Қоғам • 20 Қазан, 2020

«Мамандығым – құтқарушы!»

863 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанда азаматтық қорғау жүйесі қызметкерлері кәсіби мерекесінің белгіленгеніне биыл – 25 жыл. 1995 жылы 19 қазан – Құтқарушы күні болып бекітілген болатын. Содан бергі ширек ғасырда батысқазақстандық құтқарушылар да талай жанға қиын сәтте көмек қолын созып, абыройлы еңбек етіп келеді.

«Мамандығым – құтқарушы!»

Кеңес өкіметі ыдыраған кезде Қазақстанның өртке қарсы қызметі материалдық жағынан да, техникалық жарақтандырылуы жағынан да қиын жағдайда тұрған құрылым болатын. Бөлімшелерде өрт сөндіру техникасы көнерген, заманауи апаттық-құтқару жабдығы жетіспеді. Экономикалық қиындықтарға байланысты техниканы жөндеу, қосалқы бөлшек сатып алу, тіпті жанар-жағармай сатып алуға қаржы бөлінбеді. Тек мемлекет бірте-бірте аяғына нық тұрған соң ғана жағдай өзгерді.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысы аумағында 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, сондай-ақ 9 өрт сөн­діру бөлімі және 16 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Қызмет бөлім­ше­лерінде барлығы 197 техника бар. Мұның 75-і – өрт сөндіру көлігі. Жалпы өрт сөндіру қызметінде 951 адам қызмет етеді.

Әрине, дабыл соғылғанда күн демей, түн демей басын қатерге тігіп, тілсіз жауға, түрлі қиын жағдайға қар­сы аттанып бара жататын құтқару­шы топтың әр мүшесі туралы жеке мақала жазса да артық етпейді. Біз төмен­де Батыс Қазақстан облыстық Төтен­ше жағдайлар департаменті ұсын­ған құтқарушы қайсар жандармен жақы­нырақ таныстырмақпыз.

 

25 жыл сапта жүрген

Николай Валерьевич – Қазақстан құтқару қызметі пайда болған алғашқы күннен бері сапта келе жатқан сардар.

Азаматтық қорғау подполковнигі Николай Валерьевич Полищук 1978 жылы 5 маусымда Орал қаласында дү­ниеге келген екен. Азаматтық қор­ғау қызмет органдарында 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап қызмет атқарады.

Николай 1997 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ішкі істер министр­лігіне қарасты Павлодар техникалық кол­ледж­інде өртке қарсы қорғаныс технигі мамандығын алып шыққан. 2012 жылы Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық университетінде құры­лысшы мамандығы бойынша жоғары білім алды.

«Біздің Николай Валерьевич – адами қасиеті жоғары, кейінгі жастарға жол көрсетіп, ұжымда үлкен беделге ие болған жан. Таңдаған кәсібін сүйіс­пеншілікпен, адал да мінсіз ат­қарады» дейді әріптестері.

Валерий Полищук өртке қарсы қызмет жолында әртүрлі лауазымда болды. №2 өрт сөндіру бөлімінің қа­рауыл бастығы, №1маман­дан­дырыл­ған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің өрт сөндіру кезекші қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі міндетін атқарады.

Ширек ғасыр өмірінде Валерий Полищук куә болған қиын сәттер, өкі­нішті өрт оқиғалары өте көп. Тілсіз жаудың «тілін» ұғып, оны тез құрық­таудың жолын тәжірибелі маман ғана ұйымдастыра алады. Николай Валерьевич тікелей араласқан бір оқиғаны еске алайық. Биыл 14 шілде күні 9 сағат 27 минутта Теректі ауданына қарасты Шағатай және Ақсоғым ауылдары маңында құрғақ шөп пен бұта өртенді. Күн жел еді. Желдің екпіні секундына 15-20 секундқа дейін жетіп, ұшқын Жайық өзенінен асып түсті. Ал өзеннің арғы бетінде Коловертное ауылы бар еді. Сөйтіп, өрт салдарынан бір тұрғын үй, бір бос тұрған иесіз ғимарат және 4 қора-қопсы өртке оранды. Қауіпті аумақтан 42 адам, 15 сиыр, 25 қой-ешкі, 30 құс эвакуацияланды. Абырой болғанда адам шығыны, жарақат алғандар болған жоқ. Бұл Николай Валерьевич секілді тәжірибелі мамандардың қиын сәтте абыржымай, сауатты да нақты әрекет етуінің нәтижесі болатын.

Отбасында 2 ұл 1 қыз бала тәр­биелеп отырған Валерий Полищук кәсіби қызметінде үлгілі еңбегі үшін «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» III, ІІ, І дәрежелі медальдармен марапатталған.

 

Құтқару қызметінің құрдасы

Орал қаласындағы маманданды­рылған №3 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушы-өрт сөндірушісі Айбек Аймағамбетов 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылында дүниеге келген. Қазақстандық азаматтық қорғау жүйесі секілді, Айбек Абайұлы да өзінің екінші мүшелін тойлап отыр.

2002 жылы Жалпақтал орта мек­тебінің табалдырығын аттаған Айбек 2008 жылдан бастап оқуын Батыс Қазақстан облыстық маман­дан­­ды­рылған дарынды балаларға арнал­ған спорт мектеп-интернатында жал­ғастырды. Спорт мектебінде тәлім-тәрбиеге үйрене жүріп, самбо үйір­­месіне қатысты. 2013-2020 жыл­дар аралығында Батыс Қазақ­стан гума­нитарлық колледжі, кейін уни­верси­тетінде оқып, дене шынықтыру және спорт факультетін аяқтады.

2016-2017 жылдар аралығында Маңғыстау облысы, Бейнеу қаласында әскери борышын өтеді.

Айбек Абайұлы 2018 жылы желтоқсан айында Ішкі істер ми­нистрлігі Төтенше жағдайлар ко­ми­теті Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және Азаматтық қорғаныс жеке құрамының Орал қалалық ма­ман­дандырылған №3 өрт сөндіру бөлі­міне құтқарушы-өрт сөндіруші болып жұмысқа тұрды.

Айбек бала кезінен спортқа өте бейім болғанын айттық. Ауылдық, аудандық, облыстық спорттық іс-шараларға белсене қатысып, талай жүлделі орынға ие болған азамат самбодан спорт шебері. 2013 жылы ерлер арасында Қазақстан Республикасы чем­пионатында 1-орын, 2013 жыл­дың қазан айында жасөспірімдер ара­сын­дағы әлем чемпионатында 3-орын, 2014 жылы жастар арасында Қазақ­стан чемпиона­тында 3-орынды иеленді. Айбек Абай­ұлының спорт­қа бейімділігі, саламат­ты өмірі, физи­калық даярлығы кәсі­би қыз­метінде де үнемі көмектесіп келеді.

2020 жылы 16 сәуірде Орал қала­сының Абай даңғылы бойында орна­ласқан көпқабатты жатақханадан өрт шыққан болатын. Сол жолы 119 адам­ды, оның ішінде 43 баланы эва­куациялауға қатысып, Айбек Абай­ұлы тұрғындардың алғысына бөленді.

Қызметінде үнемі мақтау естіп жүрсе де Айбек өзін салмақты ұс­тайды. Жан-жақты қабілетті, адамгер­шілігі мол жанды әріптестері де ерекше құрмет тұтады.

Әрине, өмір бар жерде қатер де бар. Сын сәтте, қиын жағдайда жедел де сауатты қимылдайтын маман құтқа­рушылардың қызметіне қоғам әр­қа­шан зәру. Кәсіби мерекесі  кезін­де біз Азаматтық қорғаныс саласында жүр­ген барлық құтқарушылар қауы­­мын құттықтап, еңбегіне жеміс тілейміз!

 

Батыс Қазақстан облысы