Аймақтар • 19 Қазан, 2020

Мақтааралда 386 үй пайдалануға берілді

312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мақтааралдағы тосыннан туындаған су тасқынының тақсіретін тартқан 386 отбасы, дәлірегі Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдарының тұрғындары аудан орталығы Мырзакенттегі жаңа қонысқа көшіп, қуанышқа кенелуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мақтааралда 386 үй пайдалануға берілді

Апат аумағында қираған үйлер қалпына келіп, Мырзакентте жаңа шағынаудан бой көтерді. Қаз - қатар тізілген ақшаңқан үйлердің әрқайсысының аумағы 100 шаршы метр болатын шағынауданда ауызсу, "көгілдір отын" сияқты инфрақұрылым мәселесі толыққанды шешімін тапқан. Мақтааралдықтарға таңсық кәріз жүйесіне дейін жүргізілген. Екі аралықта сәнді саябағы және бар. Келер жылы бұл аумақта 1200 орындық мектеп халық игілігіне ұсынылмақшы. Осылайша елдің ынтымағы мен бірлігі, қолдауы мен қамқорлығы, Елбасының сарабдал саясаты, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы, Үкіметтің көмегі, облыс әкімі Ө. Шөкеев бастаған команданың ұйымдастыру -үйлестірудегі қажырлы еңбегінің нәтижесінде мақтааралдықтардың бастан өткерген қиындықтары көрген түстей болып, өмірдің жаңа бір белесін бастамақ.

Қоныс иелерінің қуанышын бөлісу үшін Мақтаарал ауданына арнайы келген Премьер-министрдің орынбасары, төтенше жағдай жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы Р.Скляр, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Ш.Хамраев, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев тұрғындарды құттықтап, баспана кілттерін табыс етті. Сонымен қатар, Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдай кезінде ерекше қызмет атқарған бір топ азаматтарға Премьер-министрдің Алғыс хаттары тапсырылды. Олардың арасында Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев пен Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Абдулла Кулдашов та бар.  Жаңа шағынаудан тұрғындарының қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қиындықтың артта қалғанын айтып, әр отбасы үшін баспаналарының берекелі болуын тіледі. Сондай-ақ, облыс басшысы жаңа мөлтек ауданның құрылысына атсалысқан бірқатар азаматтарға Президенттің Алғыс хаттары мен "Халық алғысы" медалін табыс етті.  "Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы шекаралас екі ел үшін де оңайға соқпады. Апат айтып келмейді. Осы тосын жағдайды естіп, мақтааралдықтардың тағдырына алаңдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілді. Зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмады. Бүкіл ел болып көмек қолын созды. Қиындықтар артта қалып, осы сәт өмірлеріңіздің жарқын кезеңі болсын", деді Өмірзақ Шөкеев.

Аумағы 70 гектар жерді алып жатқан жаңа қалашықтағы 386 үйге Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындары көшіп келетін болады. Мұнда барлық инженерлік инфрақұрылым тартылған. Жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ жаңа шағынауданда 1200 орындық мектеп пен бала-бақша және дәрігерлік амбулатория салынуда. Балалардың ойын алаңдары орнатылып, ағаштар отырғызылған. Желілік саябақ пен гүл бақтары мөлтек ауданның көркіне көрік қосып тұр.

Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты. Тұрғындардың қуанышын бөліскен Премьер-министрдің орынбасары Р. Скляр мен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев баспаналы болған 2 отбасының шаңырағына кіріп, құтты болсын айтты.