Қаржы • 19 Қазан, 2020

Банктердің болашағы қандай?

350 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бірінші жартыжылдықта коронавирус пандемиясы адамзатты әбігерге салып, жұқпалы індет жаһанның қаржы-экономикалық архитектурасын шатқаяқтатты. Қазір әлем елдерінің экономикасы еңсесін енді тіктеп келе жатқандай. Алайда халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың болжамына сүйенсек, постпандемиялық кезеңде дүние жүзі қаржылық тоқыраумен бетпе-бет келуі мүмкін. Бұл, әсіресе банк секторына оңай тимейін деп тұр.

Банктердің болашағы қандай?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, EQ

Жаз айларында табыстары артты

Биылғы жаз маусымы толықтай карантин режімінде өткен соң салыстырмалы түрде банк секторы үшін қолайлы аяқталды. Айталық, тамызда Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің жиынтық меншікті капиталы 1,7%-ға, яғни 3 трлн 774,9 млрд теңгеге, ал нақты мәнде 63,6 млрд теңгеге дейін өсім қалыптасқан.

Капитал мөлшеріне сәйкес, Қазақстан халық банкі 2,1%-дық (25,5 млрд теңге) өсіммен, тұтастай 1 трлн 253,6 млрд теңге қаржылай қорымен көш тізгінін бастады. Тамыз айында активі 5%-ға жуықтап, ақшалай мәнде 346,7 млрд теңгеге ұлғайған Kaspi bank-тің де беталысы жаман емес. Келесі кезекте Сбербанк (3,0%-дан 277 млрд теңгеге дейін), Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (1,9%-дан 262,6 млрд теңгеге дейін), Jýsan bank (0,8%-дан 235,6 млрд теңгеге дейін) және Fortebank (1,7%-дан 234,6 млрд теңгеге дейін) тығыз қатарда орналасқан. Қазақ­стан Ситибанкі (2,8%-дан 144,7 млрд теңгеге дейін) және Банкцент­р­кредиттің де (1,6%-дан 125,6 млрд теңгеге дейін) табысы ұлғайғаны байқалады. Бірақ алғашқы ондықтан қалыс қалған банктердің ахуалы көңіл көнші­тер­ліктей емес. Мәселен, олардың кейбірі 120 млрд теңгеге дейін кірістен қағылған.

Жаз айларында банк секторында депозиттік базаның өсу қарқыны жалғасты. Десек те, халықтық са­лым­дардың жиынтық көлемінің ди­на­микасы айтарлықтай баяулады.

Егер де шілде айында осы көрсеткіш 2,9%-ды немесе 288,1 млрд теңгені құ­раса, тамызда небәрі 0,3%, яғни 10 трлн 169,4 млрд теңгеге, нақты мәнде 31,5 млрд теңгеге дейін өсті.

Заңды тұлғалар депозиттерінің жиынтық көлемі жаздың соңында 1,3%-ға немесе 9 трлн 887,4 млрд теңгеге дейін, ал нақты мәнде – 130,8 млрд теңгеге (шілдеде тиісінше 3,3%-ға және 308,7 млрд теңгеге) ұлғайды.

Шілдеде 20,4%-ға немесе 76,4 млрд теңгеге ұлғайған банк секторындағы жиын­тық пайданың мөлшері тамыз айын­да да өсімін жалғастырды. Атап айт­қанда, жаздың соңында бұл 13,8%-ға немесе 512,1 млрд теңгеге, нақты мәнде 62,2 млрд теңгеге көбейді. Бұл көрсеткіш бойынша көшбасшылар қатарында Қазақстан Халық банкі және Kaspi bank тұр.

«Коронавирус пандемиясының салдарынан банк секторы қатты зардап шек­ті деуге келмейді. Жартыжылдық­тың қоры­тындысы бойынша шыққан мәлі­метке қарасақ, отандық банктердің табысы артқанын байқауға болады. Тек санаулы банктерде теріс нәтиже тіркелді. Оның ішінде таяуда лицензиясынан айы­рылған Tengri bank бар. Алдағы уа­қыт­та тағы да лицензиясынан айырылып қалуы мүмкін деген банктер жоқ емес. Олар – Asiacredit bank және Capital bank. Десе де кірісі молайған банктердің саны көп. Бұл ретте мынаны ескеруіміз қажет. Қазір халық арасында несие амнистиясын жариялау керек деген мәселе жиі көтеріліп келеді. Банктерде NPL – мерзімінде төленбей қалған, яғни жинақталған несиелері бар. Егер де ол мүлдем төленбесе, проблемалық несиеге ұласып кетуі мүмкін. Ал мұндай несиелер қаржы институттарына кері әсерін тигізіп, банкротқа ұшырауына әсерін тигізуі ғажап емес. Салдарынан бола­шақта берілетін несиенің пайыздық мөл­шері ұлғаяды», деді GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық

Сарапшының айтуынша, банк сек­торы қызмет көрсету саласының басқа сегменттерімен салыстырғанда айтар­лықтай шығынға батпаған. Бұл орайда қоғамдық тамақтану, қонақ үй бизнесі, ойын-сауық орталықтары, сол секілді басқа да сервистік қызметтер локдаунның кесірінен қызметтерін тоқтатып, амалсыз қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болған.

Әйтсе де екінші деңгейлі банктер үшін ықтимал қауіптер жоқ емес. Мәселен, пандемия кезінде заңды және жеке тұлғалардың несиелерін өтеу мерзімі үш айға шегерілген еді. Бұл шешімнің белгілі бір дәрежеде банктер­ге тәуекелділігі жоғары болып келеді. Өйткені осыны пайдаланып, қазақстандықтар не­сие­ні қайтармауы мүмкін. Осы тұрғы­дан қарағанда, банктердің іскерлік бел­­сен­­ділігіне нұқсан келетінін естен шығар­маған абзал дейді экономистер.

 

Биометрикалық сәйкестендіру жүйесі пайдаланылады

Жасыратыны жоқ, еліміздегі банк­тердің негізгі стратегиясы табысты арттыруға бағытталған. Бірақ соңғы жыл­дары араларында халыққа сапалы қызметті ұсынуға басымдық беріп, өзара бәсекелестіктің орын алғаны байқалады.

«Бүгінгі ақпараттық-технология дәуірінде қауіпсіздік мәселесі алдыңғы орынға шығып отыр. Неге десеңіз, аза­мат­тардың есеп-шоттарындағы қара­жат­қа хакерлік шабуылдар жиілеп кетті. Халық­аралық ақша аударым операцияларын жүзеге асыру барысында қаражаттың жоғалған кездері аз болған жоқ. Бұл мәселе қазір мықтап қолға алынуда. Таяу­да Ұлттық банк биометрикалық сәй­кес­тендіру жүйесін іске қосқанын жария­лады. Енді алдағы уақытта жеке есеп-шоттағы қаражатты алу үшін адамдар­дың келбетіндегі ерекшеліктер ескеріліп, құпия пароль ретінде қолданылуы мүмкін», деді экономист.

Саладағы тағы бір елеулі өзгеріс­тердің бірі жыл соңына дейін Қазақ­стан нары­ғына шетелдік банктер келеді деп жоспар­лануда. Осы ретте шетелдік қаржы инс­ти­туттарының отандық банк секторына кіруімен несиенің пайызы төмендейді деген әңгімелер жиі айтылып жүр. Алай­да сарапшылар мына нәр­сені ескеру қажет деп санайды. Сырт­тан келетін қаржы ұйым­дары Ұлт­тық банктің қойып отыр­ған ережесі­мен келісулеріне тура келе­ді. Сондық­тан да республикадағы база­лық мөл­шерлеменің жоғары болуына байланысты несиелік пайыздың түсуін тосудың қажеті шамалы. Десе де мұның жақсы тұстары жетерлік. Ай­талық, шетелдік банктер өздерінің корпоративтік этикаларын енгізетін болады. Бұл өз кезегінде халыққа қызмет көрсету сапасының артуына оң ықпал етпек. Сол сияқты бәсекелестік артып, отандық банктер сапа мәселесіне жіті көңіл бөледі.

 

Дауға айналған мақала

Маусымда The Atlantic журналы Берк­лидегі Калифорния университетін­дегі заң мектебінің профессоры және Морган Стэнли қаржы бірлестігінің экс мүшесі Фрэнк Партнойдың «Таяудағы банк дағдарысы» мақаласын жариялап, америкалық қаржылық іскер ортада үлкен пікірталас тудырған еді. Мақалада постпандемиялық кезең 2008 жылғы дағдарыстан ауыр болуы мүмкін деген тұжырымдар келтірілсе керек.

«Мұндай дағдарыстың орын алуы екіталай деп ойлауыңыз мүмкін, алайда 2008 жылғы тоқырау туралы да солай айтқан. Бірақ банктер сол дағдарыстан сабақ алмаған сыңайлы», деп жазады Ф.Партной өз мақаласында.

Оның айтуынша, мәселе кепілден­дірілген несиелік міндеттемелерде (CLOs) жатыр. Олар кепілдендірілген қарыздық міндеттемелерге (CDO) ұқсас.

«Соңғы онжылдықта CLO нарығы жарылып тынды. Бұл тікелей инвестициялар ағынының теріс әсері. Оның салдарынан сатып алған затпен бірге қарыз да көбейе түседі. CLO негізінен банктер үшін жағымды әсер етуі керек. Егер де 2008 жылдағы ипотека секілді барлығы бір уақытта нашарламай түспесе», деді хедж қордың бұрынғы менеджері Уитни Тилсон.

Қаржыгерлердің сөзіне сенсек, CLO (кепілдендірілген несиелік міндеттеме) CDO-ға (кепілдендірілген қарыздық міндеттеме) ұқсас болып келеді. Оның мақсаты – инвесторлардан жиналған ақша арқылы несие сатып алу. Әдетте CDO транш ретінде тәуекел деңгейіне сәйкес сатылып жүрді. Үлкен транш­тар ең қауіпсіз болып саналды. Себебі олардың міндеттемелеріне сәйкес, қауіпті несиелер дефолтқа ұшырағанда олар CDO активтерін бірінші талап етуге құқылы. Ал кіші транштар жоғары пайда мөлшерлемесін ұсынғанымен ең қауіпті саналады.

Жуырда Федералды резерв жүйесі басқарушылар кеңесі төрағасының қадағалау жөніндегі орынбасары Рэндал Куорлз қазір АҚШ-тағы банк секторының позициясы нығайып, жақсарғанын жеткізген-ді.

«АҚШ-тың ірі банктері бұл дағдарысқа қатты дайындалып, Федералды резерв банктердің тұрақтылығын нығайтуға бірқатар маңызды қадамдар жасады», деді Р.Куорлз.

Ол ФРЖ-нің үшінші тоқсанда ірі банктерге акцияларды сатып алуға ты­йым салу, дивидендтерді шектеу, капитал қажеттіліктерін қайта қарауға байланысты банктердің жоспарды қайта ұсыну талаптарын енгізу бойынша қа­был­даған шараларына назар аударды. Соны­мен қоса Куорлс таяуда ФРЖ банк сек­торының тұрақтылығын бағалау үшін негізгі және екі гипотетикалық рецессия сценарийі дайындалғанын, сондай-ақ жыл соңына дейін осы бағалаудың нақты нәтижелері хабарланатынын растады.

Алайда коронавирус әлемнің жартысын әлі де жаулап жатқанын ескерсек, банк­­терге экзистенциалды қауіп-қатер төніп тұрғанын дөп басып айту ерте. JPMorgan Chase мәліметтеріне сенсек, әлемдік ішкі жалпы өнім бірін­ші жартыжылдықта 15%-дан артық төмендеп, бұл 2008 жылмен салыстыр­ғанда төрт есе көп. Халықаралық валюта қорының бағалауынша, шағын және орта бизнестің банкротқа ұшырауы пан­демияға дейінгі 4%-дан биыл 12%-ға, яғни үш есеге артпақ. Осының салдарынан жұмыссыздық күрт өсіп, банк секторындағы балансқа зиян келтіреді. 2024 жылы пандемиядан 12 пайызға дейін орташа есеппен 2020 пайызға дейін үш есе артуы мүмкін»деп санайды. Қанша адам мәңгілікке жұмыстан шығарылады деген қорқыныш күшейе түсуде. «Кейбір компаниялар өздерінің бизнес-моделі біржола бұзылды деп санайды», деді UBS экономисі және британдық және еуропалық ставкалар стратегиясының жетекшісі Джон Рейт. – Медицинада серпіліс болса да, көптеген құрбандар қалпына келмейді».

Мұның бәрі белгілі бір уақытта банк­тердің қайтарылмайтын несиелерінің деңгейі күрделеніп, несие беруді амалсыз тоқтатумен қатар 2008 жылдағыдай несиелік тоқырауды тудыруы мүмкін деп болжануда.