15 Қараша, 2013

Волонтерлер

460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл бағытта мамандар даярлау – өзіндік мәні бар мәселе

Қазақстандағы волонтерлік қызмет азаматтық қоғамды құруда өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Алайда, бүгінде осы саланың жүйелендіру мен іс-қимылдардың үйлесімін қажет ететіні ақиқат. Кәсіпқой еріктілерді дайындау да отандық волонтерлік қозғалысты нығайту жолында маңызды қадам болмақ. «Қамқор» еріктілер қозғалысы шеңберінде ашылған республикалық мектеп дәл осы міндетті орындауға арналған. Жобаны бастап әрі қолдап отырған – Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі комитеті. Ал ұйымдастыру тарапынан «Самұрық» даму орталығы» қоғамдық жастар қоры жауапты болып отыр.

Таяуда Астана қаласында «Жастар арасында «Қамқор» еріктілер қозғалысын дамыту» деген тақырыпта семинар-тренинг болып өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі әлеуметтік бағыттағы жобалармен айналысатын, үйлестіруші, психолог, қор жетекшісі және ерікті болып қызмет атқаратын 30 адам қатысты.

Оқыту мынадай бағыттар бойын­ша жүргізілді: еріктілермен қарым-қатынас; команда аясында жұмыс істеу; құжаттар айналымы; ақпарат көздерімен жұмыс жүргізу; мемлекеттік органдармен, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп қызмет атқару; фандрайзинг; жобаларды әзірлеу және басқару; зияткерлік карталарды қолдану. Әрбір қатысушының қолына семинарға арналған жұмыс жос­пары ұсынылды. Онда таңғы жаттығудан бастап, тіпті, үй тапсырмасына дейін барлық әрекеттер көрсетілген. Жалпы, оқыту үрдісінің тиімділігін көте­ру мақсатында тапсырмалар көптеп берілді. Осылайша, ұйым­дастырушылар кәсіби дағдыларды дамытуға баса назар аударды. Семинар барысында болашақ бапкерлер волонтерлік қызмет саласындағы сан алуан мәселелерді талқыға салды. Сонымен қатар, мүгедектер, кәме­летке толмағандар, толық емес отбасылар, қылмыс жасағандар секілді категориялар бойынша жеке мысалдар қарастырылды.

Сауалнама қорытындысына сүйенсек, волонтерлер 20% – жетімдерге, тағы 20% – мүге­дектерге, 17% – мәдени шараларды ұйымдастыруда, 13,3% – білім мекемелеріне, 10% – қарт адамдарға көмектесуге дайын. Ал есірткіге тәуелді және бас­панасы жоқ жандарды аз ғана адам (3,3% көп емес) қолдауға ниет білдіріпті. Сондай-ақ жауа­п бергендердің 13%-ы көмекке зәру адамдардың қатарында діни қауымдар құр­бандары, әйелдер қауымы, ауылдық жерлердің тұрғындары, жұмыссыздар мен тұрмысы нашар азаматтар бар деп көрсетті.

Түйіндей келе, тыңдау­шы­лардың көпшілігі осындай семинар-тренингтердің көптеп өткізілуін қалайтындарын жеткізіп, әлеуметтік бағыттағы мәселелермен айналысатын жастарға неғұрлым мықты қол­даудың көрсетілетініне сенім артты. Бұл жолғы іс-шараның тегін түрде өткізілгені де ерекше мәнге ие. Алдағы уақытта мұндай даярлық жастар арасында волонтерлік қозғалыстың кеңінен насихатталуына септігін тигізуі тиіс. Оқыту нәтижесінде барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.  

Алинұр ТІЛЕМІС.

АСТАНА.

Соңғы жаңалықтар