Қазақстан • 19 Қазан, 2020

Тоғызыншы территория: көшті қайта жандандыру керек

1270 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін

Еліміз егемендік алған тұста, яғни тоқсаныншы жылдардың басында демографиялық салада көңілге қаяу салған жайттар аз болған жоқ. Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамында болған одақтас республикалар жеке-жеке отау құра бастағанда қазіргі ТМД аумағындағы көші-қон үдерісі қарқын алды. Бір ғана 1991-1995 жылдар аралығында Қазақстаннан 3,5 миллион адам тарихи отанына көшіп кетті. Бұл жағдай дүниежүзілік саяси картада ойып тұрып орын алған, жер аумағы бойынша тоғызыншы орынға тұрақтаған Қазақ елінің демографиялық ахуалына кері әсер етті.

Міне, осы кезеңде өткен ғасырдың алғашқы жартысында орын алған алапат ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін кезінде бүкіл әлемге тарыдай шашыраған қандастарымызды тарихи Отанына қайтару жұмысы қолға алына бастады. Содан атажұртқа ұлы көш ағылды. Осы мәселеге қатысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Кезінде тәуелсіздік алған тұста, 1991-1995 жылдары Қазақстаннан 3,5 миллион халық көшіп кетті. Сол көрсеткіш бойынша халық саны 14 миллионға дейін түскен. Қазіргі уақытта қайта қалпымызға келіп жатырмыз. Оның ішінде 1 миллионнан астам қандасымыз сырттан келді», деген еді.

Жалпы, көші-қон саласында жалпақ жұрт біле бермейтін өзіндік проблемалар бар. Олар өз кезегінде еңсерілуі тиіс. Осы орайда «Egemen Qazaqstan» газеті атажұртқа ат басын бұрған қандастар, шеттегі ағайынды елге шақыру мәселелерін жиі көтеріп келеді. Бүгін де біз аталған тақырыпта сарапшылардың қатысуымен онлайн режімде дөңгелек үстел ұйымдастырып отырмыз. Дөңгелек үстел жұмысына Парламент Сенаты­­ның депутаты Мұрат Бақтиярұлы, ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасы­­­ның орынбасары Сабыржан Сейітжанов, «Отандастар» қорының вице-пре­зи­денті Мағауия Сарбасов қатысып, пайымды пікірлерін ортаға салды. Сон­дай-ақ еліміздегі ішкі көші-қон саласындағы игі бастамаларға ұйытқы болған азаматтық қоғам өкілдері де осы дөңгелек үстел жұмысына қатысқан еді. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданы Подгорное елді мекеніне  Арыс қаласынан қоныс аударған ерікті Серік Әлтаев, Түркістан облысы Ордабасы ауданынан қоныс аударып, Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы Сорочинка селолық округінің әкімі атанған Берік Қалмұратов бар.

Тоғызыншы территория: көшті қайта жандандыру керек

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

– Мұрат Бақтиярұлы, сіз Парламент қабырғасында қандастарымыздың мә­селесін жиі көтеріп жүрсіз. Биыл сәуірде көші-қон процестерін реттеуге  байланысты заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізілгені белгілі. Әңгі­менің әлқиссасын осыдан бастасақ.

1

Мұрат Бақтиярұлы:

– Көші-қон мәселесі – біздің елі­мізде ғана емес әлемдегі өте өзекті мәсе­ле­лер­дің бірі. Ол еліміздің әлем­дік қо­ғам­дастықтағы беделіне, демогра­фия­лық өсімге, шетелде жүрген қандас­тары­мыздың тағдырына тікелей қатысты. Сіз айтып отырған заң жобасын мынадай екі бағытта қарауға болады.

Бірінші, сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесін құру және заңсыз көші-қонның алдын алу. Мұнда шетелдік жұмыс күшін тартқанда бұрынғыдай экономикалық қызмет түрлерін алып тас­тап, квотаны санаттарға бөлу ұсынылды.

Екінші, елге келген қандастарымызға қолайлы жағдай жасау. Бұл мақсатта заң жобасында бірнеше мәселе еске­рілді. Мәселен, шетелде тұратын қандас­тарымызға Қазақстанда рұқсат алмай-ақ уақытша еңбек етуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын белгілеу құзыреті көші-қон мәселелері бойынша уәкілетті органдарға жүктеу ұсынылды. Бұл қадам қандастар мен қоныс аударушыларға көмек көрсетуге бөлінетін бюджет қаражатын толығымен игеруді жеңілдетеді.

Бұрын «оралман» мәртебесін алу үшін тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы талап етілмейтін. Мысалы, бір өңірде тіркелген, шетелден көшіп келген қазақ «оралман» мәртебесін алу үшін басқа өңірге де бара беретін. Енді тіркелген жер бойынша ғана қандас мәртебесін ала алады. Бұдан бөлек қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын қабылдаудың мүмкіндігін кеңейту мен алуын жеделдетуге жаңа нормалар енгізілді.

– Мұрат Бақтиярұлы, көші-қон туралы заңда қамтылған негізгі мәсе­лелерге тоқталсаңыз.

Мұрат Бақтиярұлы:

– «Қазақстан Республикасының зей­нет­ақымен қамсыздандыру туралы» за­ңында шеттен көшіп келген қандастарға «ең­бек қызметі» бойынша зейнетақы таға­йындалсын деп белгіленген. Бірақ бұл заңда да, Еңбек кодексінде де «еңбек қызметі» деген ұғым жоқ. «Еңбек өтілі» деген ұғым бар. Енді осы заң бойынша жергілікті азаматтарға «Еңбек өтілі», ал шеттен көшіп келіп азаматтық алғандарға «еңбек қызметі» бойынша зейнетақы таға­йындалады. Яғни Қазақстан азаматы бола тұра жергілікті зейнеткерлер мен шеттен оралған зейнеткерлердің еңбек еткен жылдарын есептеуде екі түрлі ұғым пайдаланып, екеуін екіге бөліп қараған. Бұл мәселе алдағы уақытта әзірленетін заңда оң шешімін табуы тиіс.

Тағы бір мәселе. Қандас мәртебесін алған­дарға үй кезегіне қатысты же­ңіл­діктер қарастырылған. Бірақ қан­дас мәртебесінің мерзімі бір жыл болған­дықтан, азаматтық алған күні тұрғын үйге қатысты жеңілдіктен айырылып қалады. Сондықтан көптеген қандасымыздың пәтер кезегі артқа шегеріліп, қайтадан үй кезегіне тұрады. Бұл олардың билікке қатысты өкпе-реніштерін тудырып жатады. Бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылдау керек деп ойлаймын.

Заң жобасына егер пана іздеген адам­ның туыстарының не жақын ағайын­дарының біреуі Қазақстан Респуб­лика­сының азаматы болса, босқын деп танылуы мүмкін деген толықтыру енгізуді ұсындық. Өйткені соңғы бір жыл ішінде Қытайдағы саяси жағдайға байланыс­ты бес бірдей қандасымыз елге келіп, «босқын» мәртебесін сұрады. Өкініш­ке қарай, «Босқындардың жағдайы туралы» Конвенцияны ратификациялап, халықаралық міндеттемелерімізге қа­рамастан, оған қоса осы азаматтар­дың барлығының жақын туыстары Қа­зақ­станда тұрса да, олардың ешқай­сы­сы­на «босқын» мәртебесін бере алма­дық. Шетелдегі этностық қазақтар та­би­ғи апатқа, экономикалық немесе сая­си дағдарыс, түрлі кемсітушілік жағ­дай­ларға душар болғанда Қазақстан Үкі­меті тікелей араласып, қандастардың құ­қын халықаралық деңгейде қорғай алуға заңдық тұрғыда мүмкіндік жоқ. Бұл ұсыныс та келешекте пысықтауды қажет етеді.

– Қандастарымыздың атажұртқа оралуы барысындағы өзекті мәсе­ле­нің бірі – оларға құжат беру. Се­бебі құ­жаты ресімделмеген, ел азамат­ты­ғын алмаған қандасымызды өз аза­ма­тымыз деп айта алмаймыз. Сабыр­жан Жарылқағанұлы, осы орайда Отан­ға оралған қандастарымыздың құ­жат ресімдеу барысы туралы айтып өтсеңіз?

1

Сабыржан Сейітжанов:

– Рас, атажұртты аңсап келген ағайын­дарымызға құжат беру мәселесі қашан­да маңызды. Сондықтан ең алдымен қандастарымыздың келуіне және олардың ел азаматтығын алуына, құжат берілуіне қатысты мәселе көтеріп отырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Ал сұраққа келсек, Қазақстанға визасыз кіруге ке­ліскен мемлекеттерден, сондай-ақ Қазақ­станмен визалық тәртібі бар елдерден мемлекетімізге келген қандастарымыз өз­деріне берілген визаның санатына қа­рамастан, тұрақты тұруға рұқсат алу үшін ішкі істер органдарына өтініш бе­ре алады. Оған бірқатар құжат қа­жет. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін бар­лығын рет-ретімен айтайын. 1) өті­ніш-сауалдама, 2) ұлттық паспорт, бір­лескен өтініш берген кезде он алты жас­қа толмаған баланың туу туралы куә­лігі, 3) кету парағы неме­се шетелге тұ­рақ­ты тұруға, кетуге рұқ­сатты растай­тын бас­қа құжат. Қытай­дан келген этностық қазақ­тар бұл құжатты ұсын­бай­ды; 4) соттылы­ғы, сотты­лығы­ның бол­мауы туралы құжат (Қытай Ха­лық Рес­пуб­ликасының этнос­тық қазақ­та­рын қоспағанда), 5) 14 жастан 18 жас­қа дейінгі баланың Қазақстан Рес­пуб­ликасында тұрақты тұруға нотариал­ды куәландырылған келісімі, 6) өтініш бе­рушіге тұруға тұрғын үй беру және тұ­­рақты тіркеу есебіне қою туралы жеке немесе заңды тұлғамен нотариалды куә­ландырылған келісім, 7) медициналық куә­ландыру туралы анықтама, 8) фотосурет.

Қазіргі уақытта Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде қандас мәртебесі көзделмеген, ол үшін қазақ екендігін растайтын құжатты ұсыну жеткілікті. Бірақ Қазақстанның азаматтығын қабылдау үшін заңнамада «қандас» куәлігінің болуы көзделген, мұндай қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетіледі. «Қандас» куәлігін тұруға ықтиярхат алғанға дейін де, одан кейін де алуға мүмкіндік бар. Қандастарымыз тұру мерзіміне қарамастан, сондай-ақ жоғары оқу орындарында оқитын этностық қазақтар Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен, яғни тіркеу тәртібімен алу үшін облыс­тар­дың, республикалық маңызы бар қала­лардың және астананың ПД бастығының атына өтініш жазып, бірнеше құжат ұсынады. Қандастар мемлекеттік баж төлеуден босатылған, өтінішті қарау мерзімі үш айды құрайды.

– Тәуелсіздік алған жы­лы 10 мың­нан астам адамға квота бө­лінгені бел­гілі. Одан кейін 2012-2016 жыл­дары квота мүлде тоқтаған... Осы орай­да сөз кезегін «Отандастар» қо­ры­ның вице-президенті Мағауия Сар­ба­сов­қа берсек. Қазіргі жағдай қа­лай? Ше­телдегі қандастарымыздың елге кө­шіп ке­луіне мемлекет тарапы­нан қан­дай жеңіл­діктер қарас­ты­рылған?

1

Мағауия Сарбасов:

– Расымен, мұндай мәселе бар екені белгілі. Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 17 тамыздағы №323 бұйрығына сәйкес, қандастарды қабылдаудың 2020 жылға арналған өңірлік квотасы 1 378 адамды құрап отыр.

Атажұртқа оралған азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдік қа­растырылған. Ел заңына сәйкес, «қандас» мәртебесін алғандар мен олардың отбасы мүшелері қандастарды бейiмдеу орталықтарында тегiн қызмет алып, медициналық көмекпен, мектептер мен балабақшаларда орынмен, әлеуметтiк қорғалумен, жұмыспен қамтуға жәрдем­десумен қамтамасыз етiледi. Сондай-ақ жастарымыздың колледж бен университеттерге оқуға түсуге мүмкіндігі бар.

Ауыл шаруашылығымен шұғыл­дан­ғысы келетін ағайын үшін шаруа­шылықпен айналысу мақсатында арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және бос жерлерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер телімдері берiледi.

Жергілікті атқарушы органдар ата­жұртқа келген қандастарды қабыл­дау­дың өңірлік квотасынан тыс қоныс аудар­ғандарға тұрақты тұрғылықты жерінде жол жүру және мүлкін тасымалдау шы­ғындарын өтеуді қамтитын біржолғы жәр­демақы белгілеуі мүмкін. Сондай-ақ қандастар өзімен бірге әкелген көлігіне немесе жеке пайдалануға арналған мүл­кіне салынатын кедендік төлемдерден бо­сатылады. Өңірлік квота аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бел­сенді шараларына қатысушыларға көз­делетін мемлекеттік қолдау шара­лары ұсынылады, сонымен қатар тұ­тыну кредиті мен тұрғын үй сатып алу мақсатында ипотекалық несие алу құ­қығы беріледі.

Отандастар қорының кейбір сарап­тамалық зерттеулеріне сәйкес, алыс және жақын шетелде шамамен 7 миллион қазақ тұрады. Бұл Қазақстанның өзінде тұратын 12 миллион қазақтың жартысы деген сөз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша тәуелсіздік алғаннан кейін атажұртқа 1 миллионнан астам қазақ оралған. Қандастарымыз негізінен Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Түрікменстан және Ресейден келді.

Биылғы мәліметтерге тоқталсақ, 1 қыр­күйек­тегі жағдай бойынша Қазақстанға шетелден 5 190 отбасы, яғни 10 мыңдай адам келіп, «қандас» мәртебесін алып үлгерген. Келушілердің 59,1%-ы Қы­тайдан, 25,6%-ы Өзбекстаннан, 8,8%-ы Түрікменстаннан, 3,5%-ы Моңғолиядан және 3%-ы басқа елдерден қоныс аудар­ғандар. Қазіргі таңда аталған елдерде тұ­рып жатқан ағайын-бауырларымыз ата­мекенге оралуға пейіл танытып, қы­зығу­шылық білдіріп отыр. Біз өз кезе­гімізде олардың Қазақстанға тез келуіне бар жағдайды жасауға атсалысып жатырмыз.

– Мұрат Бақтиярұлы, елге келген қандастарымыз ғана емес, шетел­дегі қандастарымыздың мәселесі де ма­ңыз­ды екені түсінікті. Осы тұрғы­дан ал­ғанда, оларға қандай қолдау көр­сеті­ліп жатыр?

Мұрат Бақтиярұлы:

– Шетелдерде 7 миллион қазақ тұрады. Бұл Қазақстанда тұрып жатқан халықтың 38%-ын құрайды. Демографиялық аспек­тіде үлкен әлеует саналатын осы ресурс­тарды дұрыс пайдаланып жатырмыз ба?! Өкінішке қарай, бұл ресурс тиімді пайдаланылмай отыр. Ол үшін Қазақстан Үкіметі көші-қон жөнінде бүгінгі заман талабына сай жаңа құжат дайындап, соған орай нақты іс-шараларды қолға алуы тиіс. Сырт жерлердегі миллиондаған ағайынның атамекенге түпкілікті келемін деген ыстық ықыласын суытып алмай, сағынышы мен сүйіспеншілігіне сызат түсірмей, қазақ көшін қайта жаң­ғыртуымыз керек. Өйткені Қазақстан – шеттегі қандастарымыздың жалғыз рухани отаны. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында «Қайда жүрсең де қазақтың Отаны біреу ғана, ол – Қазақстан» деген еді. Тұңғыш ­Пре­­­зиденттің тікелей бастамасымен құ­­рыл­ған «Отандастар қорының» тапсы­ры­сы­на сәйкес жүргізілген әлеумет­тік са­уал­дамалардың нәтижесінде, Қа­зақ­стан­ға шетелден 1,5 млн қазақ тұрақты қо­­ныс аударғысы келеді. Соған қа­ра­­­­мас­­тан, соңғы 8 жылда (2012-2019 ж.) ре­пат­рианттар легі жылына небәрі 10 000 адам­ды ғана құраған. 2020 жылы Қа­зақ­станда елге ораламын деген қан­дас­тары­мызға берілген квота 1378 адам көле­­мінде ғана белгіленген.

Мемлекетті әлемдік бәсекелестікте алға сүйрейтін факторлардың бірі оның халқының саны екені сөзсіз. Сондық­тан да елдегі халық санын арттыруда шетел­дегі қандастарымызды қолдаудың ынта­ландыру бағдарламасын, яғни репатрианттарды әлеуметтік-эко­номи­калық қолдаудың кешенді шараларын қамтыған Арнайы мемлекеттік бағ­дарлама қабыл­дау қажет. Көрші Ресей өз отандастарын ерікті көшірудің мерзімі шектелмеген мемлекеттік бағ­дарлама қабылдады. Қазақстан Үкіметі жоғарыда айтылған мәселелерді жан-жақты қарастырып, этностық көші-қон жұмыстарын өрке­ниет­ті елдердегі­дей нақты бір жүйеге түсірсе деген ұсы­ны­сымыз бар.

– Сабыржан Жарылқағанұлы, қан­дастарымыз жиі кезігетін мәсе­ле­нің бірі – құжат тапсыру. Әсіресе басқа елдің азаматтығын тапсыру өзек­ті күйінде қалып отыр. Мәселен, Өзбек­стан­нан келген қандастарымыз өзінің құ­жаттарын Өзбекстан елшілігіне же­ке­лей апарып тапсыру міндетті кө­рі­неді. Осыны екі ел арасындағы келі­сім­дер арқылы заңдық тұрғыда оң­тайлы шешуге бола ма?

Сабыржан Сейітжанов:

– Елімізде тұрақты тұратын қандас­тар «Қазақстан Республикасының азамат­тық туралы» заңның 16-1-бабының талаптарына сай, іс-құжаттарын жинақтап тұрақты тұратын жері бойынша көші-қон қызметі бөліністеріне өтініш береді. Қабылданған құжаттар «қандас» куәлігі негізінде жеңілдетілген тәртіпте 3 айдың ішінде Қазақстан Республикасының аза­маттығын алады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бас­тап 962 703 қандасымыз Қазақстан Респуб­ликасының азаматтығына қабылданды. Өткен жылы 17 696 қандасымыз еліміздің азаматтығын алса, осы жылдың есеп беру кезеңінде 14 944 қандасымыз Қазақстан Республикасының азаматтығын иелен­ді. Сондай-ақ жыл басынан бастап атажұр­тына 6043 этностық қазақ тұрақты тұруға көшіп келді.

Егер қандасымыздың (отбасы иесі) қолында жергілікті атқарушы органдар берген «қандас» куәлігі болса, оның әйелі немесе отбасының басқа мү­шелері өзге ұлт болған жағдайда, олар отбасы иесінің мүшелері ретінде Қазақстанда тұрғылықты тұруға және ықтиярхатын алуға жеңілдетілген тәр­тіпте өтініш білдіре алады. Отбасы иесі (күйеуі) тұрақты тұ­ру рұқсатын ал­ғаннан кейін «қандас» ретінде Қазақ­станның азаматтығын же­ңілдетілген тәр­тіпте алады. Содан соң ұлты басқа оның әйелі 1957 жылғы 29 қаңтардағы «Тұрмыстағы әйелдердің аза­мат­тығы туралы» конвенцияға сәйкес, жеңіл­де­тілген тәртіппен 3 айдың ішінде Қазақ­станның азаматтығын алуына мүм­кін­дік бар. Ал отбасы иесінің анасы бас­қа ұлттың өкілі болған жағдайда Қа­зақ­станның азаматтығына жалпы тәр­­тіппен қабылданады. Азаматтыққа қа­былдау жөніндегі шешім Қазақстан Пре­зидентінің Жарлығы арқылы рет­теледі. Қарау мерзімі 6 ай аралығында жүр­гі­зі­леді. Сонымен қатар анасы жалпы тәр­тіппен Қазақстан Республикасының аза­маттығына қабылдау туралы өтініш бер­ген кезде, міндетті түрде келген елдің аза­маттығынан шығуды ресімдеуі қажет.

Қазақстанның азаматтығына қабыл­данған кезде Қазақстан Республикасы­ның азаматтығына қабылданған күннен бас­тап күнтізбелік отыз күн ішінде шетел азаматының ұлттық паспортын бұрынғы азаматтығы бар елдің уәкілетті органына тапсыру қажеттігі туралы хабарлама беру заңда көзделген. Себебі әрбір мемлекетте азаматтықтан шығу, оны тоқтату не жоғалту тәртібі қарастырылған. Сондай-ақ 2019 жылы 15 сәуірде Қазақстанның Үкіметі мен Өзбекстанның Үкіметі арасында «Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы» келісімге қол қойылды. Бұл келісімді Өзбекстан биыл 22 мамырда ратификациялағанын атап өткім келеді.

Мәселен, Келісімнің 2-бабының 6-тар­мағына сәйкес Қазақстан Республикасы ІІМ облыстық көші-қон қызметінің бөлімшелері тұрақты негізде жеке басты куәландыратын құжаттарды Өзбекстан Республикасының дипломатиялық өкіл­дігіне немесе консулдық мекемесіне Қазақстан Республикасының аумағында азаматтық алуды ресімдеу фактісі туралы хабарламамен бірге оның күнін көрсете отырып, тікелей қайтару бөлігінде жұ­мыс ұйымдастырды. Осыған байланыс­ты, азаматтығын қабылдағаннан кейін Өзбекстан Республикасының бұрынғы азаматтарына паспорттарды тапсыру үшін консулдық мекемеге өз бетінше ба­ру талап етілмейді.

Қазақстанға келген қандасымыз аза­маттық алғанға дейін тұрақты тұруды ресім­деу қажет. Сол себепті тұрақты тұруға құжаттар тапсыру кезінде еліміздің Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес Қытай Халық Республикасынан келген қандастардан басқа қандастар өзінің бұрын тұрған мемлекетінен сот­тылығы (соттылығының болмауы) туралы анық­тама талап етіледі. Алайда тұрақты тұра­тын қандастарымыздың Қазақстан Респубикасының азаматтығына құжат­тар тапсыруы кезінде олардан соттылығы (соттылығының болмауы) туралы анық­тама талап етілмейді.

– Мағауия Қанапияұлы, Қазақ­станға қоныс аударғандарға арналған бейім­деу орталықтары бар, олар қалай жұмыс істейді?

Мағауия Сарбасов:

– Қазіргі кезде қандастардың ата­жұртқа қоныс аударуын екі жағдайға бөліп қарауға болады. Біріншісі – алыс­тағы ағайын өзі тұрған елінде құжат­тарын әзірлеп, дайындықтарын жасап, жағдайды алдын ала зерттеп білмей, Қа­зақстандағы туыстарына қосылу үшін тәуекел етіп, өз тарапынан көшіп келіп жатыр. Екіншісі – қандастарымыз бала-шағасын, дүние-мүлкін аман-есен елге жеткізіп, «қандас» мәртебесін алып, бас­­пана тауып, тұрақты тіркеуге тұрып, квота бойынша белгіленген көмектер мен Қазақстан азаматтығын алып, алдын ала белгіленген алгоритм бойынша жүреді.

Қандастарымыз Қазақстан азамат­тығын елге келген бойда бірден алғысы келеді. Олардың арасында қаржылай көмек немесе тұрғын үй сұрап жатқан ешкім жоқ, басты талаптары «бізге жер берілсе, кәсіп қылып, ауыл ша­руа­шылығымен айналысуға мүмкіндік жасалса екен» дейді.

Соңғы уақытта шетелдегі ағайын­дардың көші айтарлықтай азайды. Оның түрлі себебі бар. Дегенмен басты мәселе – Көші-қон қызметінің жұмысында ол­қылықтар көп. Осы орайда көші-қон мәсе­лесі жүйелі түрде мемлекеттік дең­гейде ұйымдастырылатын аса күрделі жұмыс екенін ұмытпауымыз қажет.

2006 жылғы 1 наурызда Елбасының «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын» іске асыру мақсатында Үкімет қаулысымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің қандастарды бейімдеу және кіріктіру орталықтары жұмыс істей бастады. Атап айтсақ олар Түркістан облысының Ақсукент ауылында, Шым­кент және Қарағанды қалаларында ашылды. Үкімет 2010 жылғы 2 маусымда Ақтау қаласында «Қандастарды бейімдеу және кіріктіру» орталығын құрды. Қазіргі кезде бұл орталықтар мемлекеттік қызмет көрсету стандарты бойынша жұмыс істемейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрінің бұйрығымен облыс­тар­да «Уақытша орналастыру орта­лық­тарын» құру облыс әкімдіктеріне жүктелді. Қазір қандастарды уақытша бейімдеу орталықтары жұмыс істемейді. Өкініш­ке қарай, кейбір өңірде қандастарды уақытша бейімдеу орталығы болса да, стандартқа сай емес деген сылтаумен жұмысын тоқтатқан. Бірақ кейбір облыстарда орталық қызметкерлері деген штат қарастырылған, олардың қандай қызмет көрсетіп жатқаны бізге беймәлім. Осылайша, жергілікті әкімдіктер осы мәселеге немқұрайды қарап отыр. Біз әр облыс әкімінің қандастар мәселелерімен айналысатын кеңесшісін тағайындау туралы ұсынысты Үкіметке жолдадық. Олар өңірлердегі, ауылдардағы түйткілді мәселелерді шешуге тікелей ықпал ете­тін еді. Бұл ұсынысқа Солтүстік Қазақ­стан, Алматы, Павлодар облыстары дереу қолдау көрсетіп, кеңесшілерін тағайындап үлгерді. Басқа облыстарда үміткерлерді іріктеуге кірісіп жатыр.

Негізі бейімдеу және кіріктіру орта­лықтарының жұмысын жақсарту туралы «Халықтың көші-қон туралы» заңында атап көрсетілген. Осы тұрғыда Елбасының тапсырмасы, Үкіметтің қаулысы, «Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы» да бар.

Біз айтып отырған орталықтардың басты міндетінің бірі – шеттен келген қандастарымызды жаңа ортаға бейім­деу, кіріктіру тұрғысында ұйым­­дастырылатын кешенді шаралар­ды өткізу, қандастарға Қазақстан заң­да­рынан түсініктеме, құқықтық ақыл-кеңес беру­мен қатар қоныстанатын ауыл, ауда­нының әлеуметтік экономикалық және климаттық жағдайлары туралы тұрақты ақпарат беру. Бұл шын мәнінде, елге жаңа келген азаматтар үшін өте қажет ақпарат.

– Халықтың арнайы бағдарлама арқылы басқа өңірлерге қоныс аудару процесінде азаматтық қоғамның рөлі де аса маңызды. Еліміздің солтүстік өңіріне қоныс аударғысы келетіндерге қолұшын созып жүрген бір топ ерікті бар. Осы орайда, сөз кезегін осы ба­ғытқа үлес қосып жүргендердің өкіл­дері – Серік Әлтаев пен Берік Қалмұ­ратовқа берсек. Сіздер аталған қоз­ға­лысқа қатысып жүрген жанның бірі ре­тінде қордаланған мәселесі көп атал­ған салада азаматтық қоғамның орнын қалай айқындар едіңіз?

1

Серік Әлтаев:

– Мен Арыс қаласынан Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауда­ны Подгорное елді мекеніне жеті ба­лам­мен қоныс аудардым. Жаңа мекен­ге орналасқаннан кейін неге осы бағ­дарламаны үй-жайы жоқ, пәтерден пә­терге көшіп жүрген адамдар пайдаланбайды деген ой келді. Сонда мәселенің бір ұшы ақпараттандыруға келіп тірелетінін түсіндік. Себебі, адамдарға мемлекеттік органдардың ресми жауабынан гөрі, осы бағытпен жүріп өтіп, Солтүстік аймақта орнығып, бейімделіп кеткен отбасылардың тәжірибесі әлдеқайда тартымды. Осы ретте азаматтық қо­ғам ұйымдастырушылар мен қоныс аудар­ғысы келетін тұрғындар арасында дәне­кер бола алатынына көз жеткіздім.

Қойылатын сұрақтардың дені ауа райына байланысты. Бірінші кезекте «суық емес пе?» деген сұрақ қойылады. Екінші, әрине тұрақты жұмысқа орналасу мәселесі қозғалады. Одан кейін барлығын баспана жайы қызықтырады. Қоныс аударушылар мемлекет уәде еткен жағдайдың бәрін толық алады. Мал шаруашылығымен айналысатындар «маған қосымша жер бере ме?» деп те сұрап жатады. Шаруа қожалық ашып, не кәсіпкерлікпен айналысып жатсаңыз алуға болады деп түсіндіреміз. Мемлекет бекітіп қойған субсидия тағы бар.

 

1

Берік Қалмұратов:

– Серіктің сөзіне қосыламын. Не жұмысы, не үйі жоқ адамдар мүмкіндіктер жайлы ақпарат іздей бастаған кезде қайдан бастарын білмей дал болады. Әкімдікке, басқа да мемлекеттік органдарға барып сандалып жүреді. Ауылдық жерлерде тұратындарының, тіпті аудан орталығына баратын мүмкіндігі жоқ. Осы кезде көмекке азаматтық қоғам келеді. Бұл өзі қоғамның заңдылығы.

Мен Қостанай облысына 2019 жы­лы ақпан айында Түркістан облысы, Орда­басы ауданынан қоныс аудардым. Өткен жылы менен кейін біздің округке тағы бір отбасы көшіп келді. Ал биыл тағы бірі қоныс аударды.

– Сіздерге қиындықтарын неме­се туындаған мәселелерін айтып шағым­­данатындары бар ма? Волонтер ретін­де қандай әрекеттер жасайсыздар?

Серік Әлтаев:

– Біз жергілікті билікпен байланыс орнатып үлгергенімізді айттық. Кей­бір мәселерді көтеріп, оны осын­дағы атқарушы билікке жеткізетін мүмкіндігіміз бар. Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданына қоныс аударған тұрғындарға әкім «ұнамаса кетіңдер, жол шығынын өзім өтеп бере­мін» деп, бір даудың шеті шыққан еді. Сол мәселені қозғап, шешімін табуға тырыстық. Кейбір әкімдер мемлекет бекіткен шараға немқұрайды қарап жатады. «Суды өздерің тартып алыңдар», «Материалын береміз, үйді өздерің жөн­деп алыңдар» деген әңгімелер айтып, міндеттемелерін орындамай жатады. Аққайыңдағы мәселе шешімін тапты деп ойлаймыз. Жөндеу жұмыстары бас­талды, жер қатқанша суын жүргізіп береміз деп отыр. Шамамыз келгенше бақылауда ұстап отырмыз. Жергілікті халық дән риза. Ал Айыртау ауданына қоныс аударғандардың ауыз суға жете алмай отырмыз деген шағымын облыс әкімінің әлеуметтік мәселелері жөніндегі орынбасарына жеткіздік. Аудан әкімі ол кісілерді қабылдауына шақырыпты. Енді бұл мәселе де шешімін табатын шығар. Жер ауыстырып, жаңа орынға сіңісу оңай емес. Көп нәрсе адамның дайындығы мен шыдамдылығына келіп тіреледі. Қоныс аударушыларға мемлекет бөлген субсидияны 2-3 ай ала алмай жүретіндер де бар. Осы мәселелерді билік өкілдеріне жеткізіп жатырмыз. «Көш жүре түзеледі» демекші, кез келген қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін.

– Солтүстік өңірге қоныс аударғы­сы келетін отбасыларға көмек көрсете­міз деген бастама қалай пайда болды? Жер­­гілікті атқарушы билікпен кері бай­­ланыс бар ма?

Серік Әлтаев:

– Facebook желісі арқылы бір қауым болып бірігіп, өмірде қиын жағдайға ұшыраған отбасыларға қаржылай көмек­тесіп жүретінбіз. Бірақ бұл көмегіміз ол кісілердің әлеуметтік мәселесін түбе­гей­лі шешпейтінін түсіндік. Адамға балық емес, қармақ бер деген қағида бар. Сол себепті осы мемлекеттік бағдарламаның үгіт-на­сихатына маусым айынан бастап белсене кірістік. Негізі осы мәселе төңірегінде ақыл-кеңесімізді өткен жылдан бері әр жерде беріп жүретінбіз. Басында 5 адам «Жаңа аймаққа көшу» чатын жүргізіп жүрдік. Кейіннен қатарымыз толып, 15 шақты волонтер тізе қосып жұмыс істей бастадық. Қазір барлық әлеуметтік желіде чат ашып қойдық. Қоныс аударған отбасылардың тұрмыс-тіршілігін салып отырамыз. Шама-шарқымыз келгенше барлық сұрақтарға жауап беруге тырысамыз. Бұл еңбегімізді сауапты іс деп санаймыз. Бізге бақытты отбасылардың алғысы жетіп жатыр.

Халықты жұмыспен қамту орталық­тары және әкімдіктермен байланысымыз бар. Барлық ауданмен толық қарым-қатынас орнатып үлгермесек те кейбір аудандардың мамандарын әлеуметтік желідегі топтарға қосып қойдық. Біз – ақпаратты, хабарды жеткізушіміз. Қызығушылық танытқан адамды маманмен байланыстырамыз. Мемлекеттік бағдарламалардың жаңалықтары көпші­лікке жете бермейді. Әсіресе, карантин кезінде халықты шақыру мәселесі қиындап кетті. Сол кезде Жұмыспен қам­ту орталықтарынан көмектесу туралы өтініштер түсті. Жақында, Жамбыл ауданының мамандары хабарласты. Қостанай облысынан да қандай мамандар керек екенін айтып отырады. Қоныс аударуға ниетті отбасыны ма­манмен байланыстырған соң біз ара­ға түспейміз. Осылайша жемқорлық, осының арқасында пайда көріп жүр деген сөздің болмауын қадағалаймыз. Құжат тапсыру кезеңінде байланысты үземіз. Одан кейін қоныс аударғандар өздері келіп осы топтың арқасында көшіп келдік деп алғысын білдіріп жатады. Қалай орналасқанын, қандай үй берілгенін бақылауда ұстап отырамыз, әрине.

Берік Қалмұратов:

– Мен белсенділер қатарында жүрсем де, чатта сұрақтарға жауап беруге қыз­метіме байланысты көбіне мүмкіндігім жоқ. Сарыкөл ауданындағы Сорочинка селолық округінің әкімі ретінде бізге қандай мамандар керек екенін айтып отырамын. Қызыққандарымен әрі қарай өзім жұмыс істеймін. Жақында тағы екі отбасы келіп, ауыл-аймақты көріп кетуді жоспарлап отыр. Біреуі – медицина қызметкері, екіншісі – бастауыш мұғалімі. Бізде бос жұмыс орны болмаса, басқа аудандардан сұрап білемін.

Мен мемлекеттік қызметте жүрген­дік­тен тікелей барлық кезеңге қатыса алмаймын. Алайда бос жұмыс орнына орналастыру, үй беру мәселелерінің басы-қасындамын. Мәселен, біздің ауылдағы мектепке мұғалім керек, мектепке оқушылар қажет. Осы хабарды еріктілер арқылы халыққа таратамын. Биыл еріктілер тобының арқасында Сорочинкаға жеті баласы бар отбасы Талдықорғаннан көшіп келді. Жұмысын, үйін дайындап қойдық. Жергілікті жердің ерекшелігі жайлы да айтып түсіндірдік. Қоныс аударған отбасылармен байланысымыз үзілмейді. Олар ауылға бейімделіп кеткенше көмектесіп, қолдап отырамыз.

– Әңгімелеріңізге рахмет.

 

P.S. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан бері осы күнге дейін бас-аяғы 962 703 қандасымыз Қазақстанның азаматтығын алыпты. Бұл көрсеткіш көңілге жылылық ұялатқанымен, оған тоқмейілсуге болмайтындай. Өйткені, сырт елдерде әлі миллиондаған қандасымыз жүр. Сондықтан оларды атамекенге тарту ісі, ішкі көші-қонды үйлестіру мәселесі әсте бәсеңдемеуі тиіс. Бұл айналып келгенде еліміздің бүгіні мен болашағы үшін, ұлттық қауіпсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымыз үшін, тәуелсіздігімізді нығайта түсу үшін аса маңызды. «Көп халық жоғалмайды көптігімен, Мықты болмай болмайды ал біздерге» деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, мықтылығымызды көрсете отырып, ол қасиетті атажұртта халқымыздың ұпайы түгел болуына ұштастыра білгеніміз абзал.

  

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Рауан ҚАБИДОЛДА,

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»