- Бүгінгі күні азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау, зілзалалардың қауіп-қатерін азайту мәселесі мемлекеттің басты назарында. Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті - адам өмірін құтқару, бұл жоғары және жауапты миссия. Апат айтып келмейтіні рас. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке келетін төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермеуі мүмкін. Өйткені, оған мықты жүрек, машық және тәжірибе керек. Қиын да күрделі қызметтеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке, амандық тілеймін, - деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Мерекелік жиында Азаматтық қорғау органдарының ардагерлері Қорғанбек Қайруллаев, Мұрат Мұсаев, Сұлтан Шынтаев, «Волонтеры Кызылорды» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Чебакова, азаматтық қорғау аға сержанты, Қазалы ауданы № 9 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі Оңталап Жолмаханов, азаматтық қорғау старшинасы, Сырдария ауданы № 12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізуші-қызметкері Мақсұт Мырзағалиев және азаматтық қорғау прапорщигі, Жалағаш ауданы № 11 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Шыңғыс Тайшаев облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ аймақ басшысы жергілікті бюджет есебінен алынған 2 өрт сөндіру автокөлігін №1 және №7 өрт сөндіру бөлімдеріне табыс етті.
Шарада сөз алған сала ардагері Қорғанбек Қайруллаев пен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Ақмарал Сермағамбетова мемлекеттің қолдауы арқасында сала әлеуеті едәуір өскендігін айтты.
Соңғы үш жылдың өзінде өңірдің өртке қарсы қызмет бөлімшелері, жедел-құтқару жасағы мен апаттар медицинасы орталығының құтқарушылары 2 мыңнан аса апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, 200-ге жуық адамды аман алып қалды. Сондай-ақ, мыңнан аса өрт сөндірілген.