Әлем • 20 Қазан, 2020

Екінші толқынға ерекше дайындық

299 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта коронавирус тудырған пандемия Жер шарын алқымнан алып тұрғандай. 38 миллионнан астам адамға жұғып, қай елдің де экономикалық жағдайына кері әсерін тигізген індеттің екінші толқыны келсе, қандай қадамдар жасалуы тиіс? Осы тұрғыда Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов елордадағы №10 қалалық емханаға барып, нысанның дайындығын тексерді.

Екінші толқынға ерекше дайындық

Басқарма басшысы айт­қан­дай, бүгінде бас қалада эпи­де­миялық ахуал тұрақты. Ста­ционарларда 87 науқас ем қабыл­даса, амбулаторлық жағ­дай­да 60 науқас медицина қыз­мет­керлерінің бақылауында тұр. Олардың кейбірінде ауру бел­гілері білінбеген. Нұр-Сұл­танда жағдай тұрақты болғанымен, ауру өршіп тұрған солтүстік көр­ші­ге жапсарлас жатқан Солтүс­тік Қазақстан облысының бірнеше ауданында олай болмай тұр. Сондықтан да өзгермелі дүниеде қамсыз отырмай, алдын ала дайындалған жөн. Елордадағы барлық емханада фильтр кабинеттері іске қо­­сыл­ған. Оның негізгі міндеті – ЖРВИ жұқтырған науқастарды анық­тап, оларды оқшаулап, нау­қас­тарды ПТР тестен өткізу.

– Вирус анықталған жағдайда амбулаторлық бақылау және емдеу жүргізіледі. Біздің басты мақсатымыз – науқасты пневмония сияқты ауыр жағдайға түсір­меу, – деген басқарма бас­шысы пациенттердің өзге адамдармен байланысын азайту үшін үйге барып қызмет көрсетілетінін де жеткізді. – Барлық науқас базаға енгізіледі. Егер олардың бірінен коронавирус анықталса, олармен байланыста болған адамдар назарда болады. Олардың үйіне барып, ПТР тестілеуден өткізуіміз мүмкін. Бұл үшін мобильді бригадалар құрылды. Ал фильтр-кабинетке тек белгілі бір себептермен емханаға бара алмайтындар келеді», деді ол.

Сондай-ақ Т.Мұратов елорда­дағы емдеу мекемелерінің екінші толқынға дайын екенін айтты. Бірақ бұл ауру жұқтырғандардың санына байланысты болатыны түсінікті. Егер қала тұрғындары мен меймандары әлеуметтік ара­қашықтықты сақтап, бетперде тақпаса, науқастардың саны артады. Қазір қаланың денсаулық сақтау жүйесі 5 600 орынмен  және 434 ӨЖТ аппараттарымен және басқа да жабдықпен қам­туға қауқарлы. Алайда сақ­тық­­ты ұстанып, азаматтар өз ден­сау­лығы мен маңайын аурудан сақ­таймын деп қорғанатын болса, сырқаттар саны бұған жет­пеуі де мүмкін.

– Біз ауру санын өсіруге жол бермеуіміз керек. Әр азамат ауырмас үшін барын салып, жауап­кершілікпен келсе, барлық тиісті ережені сақтаса, екінші тол­қынның бізді айналып өтуі мүмкін, – дейді ол.

Бүгінде COVID-19 сақтық қамын ұғынып, карантин қатаң сақталған елдерде ғана белең алмай тұр. Оған алыста емес, елі­мізбен шекаралас Қытай еліндегі ахуал дәлел.

«Біздің емханада екі кіру тобы бар. Балаларға және ересектерге бөлек есіктер қарастырылып, оның әрқайсысына тепловизор­лар қойылды. Кіре берісте адам­ның қызуы өлшенеді. Егер қызу анықталса, олар бірден фильтр­ге жөнелтіледі. Сол сияқ­ты фильтрде де 3 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі», дейді №10 қалалық емхананың директоры Гүлнар Алпысбекова.

86 мың адамға қызмет көр­сететін емханада үш түрлі, яғни ба­лаларға, ересектерге және аяғы ауыр әйелдерге арналған ка­би­­неттер қарастырылған екен. Оған қоса ПТР зерттеу жүр­гізу­ге ар­нал­ған биоматериал жи­най­­­тын қо­сымша тағы бір бөл­ме бар. Па­циенттер саны өссе, та­ғы екі кабинет ашылмақ, ал қа­зір оған қажеттілік жоқ. Ем­ха­на бас­­шы­сының айтуынша, қала­­дағы әр амбулаторлық-ем­хана­лық ұйымдарда құрылған мобиль­ді бригадалар осында да жұ­­мыс істейді. Бригадалар ауру жұқ­­­тыр­ған науқастарды бақы­лау­да ұс­тайды, норматив бойын­ша әрбір мобильді бри­гада 5 мың тұрғынға көмек көр­с­етеді. Бү­гінде емханада 17 мо­бильді топ құ­рыл­ған. Бұдан бөлек оттегі кон­сен­т­раттары, қосым­ша пуль­сок­си­метр­лер сатып алын­ды. Дәрі-дәрмекпен то­лық қам­та­­ма­сыз етілген. Қазір ем­ханаға кү­ні­не 40-қа жуық адам жү­гінеді. Оның 20-сы ересек адам болса, 20-сы – бала.