Әлем • 20 Қазан, 2020

«Қап-қара адам» Францияда үлкен прокатқа шықты

523 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қайталанбас айрықша қолтаңбасымен «жаңа толқын» режиссерлері кино әлемінде өздерінің шығармашылық әле­уе­тін жан-жақты таны­тып келеді. Фран­цуз халқының сүйіс­пен­­ші­лігіне бөленіп жүрген режиссер Әділ­хан Ер­­жановтың «Қап-қара адам» фильмі 14 қа­зан­нан бастап Фран­цияның ірі қала­ларын­дағы 60-қа жуық кино­те­атрда көр­сетіліп жатыр.

«Қап-қара адам» Францияда үлкен прокатқа шықты

 

Бұл режиссердің француз көрермендері үшін үлкен экран­дарда көрсетіліп жатқан екінші туындысы. Бұған дейін 2018 жылы «Әлемнің ерке ен­жарлығы» фильмі прокат­қа шығып, келесі жылында осы елде dvd-де жарық көр­ген болатын. Екі фильмнің де көрерменге жол тартуы­мен франциялық Arizona Distribution компаниясы айналысты. Фран­цуз көрерме­ндері Әділхан Ер­жа­новтың фильмдерін ерекше жақсы көреді десек артық айт­­қанымыз емес. Көптеген ха­лық­аралық жүлделерді ие­леніп жүрген режиссердің кар­­тиналарын француз киносыншылары  оң бағалады. Біз мұны фильмнің прокатқа шығу қар­саңында Францияның же­текші басылымдарында жарық көрген бірқатар рецензиядан байқадық. Мәселен, Le Monde басылымы «Қап-қара адам» – минималистік эстетикасы бар дала вестерні мен нуар­дың қоспасы» деп жаз­са, Voir A Lire киножурналы «Әділхан Ержановтың кине­ма­тографиялық мінсіздігіне бір қадам қалды» деп жоғары баға береді.

«Бұл – өте жоғары кинема­то­графиялық тәжірибе. Ре­жис­сердің эпизодты түсірудегі ұқып­тылығы ерекше. Режиссер көрерменге кедейлік аясында ақыл мен демократияның орнын сыбайлас жемқорлық басқан қоғамдағы адами күр­делі қатынастар туралы өзіндік пайы­м қалыптастыруға мүм­кіндік береді. Фильмде қатаң үкімдер жоқ. Керісінше, сцена­рийдегі күлкіде кейіпкерлерге ауыр әлеуметтік қысымды жеңу­ге және шындық бо­рышын өтеу­­ге кө­мектесетін сипаттама бар», деп жазды Voir A Lire басылымы.

Аталған картинаны түсіруге Short Brothers (Қазақстан) және Arizona Productions (Фран­ция) компанияларының қаты­суымен Astana Film Fund (Қа­зақстан) компаниясы атсалыс­ты. Драмалық триллерде тергеуші Бекзаттың (актер Да­нияр Алшынов) басынан өт­кен оқиғасы баяндалады. Фильм желісі бойынша тер­геу­ші істі тез арада жапқысы келеді, өйткені жергілікті полиция қыз­меткерлері жазықсыз Пу­куарды (Теоман Хосе) кінәлі деп кесіп қойған. Бірақ қаладан келген журналист Ариана (Динара Бақтыбаева) іске араласып, бұлардың жоспарын өзгертеді. Енді тергеуші алғаш рет заң аясында нақты тергеу жүргізуге мәжбүр болады.

«Қазақстандық киноның Еу­ропада прокатқа шығуы әри­не қуанарлық жағдай. Менің ойымша, бұл бүкіл команданың және фильмге қатысқан барлық азаматтардың жетістігі. Барша­ларыңызды шын жүректен құт­тық­таймын!», деді Әділхан Ержанов.

«Қап-қара адам» фильмі­нің әлемдік премьерасы 2019 жылдың 23 қыркүйегінде Ис­панияда өтті. Картина Сан Себастьяндағы 67-ші ха­лықара­лық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді. San Sebastian International Film Festival – «А» класындағы әлемдегі ең кө­не кинофестивальдердің бірі (Канн, Берлин және Венециямен бірге). 2019 жылдың қараша айын­да Әділхан Ержанов «Қап-қара адам» фильміндегі жұ­мысы үшін «Үздік режиссер» номинациясы бойынша Asia Pacific Screen Awards – 2019 жүлдесіне ие болды. Әділхан – азиялық «Оскар» сыйлығына ие болған алғашқы қазақстандық режиссер.