Оқиға • 19 Қазан, 2020

«Ағады тулап, барады зулап заманым...»

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы оқырмандарымен онлайн кездесті. Бұл кездесуді Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан филиалы ақынның жетпіс жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырды. Кешті Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

«Ағады тулап, барады зулап заманым...»

Онлайн кездесу Ұлттық академиялық кітапхананың Фейсбуктегі парақшасында өтіп, оны бір мезетте 500-ден астам адам көрді. Оқырмандары жетпістің желмаясына мінген ақынға жылы лебіздерін жазбаша жолдаса, әдебиет әлеміндегі әріптес, үзеңгілес, сыйлас достары мен іні-қарындастары Несіпбек Айтұлы шығармашылығы туралы көзқарастарын Zoom желісі арқылы жеткізді.

Оның ішінде қазақ сатирасының көрнекті өкілі Көпен Әмірбек, жазушы жыршы, манасшы, ақын Баянғали Әлімжан, ақын, ғалым Оңайгүл Тұржан, тарихшы қаламгер Тұрсынхан Зәкөнұлы ақын шығармашылығы туралы кең көсіліп, онлайн жүздесудің жүгін көтерген ой-пікірлерімен бөлісті.

Халқымызда «мектеп көрген, ұстаз көрген» деген салмақты ұғым бар. Белгілі бір биікке шыққан, ел ішінде танылған адамдардың мектебі мен ұстазының да бағасы асқақтай бермек. Бұл тұрғыда ақынды студент кезінен бері білетін Көпен Әмірбектің әңгімесі ой саларлық болды. «Чеховтың бір әңгімесінде мынадай ой бар: шығармашылық ләззаттың дәмін татқан адамға басқа рахаттың қажеті жоқ». Мен Несіпбек шығармашылық еңбек­тің ләззатын татқан адам деп айтар ем. Мұқағали ақын оған батаны тектен текке берген жоқ. Сөзіне қарай берді. Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Ақселеу Сейдімбек сынды ірілер мұның ұстаздары болды. Несіпбектің тынымсыз ізденісі, кеудесіне қонған өлең-жырды баптай білуі оны биікке көтерді. Оның өлеңдеріне қазақтың тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі түгел көшіп алғандай әсер береді», деді ол.

Баянғали Әлімжан болса ақынның «Үзілмеңдер, үндістер», «Бассүйектер» поэмалары туралы жеке пікірін айтты. Сол поэмаларды жазған жас кезінің өзін­де-ақ оның ақындық кемеліне келіп қойғанын тілге тиек етті. «Үзілмеңдер, үндістер» поэмасында үндіс­тердің көсемі туралы айтқан сияқты болғанымен, шын мәнінде Алаштың азаматтарын, қазақтың тағдырын айтты. Ақынның азаматтығын сол кезде көрдік. Қазақ поэзиясының бәйтерегіне айналған ақын деп білеміз, деді жыршы.

Онлайн жүздесуде ақын өз өлеңдерін оқыды. Әсіресе «Кінәлай көрме» өлеңіндегі «Күлімдеп тұрып күн­дерді қарсы аламын, Сезбеген болам тағдырдың салқын қабағын. Арнасы терең, ағыны қатты өзендей, Ағады тулап, барады зулап заманым», дейтін жолдар өзімізге қатты әсер етті.