай жалғасуына мүдделіміз", деді министр.