Өңірдің басты су көздері – Жайық, Шаған, Деркөл, Сарыөзен, Қараөзен бастауын жоғарыдағы Ресей Федерациясынан алады. Бұл өзендердің қай-қайсысының да кемері соңғы кезде кеміп, жылап ағатын болды. Оның бір себебі кейінгі жылдары қайталанып отырған құрғақшылық болса, суды бастауынан буып, саудаға салып отырған көрші мемлекетке қылар қауқар тағы жоқ.
Жайықтың жанайқайын жақында ғана жазғанбыз. Облыстың оңтүстік бөлігінде жатқан бұрынғы Бөкейлік, қазіргі Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандары тікелей Ресейден келетін суға мұқтаж. Бұрын Қараөзен мен Сарыөзен көктем мен күзде тасып ағып, Нарын құмының шетіне дейін шалқып жататын. Әйгілі Қамыс-Самар көлдері, аққу ұшып, қаз қонған айдындар, Махамбет жырлаған «қоғалы көлдер, қом сулар» бүгінде көзден бұл-бұл ұшқан.
«Бұрын Жаңақала аумағында үлкенді-кішілі 16 көл бар еді. Соңғы үш жыл ішінде екі-ақ көл қалды, қалғаны құрғап кетті. Бұған негізгі себеп – Жайық өзенінің деңгейі төмендеуінен». Бұл – қуаңшылықтан ең қатты зардап шегіп отырған Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің сөзі.
Бірақ ақиқатын айту керек, Жайық өзені Жаңақалаға қарай ақпайды, Каспийге құяды. Жайықтың суын жасанды арналар арқылы оңтүстік аудандарға бұру – адам қолымен жасалған әрекет. Қамыс-Самар көлдерінің негізгі қорегі, табиғи тынысы жоғарыда айтылған Сарыөзен мен Қараөзен болатын.
Шөлдеген мал, шарасыз шаруа
Күні кешеге дейін Жаңақала ауданы салыстырмалы түрде алғанда Батыс Қазақстан облысының ең бақуатты өңірі саналды. Ауданның негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Мұнда 24 мыңдай халық тұрса, 518 шаруа қожалығы тіркелген. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, мал басы тұрақты өсіп келеді. Қазіргі таңда Жаңақала ауданы бойынша 70 919 бас сиыр, 182 028 қой-ешкі, 27 960 жылқы және 659 түйе бар екен. Биылғы 8 айда ауданда 8 122,0 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Шаруалар малын асылдандырып, соңғы үш жылда алыс-жақын шетелден асыл тұқымды 3 584 сиыр, 426 қой, 56 жылқы сатып алыпты.
Алайда осы жетістіктің бәрі су тапшылығынан құрдымға кетуі әбден мүмкін. Шаруалар қазірдің өзінде дабыл қағып, берісі аудан әкімі, әрісі республикадан көмек сұрауда.
– Мал ішетін су жоқ. Соңғы екі жылдан бері көріп келе жатқанымыз осы. Аудан әкіміне талай бардық, бірақ аудан әкімдігі деңгейінде шешілетін іс емес. Мыңдаған мал балшыққа батып қырылатын түрі бар. «Су жоқ, Ресей бермей жатыр» дейді, бірақ ауылдағы қазақ малсыз отыра алмайды ғой. Қалай болғанда да бұл мәселе тезірек шешілуі керек. Өте қиын болып тұр, – дейді Жаңақала ауданының тұрғыны Жеңісбек Ахметов.
Әділбек Жанболатов та Жаңақала ауданының тұрғыны, Қоңырсай арнасының жағалауында мал ұстап отырған Оңсары деген шаруа қожалығының иесі.
– Өзекті мәселе – су келмей жатыр. Жылдан-жылға мал ішетін су жоқ. Биыл шөп те, мал азығы да тапшы. Шөпті басқа ауданнан болса да сатып алармыз, ал суды қайтеміз?. Су өте тапшы. Биыл жаз бойы үш құдық қаздық. Алғашында шыққан су алғау, аз-маз ашылау еді. Кейін тіпті удай болып кетті. Үкіметтен көмек сұраймыз, – дейді Әділбек Жанболатұлы.
Әділбектің шаруашылығында 100-ге тарта сиыр, 400-дей қой, 5-6 үйір жылқы бар. Бүгінде осы малдың су ішемін деп барып балшыққа батып қалуы көбейген. Тіпті күн сайын деуге болады.
«Мемлекеттің өзі мал шаруашылығын дамыту керек» деген соң бәріміз несие алдық, төрт түлік малды көбейттік. Сол малдың төлімен несиемізді жауып отыр едік. Алда не болатынын білмейміз. Қиын болғалы тұр» дейді жаңақалалық шаруалар.
Халықтың талабы
Жақында Жаңақала ауданының тұрғындары мен шаруа қожалықтары басшылары бірігіп, мынадай арыз жазды:
«Биыл жыл басынан бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты ауданда мал азығын дайындау, малды суару жағдайы күрделі мәселе болып отыр. Биыл ауданға судың аз мөлшерде берілуіне байланысты суды тек малдың ішуіне пайдаланып, шабындық, көлдіктерге шығармау жөнінде келістік. Барлық шаруа қожалығы осы келісімді ұстап келдік. Алайда қазіргі таңда Көшім каналынан келетін су өз деңгейінде баратын жеріне жетпей, Жалтыркөл көлі құрғап қалды. Қазталов ауданы, Талдыапан елді мекені, Қайша құдық каналы арқылы келетін су мүлдем жоқ. Атап айтқанда, Пятимар ауылдық округі Аққұс елді мекенінен бастап Мастексай ауылдық округі, Мұқыр елді мекені аралығындағы каналдар түгел құрғап, сол каналдардың іргесінде орналасқан елді мекендер мен шаруа қожалықтарына су жетпей, мал бағу қиындап отыр. Осы жағдайды облыс басшысына немесе Үкімет басшыларына дейін жеткізіп, су мәселесін шешіп беруіңізді сұраймыз».
Шарасы таусылып, шегінерге жер қалмаған жаңақалалық шаруалар аудан әкімімен бірнеше мәрте кездесіп, өңірге келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевке де мәселені төтесінен қойды.
– Жаңақала ауданының суландыру жүйесі негізінен Көшім, Қараөзен мен Сарыөзенге байланысты. Ал бұл өзендердің су көлемі Ресей Федерациясы аумағында орналасқан су қоймаларындағы су қорына тікелей тәуелді. Соңғы 3 жылда осы өзендерден келетін су көлемі өте аз болғандықтан ауданда су тапшылығы байқалып отыр, – дейді аудан әкімі Н.Қарағойшин.
Жаңақалада су тапшылығы соңғы бірнеше жылдан бері қайталанып отыр. Неге мәселе дер кезінде шешілмейді? Неліктен алдын ала қам жасалмайды?
Биыл мал азығы тапшылығынан шөптің бағасы аспандап кетті. Әлі жеткен қожалықтар алыс аудандардан тасып әкелуде. Неге аудан басшылары осы істі орталықтан ұйымдастырып, малшыларға көмектеспейді? Жоғарыдағы қиындықтар себебінен шаруалар банк алдындағы несиесін уақытында төлей алмай қалу қаупі төніп тұр. Мұндай жағдайда оларға жеңілдік, несие каникулы бола ма? Әлде әркім өз қайғысымен бетпе бет қала бере ме?
Міне, ауыл халқын алаңдатқан мәселе осы.
– Жаңақалада адал еңбек етіп, несие алып, мал басын көбейткен шаруалар көп. Бірақ олардың алдағы қыстан қалай шығатыны белгісіз. Мемлекет тарапынан, жоғарыдан қолдау болмаса, қазіргі қысылтаяң халден қалай шығатынымызды түсінбеймін, – дейді ауыл кәсіпкері Талғат Бәйкенов.
Күткен су келе ме?
Негізі, Қараөзен мен Сарыөзенге Ресей жағынан келетін су қаржыға ғана тіреліп тұр. Ақысы төленсе, орыстар суды сол сәтте қажетті көлемде жіберуге әзір. 2020 жылы Қараөзен мен Сарыөзенге су сатып алу үшін республикалық бюджеттен 1 439,0 млн теңге бөлінген. Бұл 80,3 млн текше метр су алуға жетеді. Ал Батыс Қазақстан облысы қосымша тағы 1 млрд теңгенің жобалық құжатын жасап, республикадан қаржы сұраған. Бұл жыл басынан бері көтеріліп келе жатқан, әзірге шешілмеген мәселе болатын. Қазіргі қиын жағдай, жаңақалалық шаруалардың жанайқайы тиісті орындардың құлағына жеткен тәрізді.
– Биыл Ресейден қажетті су мөлшерін алу үшін республика бюджетінен Батыс Қазақстан облысына 2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі жағдайды ескеріп, тағы да қолдап отыр, шешім шықты. Ресей тарабы біздің өзендерге су беруді әдетте қазан айында тоқтататын еді. Биыл 24 қарашаға дейін созып отыр. Қазір 3 текшеметрге дейін су беріліп жатыр. Бұйырса 1-2 аптада су болады, – дейді облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев.
Статистикалық деректерге қарасақ, Жаңақала ауданында өзін өзі жұмыспен қамтушылардың саны былтырғыдан азайған. Өзен-көл тартылып, орнында қалған тұзды топырақ ауаға ұшып, экологиялық апаттың да ауылы алыс емес сияқты.
«Қоғалы көлдер, қом сулар,
Кімдерге қоныс болмаған?!», деп Махамбет жырлаған құтты қоныс, балығы тайдай тулаған барақатты өлке – Жаңақала жеріне көмек керек. Шұғыл.
Батыс Қазақстан облысы