Тарих • 19 Қазан, 2020

Бақты туралы біраз сөз

4084 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласы – өткені­міз­­ді саралап, тарихымызды толық түгендеуге жол ашқан жоспарлы да жүйелі еңбек. Жал­пы, қазақ тарихы ежелден ержүрек батыр бабаларымыздың даңқты есімдерімен, соларға жайлы тұрақ болған көне қоныстармен тікелей байланысты баяндалады. Кеңес өкіметі қазақты отарлауда алдымен осы екі құндылықты жоюдан бастады. Ең бірінші Алаштың ру-тай­па­лары ғасырлар бойы мекендеп келген құтты қоныстардан қазақ ауылдарын ығыс­тырып, олардың атауларын өзгертсе, кейін тарихта елеулі орны бар қай­рат­кер тұлғалардың есімін бүркемелеуді күшейтті. Сол сұрқай саясаттың зарда­бын бүгінгі ұрпақ әлі тартып отыр. Көптеген қазақы атау ұмыт болып, ескі де есті сөздер жаңа буынның жадынан мүлде жоғалып барады. Осы ретте ортал­ық Қазақстан өңірі бойынша Арқаның бес қазылығына кіретін Кент қазылығы мен Боқты қазылығының ортасында орналасқан қазіргі Бақты ауы­лының арғы-бергі тарихына, онда орын алған ірі-ірі тарихи оқиғалар тура­лы айтқымыз келеді. Көп жұрт бұл Бақтыны Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы ауылмен жиі шатастырады. Айтпағымыз, бұл Бақты ол Бақ­тыдан өзгерек.

Бақты туралы біраз сөз

Суретті түсірген Мақсат Тәңірбергенов

Боқты таулары

Жалпы, Арқадағы он екі қазылықтың бес қазылығы осы өңірлерге тиесілі. Атап айтқанда, Кент қазылық, Боқты қа­зы­лық, Қарқаралы қазылық, Қарағай­лы қазылық, Қу қазылық. Бақты – осы Боқты қазылықтың бауырындағы ауылдың қа­зіргі атауы. Асан қайғы бабамыз бұл мекен туралы тамаша сипаттай ке­ліп: «Он екі тұтам ой Түндік» деп баға беріпті. Түндік деп отырғаны ауыл­дың солтүстік-шығысымен сонау Ертістің Қарасор сағасына дейін барып құятын үлкен өзеннің аты. Ал Бақ­тының оңтүстік-батысымен Қадыр өзені ағады. Сондай-ақ шағын-шағын Көшек, Байжомарт деген көлдері де бар. Кеңес заманында Бақтының жер көлемі 140 мың гектар болыпты. Оның 11 400 гектар жері егістік, 5 мың гектар жері ша­бындық. Әуелде совхоз іргесі 1962 жылы асыл тұқымды қой шаруашылығы бо­лып құрылады. Ал совхоз болып құ­рыл­ғанша ауылдың Абыз деген бө­лім­шесі Ленин колхозы, Молдахан деген қыстағында Жөншілік деген кол­хоз, қазіргі Бүркітті ауылы жағына қарай Жәнібек деген колхоз болыпты. Былайша айтқанша, Бақтының қазіргі тер­риториясы бұрынғы үш колхоздан құралған. Кеңес өкіметі құлағанға дейін алпысқа жуық қыстағы болған. Сол қыс­тамаға қырық мыңға таяу қой түсіп, жаз­да төлдегенде алпыс-жетпіс мыңға дейін көбейеді екен. Қой тұқымы бұ­рынғы асыл тұқымды Жайдары қойы, кейіннен ол тұқымды Еділбай тұ­қы­мы­мен алмастырған.

 Бақтыға қыста келген адам бірден байқауы мүмкін, ауылдың үстінде қар көп жатпайды. Оның бір себебі, бұл өлке әуелден асты қазба-байлыққа то­лы қазыналы мекен. Бүгінде Абыз бө­лім­шесінен алтын өндіріп жатса, ірге­сін­дегі Кентебе кен орнынан темір шы­ғады. Ал Өмірбай деген қыс­та­ғы­ның астынан көмірдің мол қоры анық­тал­ған. Тіпті солтүстігіне қарай Қали, Еш­кі­өлмес, орта Қарашатау, кіші Қара­ша­тау жағынан болашақта марганец өндіреді деген де болжам бар.

Жалпы, бұл өңірдегі таулардың тасы басқа тастарға қарағанда әлдеқайда ауыр, сұрғылт келеді. Бұл құрамында түрлі түсті металдардың көптігін көрсетсе ке­рек. Тауларына келер болсақ, ауыл қа­зірде Дуанбай деп аталатын таудың ете­гіне қонған. Дуанбай тауы ескі жазбаларда Долағай тауларының сілемі деп те айтылады. Ауылдың шығысында Серек деген тау бар. Бақты ауы­лы жоғарыда айтып кеткен Кент таулары мен Боқты тауларының ортасында орна­ласқан, табиғаты өте сұлу, шұрайлы мекен. Томар ауылына қарай Арқалық тау­лары да Бақтының биік шоқылы сі­лем­деріне жатады.

Ал енді осынау сулы да нулы мекенді патша заманына дейін Орта жүздің соңғы ханы Бөкейдің әулеттері төлеңгіттерімен, басқа да ірі-ірі рулар қоныстанған. Төре тарихының шежіресін тамаша тарқатып кеткен Тілепбек ақсақалдан тарихшы Арман Қият жазып алғандай: «Бақтыдан Егіндібұлаққа қарай 10-15 шақырым жерде «Хан кеңесі» деп аталатын жер бар. Дәл сол жерде 1754 жылы күздігүні ақ түйе сойылып, көк қасқа жылқының еті елге таратылып, үлкен той болады. Он төрт жасар Бөкейді он алты рудың басшылары жиналып, ақ киізге салып, хан көтерген деседі. Бұл жерді ел «Берікқара сахарасы» деп те атайды». Оқып отырғанымыздай, орта жүздің ханы Бөкей хан осы өңірде хан болып сайланған болып тұр. Бұл да кейінгі тарихшылар үшін таптырмас тың дерек деуге болады. Бөкейді хан көтерген аймақ болған соң, әлбетте хан әулетіне тиесілі жерлер төреден тараған сұлтандардың атымен аталады. Айталық, Мейірхан, Батылхан, Қоңыр, Молдахан, Жошы қыстауы, Әбілғаппар, Бопы, Шәлжан, Әбілез, Әдеш, Әзіхан, Ыбыш деген қыстауларда заманында төрелер отырған. Сондай-ақ Смахан төренің жазуынша, Бөкей хан Талды өзені бойында «Босаға» деген жерде кіші баласы Әлеке байдың қолында қайтыс болыпты. Кентте «Ханның қара төбесі» деген жерге әкесі Бөкей ханды Әлеке сұлтан аманат қылған. Хан сүйегін сіргелі Сарыбай былғарыға тігіп, сыртын сазбен сылап сөрелеген екен. Кейін аманатты арбаға артып, хан сүйегін Түркістанға жерлетеді. Бүгінде ханды сөреге қойған тастар қойнына қоңыр тарихты бүгіп әлі де қара төбеде қасқайып тұр деседі.

Ал енді бұл өлкеге білім-ғылым шамын жағу жағына келсек, бұл істе де жоғарыда есімдері аталған төре тұ­қым­дары айрықша қызмет еткен. Аға сұл­тан Құсбек төренің баласы Қоңыр сұлтан заманында Бақтыда мектеп сал­дырт­қан екен. Ол мектептің қабыр­ға­ла­ры 1958 жылға дейін сақталған. Одан бөлек бұл төңіректе тағы екі мектеп болыпты. Ол мектептерді де Бөкейдің баласы Тәуке сұлтанның ұлдары Жошы мен Молдаханның (Молдахан Жошы сұлтанмен егіз туған) баласы Құсайын салыпты. Құсайын Бішкекке дейін кіре тартқан үлкен саудагер екен, оның сал­дырт­қан мектебі тіпті үлкен болған десе­ді. Аталған мектептердің орындары да әлі күнге дейін сақталған.

 

Әлихан Бөкейханның атасы атаусыз жатыр...

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, етек-же­ңі­міз­ді енді жинап жатқан уақытта осы істерді кезең-кезеңімен жүзеге асырудың айрықша мәні зор. Кезінде Алаштың арыс азаматы Әлімхан Ермекұлы Ле­нин­мен алты сағат әңгімелесіп, қазақ шекарасын бекіткен тұста осындай қорымдарды, қыстаулардың қазақша жер-су аттарын негізге ала отырып қазақ сахарасын қорғап қалған жоқ па? Ендеше, Алаш даласындағы әр тарихи ны­санға шамамыз келгенше құрметпен қа­рап, барынша насихаттай білгеніміз жөн.

Осы жерде атақты Әлихан Бөкей­хан­ның үлкен атасы Батыр сұлтанның бейітіне қатысты үлкен мәселені айт­пай кетуге болмайды. Біз айтып отыр­ған Бақты ауылының бұрынғы бірін­ші бөлімшесі Абыз елді мекенінде «Қазақ­мыс­қа» қарасты алтын өндіретін кеніш ашылып отыр. Сол кеніштің ар жағында, шамамен 7-8 шақырым жерде Батыр сұлтанның, яғни біз жоғарыда айтып кеткен Барақ сұлтанның баласы Бөкей ханның ұлы, Әлихан Бөкейханның төртінші атасы Батыр сұлтанның бейіті тұр. Тұр деген аты ғана, бұл қорым тіпті жермен-жексен болып, жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған деуге болады. Жақын ұрпақтары ағаш тақтайдан белгі қойғаны болмаса, тіпті елеусіз қалып отыр. Бұл мәселені мемлекет тара­­пынан жедел назарға алу керек. Әйт­пе­се, алтын өндіріліп жатқан жердің жағ­­дайы белгілі, кейін аталған қорым ал­тын қазған алып машиналардың те­мір табаны­мен тапталып кетпесіне кім кепіл? Алашты осынау азат күнге жеткізуге бар білім-парасатын, тағдыр-мех­натын арнаған Әлихан аруағын құр­меттеу – оның туып-өскен ортасы мен ата-бабасын құрметтеуден басталса керек.

 

Бес әулиелі Бақты

Бақтының территориясы көркем табиғатымен қоса, қасиетті жерлерге де бай. Оның ішінде атақты Тұз әулие деген жерді ерекше атауға болады. Адамның денесіне шыққан бөрткен, жараға шипа Тұз әулиенің батпағы буын ауруларына мың да бір ем. Болашақта Тұз әулиенің басын абаттандырып, баратын жолды жөндеп, адамдар ем-дом қабылдайтын орынға айналдыруға болады.

Сондай-ақ Бақты төңірегінде Қыз әулие, Қарасақал әулие деген жерлер бар. Ол жерлер де ертеден қасиетті саналады. Кент ормандарының кіре бе­рі­сіндегі бұл әулиелерге ел ерте заманда тілек тілеп барып тұрған деседі. Сол тілек тілеген адамдарың ұрпақ­та­рының әке-шешелерінен естіген әңгі­ме­лерін тыңдасақ, Қарасақал әулие тілеген тілекті құр қайтармайды екен. Мысалы, Қали деген апа соғысқа кеткен Әбеу деген ақсақалының амандығын тілеп әулиеге түнепті. Таңға жақын үңгір­дің ішінен ақ құс ұшып шығып, Қарасақал әулие көрініпті. Апаның (ол кезде жас қой) қолына сынық қамшы ұстатыпты. Артынша күйеуі Әбеу бір аяғын соғысқа беріп, аман-есен оралыпты. Ал Базылкәрім деген кісінің әкесі Әбдірайым молда ұста болыпты. Көрік басып: «Соғыстан Базкенім аман оралса екен!..» деп зарлап тұрады екен. Сол кісі де әулиеге түнеп, әлгіндей таңға жақын молданың қолына Қарасақал әулие бір уыс шырпы ұстатыпты. Артынша ұлы соғыстан аман келіп, өсіп-өніпті.

Әулиенің тағы бірі Молдахан қыста­ғын­дағы үлкен үңгір Әулие деп аталады. Ішінде тас төсегі бар үй сияқты үңгірде елуінші жылдарға дейін арабша жазу жазылған көне кітаптар сақталған екен. Мұндай әулиелі үңгір Абыз кеңшарында да бар деседі. Санап отырсақ, бір Бақты ауылының өзінде бес бірдей әулиенің болуы бұл мекеннің ежелден құтты да қасиетті қоныс екендігін аңғартады.

Әулиелі жерлерден бөлек, археолог Әлкей Марғұлан картаға түсіріп кеткен «тас қорымдар» Бақты ауылының төңірегінде өте көп. Кезінде «Қалмақ бейіттері» деп аталып кеткен ескі қо­рым­дар кейінгі зерттеулерге сәйкес ежелгі қола дәуіріне тиесілі «Беғазы-Дәндібай» өркениетінің ескерткіш бел­гілері екені анықталып отыр. Тарих­шы­лар үшін бұл мекен әлі де ашылмаған арал сияқты тарихтың небір сырын ішіне бүгіп жатыр.

 

Қожан батыр

Бұл өңірден шыққан атақты батырдың бірі – жүз ұлды тентек Қожан батыр. Руы Дүйсенбай-Шекшекке жатады. Кейін өсіп-өнгендіктен Қожан деген жеке ру аты пайда болған. Қожан батыр Жоңғар шапқыншылығында Бөгенбай сынды батырлармен бірге майдандас болған. Сүйегі Түркістанға жерленген деген дерек бар. Былтырлары Серек тауының етегіндегі үлкен тасқа ұрпақтары белгі орнатып, Қожанның көтерген тасы деп ескерткіш қойыпты. Бірақ ауылдың кейбір адамдары ол тас Қожанның тасы емес, Қожанның тасы қазіргі Көпбұлан деген қыстақта тұр (Көпбұлан, Махмет, Талдыбай деген қыстақтар осы Қожан батырдың балаларының есімдеріне қойылған), Серектің етегіндегі тас Разақ­тың әкесі балуан Айғожаның тасы дейді.

Қожан көтерген тас дейтін себебі, Бөгенбаймен бірге Қожан, қасында қырғыздың (ру аты) Ханжы, Мәнжі, Дасы деген үш батыры бар жоңғарлармен соғыспаққа жауды күтіп жатыпты. Таңға жақын жоңғардың шолғыншысы қазақ әскерін барлап барса, Қожанның атқосшысы үлкен бір тасты анадай жерге көтеріп апарып үстіне отырыпты. Оны көрген жоңғарлар Қожанның атқосшысы мынау болса, Қожанның өзі қандай деп қосындарының бір жақ керегесіне найза сүйеп кері шегініп кетіпті дейді. Таңертең тұрған әскер «ойбай, жау қашып кетіпті, қуайық» десе, Қожан батыр: «Қашқан жауға қатын ер», қумай-ақ қойыңдар», деген екен. Ал Қожанның тасы деп, батыр бірде ашуланып тұрып таудың үстіндегі алып тасты ырғап-ырғап жерге домалатып жіберген болуы керек. Ескерткіш болашақта сол тасқа қойылса деп ойлаймыз.

Бұл өңірден шыққан тарихи тұлға­лар баршылық. Ол қатарда Қыр­ғыз Меркіт биді атауға болады. Шап­қын­шы­лық кезінде Бүркітті ауылы мен Кен­төбенің арасындағы Болатты жазы­ғын­да Кеңестас деген жерде үлкен мәс­ли­хат құрылып, сонда билік айтқан қыр­ғыз Меркіт бидің де есімін ел құр­­­метпен атайды. Ал енді бертінгі бел­­гілі есімдерден сатирик жазушы, «Кәр­лен кесе» деген кітаптың авторы Әбжан Омарбаев, журналист Шаймаран Мезгілбаев бар. № 21 Бақты орта мектебі әлі де бұл топырақтан талай тарланды түлетеді деп ойлаймыз.

 

Боқты көтерілісі

Бұл тақырып – әлі де өз зерт­теу­шілерін күтіп жатқан тың тарих. Жылнамамыздың сонау жиырмасыншы жылдары қазақ үшін небір дүрбелеңге толы болғанын білеміз. Байлардың малын тәркілеу, күштеп ұжымдастыру сияқты қанқұйлы ұрандар айрандай ұйып отырған бейбіт халықтың берекесін ала бастаған. Кәмпескеге Бақтының іргелі байлары Мұздыбай, Қоңыр төре, Жақаш деген байлар алдымен ілігеді. Сол кездегі Бақты, Бүркітті, Балқантау төңірегінің мал санын қарасаңыз ұшан-теңіз. 35 мың жылқы, 80 мың ірі қара, 350 мың қой болыпты. Осыдан келіп орыс отаршылдарының озбыр саясатына қарсы қазақ даласындағы түрлі көтерілістер бас көтере бастайды. Сондай халықтық көтерілістердің қатарында осы Боқты көтерілісі де бар.

Тың тақырып деп отырғанымыз, бұл тарихтың қанды парағы бізге әлі де айқара ашылмай келеді. Архивтерді ақтарған зерттеушілердің көбі құпия деректердің ізінен жаңылып қалғандарын жазады. Жазушы, этнограф Төрехан Майбас та Боқты көтерілісі туралы зерттей келіп, дереккөздердің тым қат екенін ашына айтады. Тек С.Нығметжановтың, Ю.Поповтың, Ж.Алпысбаеваның ғана жазғандарына сілтеме жасайды. Дегенмен жазушы бұл тарихи оқиғаны анау айтқандай шаруалар көтерілісі емес, халықтық көтеріліс деген дәреже беру мәселесін көтереді. Оған өзінің тамаша дәлелдерін де ұсынады. Тіпті Т.Майбас белгілі өлкетанушы, Ю.Попов өзінің «Бахтинские страницы» зерттеуінде қарқаралылық чекист Никита Зиновьевич Червовпен кездесуінде былай деп жазады деп керемет тың мәлімет ұсынады. Төмендегі мәтінді оқып отырсақ, бұған дейін кішігірім шаруалар көтерілісі делініп келген оқиғаға орыс өкіметі алыстан айырпланмен қару-жарақ алдырмас еді. Оқиық:

«Был дан приказ: с бандитами вес­ти переговоры, предлагать прекратить борьбу и сдаться местным властям. Как правило, уговоры не действовали. Все заканчивалось перестрелками. Помню, погиб в одной из них земляк Алексей Бедрин. Для доставки оружия выбрали площадку под самолёт. Прилетел У-2 и нагнал страх на противника, который действовал отчаянно и дерзко. Были попытки прорваться в город, на окраинах постреливали. Потом, собрав солидные силы, мы начали наступление на Бокты».

Былтыр осынау көтерілістің өткеніне 90 жыл толуына байланысты Бақты ауылының баурайында ас беріліп, биік төбеге сол елдің бас көтерер азаматтары белгі тақта орнатты. Жиынға қатысқан жазушы Кәмел Жүністегі бұл көтеріліс сонау Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістің заңды жалғасы екенін айтады. Қазақ даласының құйқалы жерлері орыс отаршылдарының көзіне бірінші түсетіні белгілі. Тарихшы ғалым Қанат Өскенбаев та Боқты наразылығының тамыры өте тереңде екендігіне көптеген дәлел келтіреді. Бір ғана дерек: сонау жиырмасыншы жылдары қазаққа салынған салықтың (Сүйек салығы, Тұяқ салығы т.б.) 16 түрі болыпты. Малын айдауға, жерін талауға салған қарақшыларға Боқты өңірі осылай қарсы тұрған. Сол жерде 25 жыл болыс болған Мыңғыш байдың немерелері Әбді, Әшкер деген намысты ерлер осы көтерілістің бастау­шылары деп айтылады. Көтерілісті қаржыландырғандардың қатарында Бөкейдің үрім-бұтақтары Көксал мен Шәлжанның ұрпақтары бар. Боқты туралы біраз деректі сол өңірдің тумалары, журналист Дәулет Асау мен Құрманғазы Өтебай да өз мақалаларында тың деректерге сүйеніп жан-жақты жазады.

 

Халің қалай, халық театры?

Алақандай ауылда театр да бар. Абыз халық театры – әуесқой драма ұжымы. 1965 жылы Абыз ауылдық клубы жанынан құрылған театрды ұйымдастырған әрі көркемдік жетекшісі болған Амантай Сүлейменов деген кісі. 1985 жылдан театрдың көркемдік жағын Төлеу Ахмадиев басқарған. Ұжым жұмысына Б.Жүнісов, А.Қашағанова, К.Нәзіров, М.Рымжанов, т.б. белсене қатысыпты. 1973 жылы халық театры атағын иеленіп, қазір театрға Мақат Рымжановтың аты берілген. Айтайық дегеніміз, бүгінде осы театрдың шаңырағы шамалы тозып тұрғандай. Киелі өнер ордасын күрделі жөндеуден өткізу керек. Бұл жұмысты билік өкілдері өз кезегінде кешіктірмей шешеді деп үміттенеміз.

Бақтыдан театр тарландарымен бірге жезтаңдай әншілер де шыққан. А.Затаевич жазушы Р.Ролланға жолдаған хатында Қарқаралының әншілері туралы ерекше айтады. Сол сөздің айғағындай, Қарқаралының атын аспандатып, Еуропаның бірнеше қаласында ән шырқап, өнер көрсеткен «Салтанат» ән-би ансамблі болды. Францияға, Германияға гастрольге шығып, бір ұлттың өнерін паш еткендердің ішінде бірнеше бақтылық та бар. Атап айтсақ, керемет күміс көмей, жез таңдай әншілер қатарында марқұм Рымкеш Сағымбайқызы, Төлеу Ахмадиев, Сағынған Айдарханов, Гүлбаршын Кәкімбайқызы, т.б. бар.

Жалпы, бұл жазбамызда көбіне ауылдың тарихын сөз еткен соң елдің әлеуметтік проблемаларын көтермедік. Қысқаша айтар болсақ, осындай тамаша төңіректің экологиясын бүгінде кен қазып жатқан компаниялар күннен-күнге құртып барады. Бұл мекен сондай-ақ Семей полигонының апатты аймақтарына жатады. Курчатов қаласынан Бақты көп алыс емес, алайда үкіметтен берілетін жеңілдіктерден ауыл адамдары тысқары қалуда. Бақтыға баратын жолдың жағдайы да жұпыны. Республикалық маңызы бар күре жолда жеңіл көлікпен жүру азаппен бірдей. Облыс, аудан әкімдері бұл мәселеге салғырт қарамаса екен дейміз. Әйтпесе, ашынған халықтың айтары өте көп.

Қорыта айтсақ, бабаларымыз ен жайлаған Боқты баурайының біраз тарихы әлі де көп сырын көкірегіне түйіп үнсіз жатыр. Болашақ ұрпақ бұл тарихи орындарды үнемі қастерлеп, көздің қарашығындай сақтауы керек. Біздің барлық тарихымыздың тақтасы осы ұлан-байтақ кең дала. Тасын түртсең тарих тіл қатады.