Әлем • 19 Қазан, 2020

Қырғызстандағы ахуал әлі күрделі

198 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетіп, оның орнына премьер-министр Садыр Жапаров мемлекет басшысының лауазымын уақытша атқармақ. Алайда көрші елдегі жағдай мұнымен тұрақталды деп айтуға әлі ерте сияқты.

Қырғызстандағы ахуал әлі күрделі

 

С.Жээнбеков 15 қазан күні Қыр­ғызстан азаматтарына елдегі қалып­тасқан қоғамдық-саяси жа­ғдайға бай­ланысты үндеу жасады. Онда президент саяси ахуалдың тұрақ­­танбағанына байланысты осындай шешімге келгенін мәлімдеді.

«Еліміздің астанасы Бішкек қаласында қоғамдық-саяси жағдай күрделі болып отыр. Кеше Жоғарғы кеңес үкімет құрамын бекітті, мен Қырғыз Республикасы президентінің тиісті тағайындаулар туралы жар­лығына қол қойдым. Бірақ бұл шие­леніскен жағдайды қалпына ке­л­тір­меді. Өкінішке қарай, агрессия азай­маған. Менің тез арада отставкаға кетуімді талап етіп жатыр. Қазіргі жағ­­д­ай екіжақты қақтығысқа жақын. Бір жағынан – наразылық білдіру­ші­лер, екінші жағынан – құқық қор­­ғау­шылар. Әскери қызмет­кер­лер мен құқық қорғау органдары Мем­лекеттік резиденцияны қор­ғау үшін қару қолдануға мін­детті. Мұн­­дай жағдайда қан төгіле­тіні сөзсіз. Мен екі тарапты да аран­дату­шылық­қа берілмеуге шақыра­мын», деді С.Жээнбеков.

Сондай-ақ ол Қырғызстандағы бейбітшілік, ел бүтіндігі, халықтың бірлігі мен қоғамдағы тыныштықты бәрінен жоғары қоятынын жеткізді. Сондықтан осындай қадамға барып отырғанын айтты.

«Мен үшін әрбір отандасымның өмірінен асқан ештеңе жоқ. Мен билікке таласпаймын. Қырғызстан тари­­хында өз азаматтарына оқ жау­ды­рып, қан төккізген президент ретін­де қалғым келмейді. Сондық­тан мен отставкаға кету жөнінде ше­шім қабылдадым. Жапаров пен ба­сқа саясаткерлерден өз жақтас­тарын ел астанасынан алып кетіп, Бішкек тұрғындарына бейбіт өмір­ді қайтарып беруді сұраймын. Еш­қандай билік еліміздің бүтіндігі мен қоғамдағы татулықтан артық емес» делінген үндеуде.

Естеріңізде болса, 4 қазанда Қырғызстанда парламенттік сайлау өткен-ді. Дауыс берудің қорытын­ды­сына сәйкес, парламентке 4 партия өтіп, «Биримдик» партиясы – 46, «Мекеним Кыргызстан» партиясы – 45, «Кыргызстан» партиясы – 16, «Бүтүн Кыргызстан» пар­тиясы 13 депутаттық мандат ие­лен­ген-ді. Бірақ оппозициялық пар­­тиялар сайлау нәтижесімен келіс­пей­ті­нін білдіріп, митингке шықты. Осылайша «Алатау» алаңына жи­налғандар әуелі дауыс беру қоры­тындысын жоққа шығарып, қайтадан сайлау өткізуді талап еткен. 5 қазан күні наразылар президент резиденциясын басып алды.

Шерушілердің бір тобы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратына шабуыл жасап, тергеу изоляторында жатқан бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты шығарды. Сондай-ақ таң атқанға дейін түрмеде жатқан бұрынғы премьер-министр Сапар Исаковты, бұрынғы депутат Садыр Жапаровты босатып алды.

Елдегі бей-берекетсіздік мұны­мен біткен жоқ. Алаңға атой­лап шық­қан айыр қалпақты ағайын мемлекеттік мүлікті талан-тараж­ға салуға да кірісіпті. Мұндай бей­бас­тық жалғаса берер ме еді, кейіні­рек еріктілер тонаушыларға қарсы топ құрып, маңызды нысандарды қорғауға алды.

Сондай-ақ осы күні Жоғарғы кеңестің депутаттары екіге бөлініп, жиындарын өткізді. Олардың бір тобы Жоғарғы кеңестің спикері Дастанбек Жұмабековтің, үкімет басшысы Кубатбек Бороновтың өз ықтиярымен қызметінен босату туралы өтінішін қабыл алып, Жоғарғы кеңестің төрағасы етіп бұрынғы депутат Мықтыбек Абдылдаевты, үкімет басшысы етіп Садыр Жапаров­ты тағайындады. Кейінірек Жоғар­ғы кеңестің төрағасы болып Қанат Исаев сайланды.

Дегенмен кейінірек С.Жапаров­тың премьер-министр лауазымына сай­лануы заңсыз екенін алға тарт­қан­дар көп болды. Өйткені пар­ла­мент отырысында қажетті кво­рум жи­налмаған. 14 қазанда депутат­тар­дың кезекті отырысы өтті. Онда Жапаров­тың үкімет басшысы лауазымына кандидатурасы мақұлданды. Бекі­ту туралы қаулы президентке жібе­рі­ліп, оған С.Жээнбеков қол қойды.

Ал 15 қазанда С.Жапаров пре­зи­дент лауазымын уақытша атқа­ру міндетін өз мойнына алғанын хабарлады. Ол бұл сөзін үкімет үйі жанындағы митингіге қатысушы­лармен кездесуде айтты.

«Президент Сооронбай Жээн­беков отставкаға кету туралы өтініш жасады. Жоғарғы кеңес спикері Қанат Исаев та президент міндетін атқарудан бас тартып, ол да өтініш жазды. Президенттің және премьер-министрдің құзыреті маған өтеді», деді С.Жапаров.

Осы орайда Қазақстанның Сырт­қы істер министрі Мұхтар Тілеу­берді көрші елдегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, ондағы жағдайдың тұрақ­талып келе жатқанына риза­шылық білдірді.

«Көрші мемлекеттегі оқиғаларды тек қана ішкі мәселесі ретінде қарас­тыра отырып, жаңадан құрыл­ған үкіметті қазіргі күрделі саяси жағ­дайда өз әрекеттерін тұрақтылық, құ­қық үстемдігі, қоғамды бірік­ті­ру, эко­номикалық даму үшін жағ­дай жа­сауға бағыттауға шақыра­мыз. Елдің барлық саяси күштері­нің Қыр­ғыз Республикасы Конститу­ция­сы­ның нормалары мен қағидаттарын қа­таң сақтай отырып, дағдарыс жағ­дайы­нан абыроймен шығуға мүмкін­дік беретін сал­мақты және іскер шешім­дерді із­деу­ге бар күш-жігерін жұмсай­ты­нына үміт артамыз» делінген хабарламада.

Алдын ала есептеу бойынша, Қыр­ғыз­стандағы саяси тұрақсыздық сал­­дарынан 10 қазандағы шығын кө­­лемі 8 млрд сомды құрады немесе бү­­кіл ел бойынша 104 млн долларға жуық кірістен қағылды. Мұндай де­рек­­тер­ді Қырғызстан бизнес-қа­уым­дас­­­тығы ұлттық альянсы ұсынып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, шамамен 210 млн долларды құрайтын жиыр­мадан астам келісімшарт пен биз­нес-жобалардан қағылған. Сая­си тұрақсыздық салдарынан мил­лиард­т­аған сом жоғалтып, жұмыс­сыз­­дық, салықтар мен төлем­дер жо­с­­пары көбейіп, елдің әлеу­меттік-эко­­но­­мика­лық жағдайы нашарлауы мүмкін.