Енді міне, басына бәле тілеп алған әзілкеш полиция қызметкерлерінің қырына ілікті. Оған ішкі істер органдарының беделін түсірді және санитарлық-эпидемиялық ережелердің бұзылуына себепші болды деген айып тағылды.
Құрығы ұзын полиция үшін әлгі шоумен мен той иесін табу қиынға соқпады. Олар Жаңаарқа ауданының тұрғындары болып шықты. Көп ұзамай олардың кешірім сұраған видеолары пайда болды.
Той иесінің ұлы бүкіл Қазақстан халқынан карантиндік шектеулер кезінде тойды заңсыз өткізгені үшін кешірім сұрады. Жазалауға және айыппұл төлеуге дайын екендігін айтты. Ал қуанышта тойшыл қауымның көңілін көтермекші болған әзілкеш өз әрекетін былайша түсіндірді:
– Мен тәртіп сақшыларын мазақ қылу үшін емес, қонақтардың көңіл күйін көтеру үшін полиция формасын кидім. Барлық полиция қызметкерлерінен, қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Мен істегенімді мойныммен көтеруге дайынмын.
Сонымен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 675-бабы бойынша әзілкешке 13 890 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал карантин талаптарын бұзып, той жасаған азамат сот үкіміне сай 30 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейінгі аралықта айыппұл төлейтін болады.
Қарағанды облысы