Мәселен, пандемия күшіне енген мезгілде Қарағанды облысында 10 376 адам індеттің инфекциясын жұқтырған екен. Өкінішке қарай, осы кеселдің кесірінен 279 науқас өмірден өтіп кетті. Ал карантиндік шектеу шараларынан экономикамызға келген шығынды ойласаң, төбе құйқаң шымырлайды.
Коронавирустың болу ықтималдығы тым жоғары екінші толқынына тойтарыс беру үшін облыста қазіргі уақытта қызу даярлық жүріп жатыр. Мысалы, 19 қазаннан бастап Қарағанды облысы бойынша 8 санитарлық бекет қойылмақ. Бұл турасында жергілікті Saryarqa телеарнасында өткен брифингте облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Юрий Залыгин мәлімдеді.
Мұндай қадамға баруға көрші облыстардағы жаман тұмау жұқтырғандар санының өсіп бара жатқаны түрткі болған екен. Сол себепті, енді облыстың Жезқазған, Приозерск қалалары мен Ұлытау, Нұра, Осакаров, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарының кіреберісіне санитарлық бекет қою жөнінде шешім қабылданған. Бұл жерлерде полиция мен медициналық қызметкерлер жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайын тексеріп, күні-түні кезекшілік ететін болады. Бұған қоса, қалаларда көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістері, лифтілер мен паркингтер тәулігіне кем дегенде екі мәрте профилактикалық дезинфекциялаудан және ылғалды тазалаудан өткізіледі. Балалар мен аула алаңдары да күн сайын дезинфекцияланады. Жасы 65-тен асқан егде адамдарға қозғалысты шектеу ұсынылады. Штатында 30-дан астам адамы бар мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарда қызметшілердің 50%-ы қашықтан жұмыс істеу форматына көшірілуі тиіс. Шетелге шығатын туристермен ақпараттық жұмысты күшейту талап етіледі. 50 адамнан астам отыратын орны бар сауда-ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде, желілік дүкендерде, қоғамдық тамақтану орындарында бейнекамералар орнату ұсынылған. Мұндай қадам ереже бұзушылықтарды нақты уақыт режімінде тіркеу үшін керек. Сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарда, автовокзалдар мен автобекеттерде стационарлық тепловизорлар мен ақылды бейнебақылау жүйелерін орнату талап етіледі. Жолаушылар көлігіне жүктемені төмендету мақсатында кәсіпорындар мен ұйымдардың сараланған жұмыс кестесі бойынша мәселе шешілетін болады. Бұдан бөлек, өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары өз қызметкерлерін жұмысқа және үйге жеткізуді ұйымдастыруы керек. Карантин тәртібі осылайша қатаңдаған кезде еріктілер зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жұмыстарын жандандырады. Маскалық режімнің, санитарлық-дезинфекциялық талаптардың сақталуын бақылау күшейеді.
Брифинг барысында облыстағы бас санитарлық дәрігердің міндетін атқарушы ойын-сауық, спорттық, отбасылық, еске алу, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын тағы бір мәрте ескертті. Ал караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, боулинг орталықтары сияқты ойын-сауық мекемелерінің, сонымен қатар жабық үй-жайлардағы балалар ойын алаңдары мен аттракциондарының, батуттардың, жабық ғимараттағы кинотеатрлардың, букмекерлік кеңселердің жұмыс істеуіне әлі де рұқсат етілмеген. Ю.Залыгин өңір тұрғындарын санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.
– Вирус әлі де қауіпті. Үйден қажет болмаған жағдайда шықпаңыздар, көпшілік жиналатын жерден аулақ болыңыздар, әлеуметтік қашықтық пен маска режімін сақтаңыздар, – деді ол.
Ал Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев коронавирустың болуы мүмкін екінші толқынына деген өңірдегі даярлықтың қалай өрбіп жатқанынан толық мәлімет берді.
– Облыста коронавирус инфекциясының жаңа толқынына қарсы күрес даярлығы кең ауқымда жүргізілуде. Мысалы, Жезқазған қаласында жаңадан салынған 200 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы науқастарды қабылдауға дайындалуда. Ол модульдік тәсілмен салынған және заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қараша айына қарай Абай, Балқаш, Теміртау және Шахтинск қалаларында жұқпалы аурулар ауруханаларын қайта құру және жөндеу аяқталады, – деді облыстың бас дәрігері.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 160 науқас ем-дом алып жатыр. Күн сайын 5-6 адамнан жаман тұмаудың белгісі табылады. COVID-19 науқастарына арналған төсектік қор әзірге бар-жоғы 4%-ға ғана толыққан көрінеді. Бүгінде өңірдегі ауруханаларды заманауи медициналық техникамен жабдықтау жалғасуда. Атап айтқанда, 223 ӨЖЖ, 2400 оттегі концентраторы, 2600 пульсоксиметр, 40 цифрлық рентген аппараты сатып алынған. Сондай-ақ медициналық газдарды берудің орталықтандырылған жүйелері орнатылады. Мобильді бригадалар қосымша көліктермен қамтамасыз етілген. Компьютерлік томографтар паркі күшейтілуде. ПТР-зертханалар желісі кеңеюде, оның қуаты тәулігіне 10 мың тестке дейін өсетін көрінеді.
Е.Нұрлыбаев егде адамдар тобы үшін вирустық инфекцияның маусымдық көтерілуі кезеңінде емханаға барудың қажеті болмайтындай жағдай жасаудың амалдары қарастырылатынын айтты.
– Қарт адамдарға медициналық қызметтердің көпшілігі үйде көрсетілетін болады. Диспансерлік есепте тұрған барлық пациенттер қаңтарды қосқандағы алдағы үш айға қажетті дәрі-дәрмек қорын алады, – деді ол.
Сонымен бірге облыстың бас дәрігері тұмау мен пневмококк инфекциясына қарсы вакциналау науқаны аясында 200 мыңға жуық адамның тегін екпе алатынын жеткізді.
Бұдан сәл бұрын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аппарат жиындарының бірінде коронавирустың келесі толқынына қарсы даярлықтың жай-жапсарын талқылай келіп: «Мерекелер, тойлар, мерейтойлар тоса тұрады. Туыстар мен жақындарымыздың өмірі мен денсаулығы әлдеқайда маңыздырақ», деген болатын.
Ресми деректерге сенсек, облыста коронавирустың уытын тойтаруға қажетті дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры жасалған сыңайлы. Медициналық мекемелер мен шипагерлер қауымы төнген қауіпті бес қаруы түгел сай қарсы алуға дайын дегенді де жиі естиміз. Олай болса, ендігі жерде жаман тұмаудың болу ықтималдығы тым жоғары деп жүрген екінші толқынын ықтырудың бір жолы көп жағдайда тұрғындардың «Сақтансаң – сақтаймын» деген қағидатты терең ұғынған санасы мен түсінігіне байланысты болмақ.
Қарағанды облысы