15 Қараша, 2013

Университет және студент

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 1 курс студенттерін «Өткеннің өнегесі – бүгінгінің байлығы» атты студенттер қатарына қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиында қасиетті қара шаңырақтың 70 жылдық мерейтойының алауы ресми түрде жағылды.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 1 курс студенттерін «Өткеннің өнегесі – бүгінгінің байлығы» атты студенттер қатарына қабылдау рәсіміне арналған салтанатты жиында қасиетті қара шаңырақтың 70 жылдық мерейтойының алауы ресми түрде жағылды.

Салтанатты шарау ниверситет алауын алып жүгірген эстафеталық марафонның қызық­ты сәттері суреттелген бейне баян қойы­лымын тамашалаумен басталды. Аталмыш мерейтойлық алау өткен айдың 23 жұлдызында оқу ордасының ардагер ұстаздары мен басшылығы, сондай-ақ, ел намысын айтулы халықаралық жарыстарда абы­роймен қорғаған Ермахан Ыбы­райым, Майя Манеза секілді Олим­пиада чемпиондарының қо­лы­нан өтіп, Қыздар университеті қалашығын толық шарлап, бас оқу ғимаратына жеткізілген болатын. Осы күнге дейін қара шаңы­рақ­­тың қабырғасында сақталып келген мерейтойлық алау – Қыз­дар уни­верситеті 70 жылдық мерей­то­­­йының тұсаукесерлік символы ре­­тінде ерекше мәртебеге ие бол­­ған еді.

Фильмнің салтанатты қойы­лымынан соң Қыздар уни­­­­вер­си­тетінің ректоры Динар Нөкетаева бас ғимаратта сақталған алаудың тамызығымен сахна төріндегі әсем гүлдермен көмкерілген үлкен ошақтың отын тұтатты. Бұл әйел жанының, қыз-ғұмырдың табиғатынан хабар беретін өзіндік мазмұны кемел жарасым мен ұрпақ жалғастығы іспетті жоғары оқу ғимаратының табалдырығын жаңа аттаған студенттердің бойына ерекше жалынымен әсер етті.

Жиылған көпшілік алдында сөз бастаған Динар Нөкетаева: «Қыздар университеті – қаракөз қыздарға білім мен дәстүрлі тәр­­­­биені қатар беріп отырған парасат мектебі. Осы мерзім ішінде киелі оқу орны 50 мыңнан астам мамандар дайындап, мектеп мұғалімінен бастап қоғам қайраткеріне дейін танымал түлектерін тәрбиелеп шығарды. Бұл білім ұясынан ұшқан әрбір түлек қоғамда өз орнын таба білетін білікті де кәсіби маман деп зор сеніммен айта аламын», – деп сапқа жаңа қосылған шәкірттерді «Мен – Қыздар университетінің студентімін!» деген атқа лайық болуға шақырды.

Қиялдарын қанаттарына байлап, армандарын арқалап келген бірінші курс студенттеріне игі тілегін білдірген оқу орнының басшысы білім кілтін І курс студенті Ақсәуле Амантаеваға табыс етті. Ал, студенттік билет Досбол Айдаға табыс­талса, сынақ кітапшасы Көкен Ләззатқа тапсырылды. Кеш барысында сонымен қатар, 1 курс студенттерінің ант қабылдау рәсімі болып өтті.

Салтанатты жиын соңы кон­церт­тік бағдарламаға ұласып, қа­зіргі таңда өз өнер­лерімен танымал болып келе жатқан «Айгүл», «Ұлар» ансамбльдері, «Томирис» би ансамблі, 85 әншіден құралған университеттің хор ұжымы мен 50 өнерпаздан тұратын ұлт-аспаптар оркестрінің шығармаларымен өрі­ліп, қазақ эстрадасы жұл­дыз­дарының қатысуымен өнер кешіне ұласты.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар