Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген Президент тапсырмаларының орындалу барысын талқылау кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өз жалғасын тапты. Брифингке Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев және оның орынбасарлары Қайырбек Өскенбаев, Серік Нокин және Серік Жұманғарин қатысты.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген Президент тапсырмаларының орындалу барысын талқылау кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өз жалғасын тапты. Брифингке Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев және оның орынбасарлары Қайырбек Өскенбаев, Серік Нокин және Серік Жұманғарин қатысты.
Елбасы кеңейтілген отырыста өңірлік дамуға баса назар аударып, саладағы шешілмей жатқан кейбір мәселелерге қатыстысын-ескертпелер айтқан болатын. Осыған орай Өңірлік даму министрлігі бүгінде қандай іс-шаралар атқарып жатыр? Берілген тапсырмалар қалай орындалуда? Қандай нақты жұмыстар қолға алынды? Баспасөз мәслихатында осы мәселелер талқыланды.
Б.Жәмішев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралардың жоспарына сәйкес Өңірлік даму министрлігіне 12 тапсырма міндеттелгенін атап өтті. Соның ең маңыздыларының бірі – жобалау ұйымдарының жұмыстарына талдау жүргізу. Осыған орай кеңейтілген отырыстан кейін министрлік жобалау ұйымдарының жұмыстарына арнайы талдау жүргізіпті. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 9 айында 567 жобалау ұйымы тексерілген. Тексерулердің қорытындысы бойынша 5 ұйым лицензиясынан айырылса, 112 ұйымның лицензиялары уақытша тоқтатылып, қазір тексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, бір мекеме бойынша материалдар сотқа берілген. Оған қоса, 282 жобалаушы мекемеге қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, 17 млн. теңге сомасында айыппұл салынған.
«Жобалау компаниялары мен аффилирленген тұлғаларға қатысты тексеруді Өңірлік даму министрлігі мен «Мемлекеттік сараптау» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізіп жатыр», деді Б.Жәмішев. Сондай-ақ, ол құрылыс жұмыстарының құны 47,7 млрд. теңгеге ұлғайған 55 жобаға талдау жүргізілгенін айтып өтті. Нәтижесінде жобалаулардың қымбаттауына тапсырыс берушінің жоба шешімдеріне өзгертулер енгізуі, құрылыстың басталу мерзімінің ауыстырылуы және қаржыландырудың өз уақытында жүргізілмеуі, инженерлік желілерге қосу шарттарының өзгеруі, материалдар мен жабдықтардың қымбаттауы, инфляциялық үдерістердің туындауы сияқты фактілер себеп болып отырғаны анықталған. «Бұл жобалардың шикiлiгiн көрсетуде. Осыған байланысты өзгерiстер енгiзiледi және құрылыстағы типтiк жобалар мәселесіне де назар аударатын боламыз. Бұл жоба құнының өсуін шектейді», дедi министр. Ол сондай-ақ, алдағы кезеңде министрлік құрылыстың жобалық құнының арту себептерiн тiркеумен ғана шектелмей, алдын ала қарастырылған нақты жұмыстардың жүргiзiлетiндiгiн де тiлге тиек еттi. Министрдің атап өтуінше, ендігі уақытта тапсырыс берушінің жобалық шешімге өзгерту енгізуіне тосқауыл қойылатын болады. «Бұл әкімшілік шара болады. Дегенмен, оған экономикалық базаны негіздеу үшін біз жобаларды типтік жобалар арқылы салуды талап етеміз. Біз бұл жұмыстарды енді ғана бастадық. Сондықтан, 2014 жылы біз барлығын бірдей жаба алмаймыз. Егер жоба бюджетке енгізілсе, онда біз олардың құнын қарайтын боламыз», деді министр.
Баспасөз мәслихатында Өңірлік даму министрлігі басшыларына журналистер тарапынан «Қолжетімді баспана», «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының өңірлердегі жүзеге асырылу барысы, шағын қалалардың ахуалы, жер телімдерін бөлуге қатысты да көкейкесті сұрақтар қойылды. Министрлік басшылары сауалдарға жауап бере отырып, өңірлік дамудың алдағы уақытта ілгерілей түсетініне сендірді. Ең бастысы Президент тапсырмаларының орындалатындығын жеткізді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».