Экология • 20 Қазан, 2020

Қайта өңдеу саласына қолдау көрсетеді

280 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2021 жылдан бастап Қазақстанда «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторынан» ақшалай төлемдер алу тәртібін оңайлату қарастырылады. Қайта өңдеу саласына қаржылай қолдау көрсетудің шарттары туралы Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен шағын және орта бизнес субъектілерімен өткен кездесуде «ӨКМ операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев айтып берді.

Қайта өңдеу саласына қолдау көрсетеді

Қаптама қалдық­та­рын жинау және қайта өңдеу саласының көрсеткіштерін талдау, сондай-ақ бизнестің өті­ніш­­терін қарау негізінде ӨКМ операторының мамандары ша­ғын және орта кәсіпкерлік субъ­ек­тілерін қолдаудың қосым­ша тетік­терін әзірледі. Қалдық өңдеудегі жалпы республикалық көрсеткішке қол жет­кізу үшін қаптама қалдықтарын жи­нау­­ды жүзеге асыратын әрбір ұйым жи­нау көлемін жыл сайын 5-10%-ға өсіріп отыру міндеттемелерін алады. Сонымен қатар түсетін өтінімдер бойынша (кемінде 20 кило) қайталама шикізат жинауды жүзеге асырады.

Аталған шараларды жүзеге асыру кешенді түрде қалдық­тар­мен жұмыс істеу саласының инвестициялық тар­тым­дылығын арттыруға, қаптама қал­дық­тары мен автокомпоненттерді жинау географиясын кеңейтуге мүмкін­дік береді және экология­лық мәселелерді шешуге ықпал етеді. 2020 жылы қаптама қал­дық­­тарын жинаудың жоспарлы көлемі 130 мың тоннаны, автокомпонент қалдықтары 102 мың тоннаны құрады.

«ӨКМ» операторы» ЖШС аталған саланы дамытудың өзін­­дік үлгісін ұсынып отыр. Жаңа модельге сәйкес сала қа­ты­­су­шыларын тендер ұғымы­нан бас тартып, негізде­мелік келісімшарт қағидасына сәйкес жұмыс істеуге шақырады. Осы­лай­­ша мамандандырылған кәсіпорындармен ынты­мақ­тас­­­тық орнату арқылы жаңа белес­терді бағындыру көзделіп отыр. Алғашқы кезеңде білік­тілік талаптарға сәйкес, іріктеу жүргізілмек.

– Маңғыстау өңірінде жұмыс істеп жатқан барлық контра­гент­терді «Өн­ді­ру­шілердің кеңей­тіл­ген міндеттемелері операторы» ЖШС қоян-қолтық жұ­мыс істеуге шақырамыз. Осы­лай­ша демеуқаржы, көмекқаржы және көлік жөнелтпе құжатына жұмысалатын шығындарды же­ңіл­детуге мүмкіндік беріледі. Бүгінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, тұрмыстық қатты қал­дықтардың бар болғаны 15%-ы ғана сұрыпталады, ал қалған 85%-ы көміліп жатыр. Негі­зінен бұл дұрыс емес. Бұдан былай біздің мекемемен келісім жасаудың қажеттілігі жоқ, тендер дегенді де ұмыту керек. Біз негіздемелік келісімшарт ұсынамыз, бұл тәулік бойы жұмыс істейтін жаңа механизм. Қазіргі тендерлік тәртіпке сәйкес 27 құжат талап етіледі, ал біз бар болғаны 3 құжат сұраймыз. Бұл әлдеқайда тиімді. Жаңа жылдан бастап цифрлы жүйеге көше­тін боламыз, яғни барлық әкімшілік кедергілер жойылады. Біздің түпкілікті мақсатымыз – еліміздің әрбір азаматына қоқыс­ты табыс көзіне айналдыруды үйрету», – дейді «ӨКМ операторы» ЖШС басқарма төрағасы М.Құмарғалиев.

«ӨКМ операторы» ЖШС Маңғыстау облысының сала­лық кәсіпорындарымен ынты­мақ­тастықты нығайтуға ниетті. Ал ұсынылған шарттар шағын және орта бизнес өкілдеріне әлдеқайда тиімді.

– Бүгінде макулатура жина­ғаны үшін өтемақы төлемі 26 теңгені құрайды. Сонымен қатар қағаз үшін қайта өңдеу төле­мінің мөлшері 9 есе аз, килосына – 3 теңге. Өзгерістер тұтастай алғанда қалдықтарды жинау, өңдеу және кәдеге жарату бағытының дамуына оң әсерін тигізеді, – деді «Kazweste» қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық қа­уым­­дастықтың басқарма төрағасы Шынболат Байқұлов.

«ӨКМ операторы» институты құрыл­ған­ға дейін елімізде қал­дықтарды қайта өңдеу дең­гейі 2%-ды құраса, биыл бұл көрсеткіш 15%-ға жақындады. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 8 есеге өсті.

 

Маңғыстау облысы