Бірден айтайық, жоғары қызметтегі лауазымды адамдарды мемлекеттік аттестаттаудан өткізу мәселесі ауылдағы қарапайым адамдарды да бейжай қалдырған жоқ. Әсіресе, бір елді басқарып отырған аудан әкімдерінің тағдырына кәдімгідей қобалжып, қопақтап қалғанымыз да рас.
Қазақтың үш бірдей данышпан ұлдарын дүниеге әкелген қасиетті Абай елі де өз әкімдерін бәйгеге қосып, қашан сынақ біткенше көмбе түбінде «қиқулап» тұрғандай болды. Ал, ешбір көңіл жықпастыққа, атақ-даңққа, лауазым-мансапқа, тамыр-таныстыққа қарамайтын қатал сынақтан әкімдері жоғары бағамен өтіп келіп, қайта сайланғанда, шыны керек, бүкіл ел балаша қуанды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол», деген қанатты сөздің айтылуы да осыдан шығар.
Бірден айтайық, жоғары қызметтегі лауазымды адамдарды мемлекеттік аттестаттаудан өткізу мәселесі ауылдағы қарапайым адамдарды да бейжай қалдырған жоқ. Әсіресе, бір елді басқарып
отырған аудан әкімдерінің тағдырына кәдімгідей қобалжып, қопақтап қалғанымыз да рас.
Қазақтың үш бірдей данышпан ұлдарын дүниеге әкелген қасиетті Абай елі де өз әкімдерін бәйгеге қосып, қашан сынақ біткенше көмбе түбінде «қиқулап» тұрғандай болды. Ал, ешбір көңіл жықпастыққа, атақ-даңққа, лауазым-мансапқа, тамыр-таныстыққа қарамайтын қатал сынақтан әкімдері жоғары бағамен өтіп келіп, қайта сайланғанда, шыны керек, бүкіл ел балаша қуанды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол», деген қанатты сөздің айтылуы да осыдан шығар.
Бірде, Алаштың ардақты азаматы, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің: «Абай еліне әкім болу әрі – бақ, әрі – сор. Бақ болатын себебі – ұлылар еліне басшы болу әркімнің пешенесіне жазыла бермейді. Ал, сор болатыны – исі қазақ қарап отырған елді көш соңына қалдыруға ешкімнің қақысы жоқ», дегені бар. Шындығында солай.
Атақ-даңқы алты Алашты шарлаған Абай елінің тағдыр-талайы оп-оңай болған жоқ. Кешегі кеңес дәуіріндегі Шәкәрім қажы жазықсыз оққа ұшатын «Шыңғыстау көтерілісінен» бастап, бейбіт халықты қырық жыл қырғынға ұшыратқан атом алапатының аяқталуына дейінгі ғасырға пара-пар аласапыран жылдарда ел не көрмеді дейсіз?! Бәрін де көрді. Бәріне де шыдады. Аяқ-қолы бірдей босайтын азаттықтың ақ таңын аңсады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын сол запырансыз заман туғанда абыз ақсақалымыз, халық ақыны Шәкір Әбеновтің тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бүкіл Алаш баласының атынан ақ бата беруі де сондықтан шығар.
Рас, Абай елін сол кеңес дәуірі кезінде де шып-шырғасын шығармай, айрандай ұйытып, абырой-атағын асқақтатып ұстаған басшылар да көп болды. Әсіресе, көрнекті қоғам қайраткері, бүгінде сексенді алқымдап қалған аяулы ақсақалымыз Хафиз Матаевтың тұсында Абай ауданы еңбекте де, өнерде де, спортта да дәуірлеп тұрды. Одан кейінгі басшылар да «жұмыс істемеді» деуден аулақпыз. Әрқайсысы хал-қадірінше елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға атсалысып жатты. Сондай-ақ, барды жоғалтып, жоқты таба алмай тақыр таза кеткендері де, халықтың наразылығына ұшырағандары да болып жатты. Хакім Абайдың бүкіл Алаш баласы болып атап өткен 150 жылдық мерекесінен кейінгі оншақты жылда ауданда айтарлықтай өзгеріс бола қойған жоқ. Қайта бары жоғалып, азы тоналып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатты. Аудан абдырап қалды.

Сөйтіп, дел-сал болып жүргенімізде Шығыс өңіріне жаңа басшы келді. Жай келген жоқ, өзі отырған ақ үйдің алдындағы Лениннің орнына Абайдың ескерткішін қойғызып ерлік жасап келді. «Құдай берді, көсегеміз көгеретін болды», дедік. Солай болды да.
Алғашқы сапарын Абай ауданынан бастаған Бердібек Сапарбаев бала-шағасын қосқанда 20 мыңға жетпейтін аз ғана халқы бар, алақандай Абай елінің «жүдеулеу» көркін өз көзімен көріп кетті. Іле-шала барлық аудан әкімдері бас қосқан үлкен бір алқалы жиында: «Абай – бар қазақтың данасы. Олай болса, оның елін жұтатып қою бәрімізге сын, ойланыңыздар», депті.
Артынша өзі Абай елін басқаруға жаңа әкім әкелді. Шыңғыстаудың Құндызды өңірінде жатқан әйгілі Ақтамберді жырау мен Ақтайлақ билердің тұқымы саналатын Тұрсынғазы Жантұяқұлы Мүсәпірбековті жұрт Семей қаласы әкімінің орынбасары болып көп жылдар бойы қызмет істеген білікті маман, білгір азамат ретінде білетін. Қуана қарсы алды. Әкім бірер ай салт келіп істеді. Отбасы көшіп келмеді. Бұрынғы әкімдер салып кеткен Қарауылдың қақ ортасындағы екі қабатты зәулім коттедж бос тұрды. Ел «гу» ете түсті. «Уақытша келген ғой, біздің әкімнің орындығы да ойнамалы жілік сияқты болып кеткен-ау, сірә», дегендер де болды.
Бірақ әкім кетпеді. Ауыл шетіндегі екі отбасылық пәтердің жартысын сатып алып, соған бала-шағасымен кірді. Коттеджді «қонақүй» жасауға берді. Бұл да ауданның зәру нәрсесі болатын. Жұрттың жүрегі жылып қалды. «Алайын, тонайын», деп келген әкім емес, «болайын, жанайын» деп келген басшы екен, «қолдасайық, қорғасайық» десіп, оны жағалай бастады жұрт.
Содан бері де, міне, үш жылдың жүзі болыпты. Жапырағына жан бітіп, тамырына қан жүгірген қара ағаштай биік ел келбеті аз жылда ажарына қайта кіріп, оңалып, гүлдей бастады. Әсіресе, жыл сайын мыңдаған қонақты құшақ жая қарсы алып, мыңдаған қонақты қошеметтеп шығарып салатын аудан орталығы Қарауыл адам танымастай кескін-келбетке, керемет кейіпке оранып келеді.
Бір кездері Хафиз Матаев еккізген тал-ағаштың тамырына балта шабылып, қурағаны қурап, қурамағаны отқа жағылып кетіп еді, енді бүгін еңсе тіктеп, жайқала бастаған жас талдардың жап-жасыл көркі көз қуантып, көңіл өсіреді. Ол, ол ма, қайтадан қалыпқа келтіріліп, қайтадан гүл егіліп, шым төселген, кешкі уақытта сан түрлі бояуға малынып, самаладай нұр шашатын электр шамдары мен субұрқақтар орнатылған скверлер, гүл алаңдары мәдениетті ел тірлігінің мәйегін аңғартқандай.
Баяғыда коммунистік партияның бар кезінде Хафиз Матаев республика басшыларының өзінен ұлы Абайды арқаланып көптеген мәселелерді шешіп алып жатушы еді, дәл сондай ел тіршілігіне ауадай қажетті қомақты қаражаттарды біздің Тұрсекең де жалтақтап жасырынбай, қорқақтап қобалжымай сұрап алып жатады. Айталық, облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлының өзі бас болып, бір ғана аудан орталығынан бірер жылда екі спорт залы, екі хоккей және кіші футбол алаңдары салынып пайдалануға берілді. Бекең бастамашы болған «Туған жерге – тағзым!» акциясы бойынша елдің үлкен меценат азаматы Шыңғыс Медғатұлы Құтжанов 70 миллионнан астам қаржы шығарып, тағы да бір зәулім спорт мектебін салып жатыр.
Дәл осындай жағдай ауданның елді мекендерінде ойдағыдай жүзеге асуда. Тоқырау кезеңінің толқынына ұшырап, тапа-тал түсте талан-таражға түскен ауылдардағы мәдени ошақтар қайтадан қалыпқа келтіріліп жатыр. Мәселен, Құндызды, Қасқабұлақ, Медеу, Көкбай ауылдарындағы клуб үйлері қайыра жөнделіп, пайдалануға берілсе, опырылып орыны ғана қалған Арқат, Саржал, Тоқтамыс ауылдарындағы мәдениет үйлері мен кітапханалары қайта салынуда.
Жаңа жоғары жақтан жөні мен ретін тауып сұрай білудің де үлкен өнер екенін айттық. Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығы, Шәкәрім Құдайбердиевтің 155 жылдығы қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тек Абай ауданына ғана 500 млн. теңге көлемінде қомақты қаражат бөлсе, соның нәтижесінде аудан орталығында жаңадан өлкетану мұражайы ашылды. Орталық мәдениет үйі толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. «Жастар үйі» бой көтерді. Үш қабатты кітапхана кірсе шыққысыз кейіпке келді. Абай елінің азаматы Ерлан Бәтташұлының тікелей қаражатымен қазіргі заманға сай қайта жөнделіп, пайдалануға берілген екі қабатты қонақүйі соңғы бірер жылдардың тамаша жемісі.
Асылында, әр әкімнің қызмет істеу қабілеті әртүрлі болады. Біздіңше, Тұрсынғазы Мүсәпірбеков – ой мен ақылды қатар ұстайтын, кеудесі кең сарайдай ашық, оқып-тоқығаны мол, іші мен сырты бірдей білікті адам. Ол тоқмейілсуді, тоқырап-тоқтауды көп жақтырмайды. «Болғанның үстіне бола түссе екен, толғанның үстіне тола түссе екен», дейтін жан. Қасында жүріп, бірге қызмет істемесем де, сырттай аңысын аңдып, барысын бақылап жүретін жанашыр ағасы болғандықтан, байқаймын, ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Кәдімгідей шығармашылықпен жұмыс істейді. Айталық, Абай ауданының «Қаламқас» халық ансамблінің атақ-даңқы кешегі кеңес дәуірі кезінде де, одан бері де аспандап тұрды. Кең-байтақ елімізді былай қойғанда, көптеген шет мемлекеттердің салтанатты сарайларын әсем сазға бөледі. Осы ансамбльдің соңғы уақытта біраз тоқырап қалғаны да рас. Әкім соны ретке келтірді. Оны құрамында 70-ке жуық ауыл өнерпаздарын жинақтаған «Қаламқас» халық ансамблінің былтырғы облыстық өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алғанынан, биыл Астана қаласына 100 адамдық құраммен барып, елордалықтардың құрмет-қошеметіне бөленіп қайтқанынан аңғаруға болады.
Қашан көрсең, қолында қағаз-қалам. «Мынаны былай істесек, мынаны өйтсек, бүйтсек», деп ақылдастар алқасымен әңгіме-дүкен құрып отырғаны. Бастапқы үлгі, эскиз өзінікі. Келісе келіп, ол ойлар өзгеріп жатуы да мүмкін. Ең бастысы – идея бар. Үнсіз, тым-тырыс отыру жоқ. Идея демекші, ел көсемі әйгілі әз Тәукенің өзіне серік болған Әнет бабаға, әнші жерлесіміз марқұм Жәнібек Кәрменовке де аудан орталығынан ескерткіш салдырған осы адам. Басқа жақтан бас ұрып, «ақша сұрағыш» мамандар іздемей-ақ, жергілікті жердегі мүсінші-сәулетші, суретші жігіттерді жанына жинақтап, Шәкәрім баба ескерткішін салуға да кірісіп кетті. Қарауылдың басты көшелеріндегі жол жиегінде тұрған әртүрлі аңдардың әсем мүсіндері де әкім идеясынан туған шаруалар.
Қарауыл ауылында елді мекен тақиясына тар келетін шағын зауыт бар. Кешегі кеңес дәуірінің келмеске кетер тұсында салынып, бірер жылдың шамасында халыққа қара, қызыл тон кигізіп те үлгерген қазақ пен түріктің бұл бірлескен зауыты «Дерикар» аталатын. Амал не, жаппай жекешелендіру кезінде ол да қолды бола жаздап, ел азаматы Тасболат Битеновтің табандылығының арқасында қаз-қалпында сақталып қалған болатын. Әкім болып сайланғанның ертесінде-ақ соны аралап көрген Тұрсынғазы Жантұяқұлы бірден шешімге келді. «Жұмыс істету керек.
Тұрсынғазы малды ауданның жағдайын жақсы біледі. Сонау бір кездерде Таскескен ауданының әкімі болып тұрған шағында қойдан өндірілетін өнімді, әсіресе, жүнді кәдеге жарату ісімен қатты айналысқан. Абай ауданының шаруашылықтарындағы жүн жетіп артылады. Өткізетін жері, сақтайтын орны болмағандықтан, шаруа қожалықтары қыруар байлықты қоралардың тесігін бітеуге жұмсап, қайрансыздықтың қамытын киіп жатқан. Әкім зауыт иесі, облыстық мәслихаттың депутаты Тасболат Битеновпен ақылдаса отырып, жоғары жаққа хат жолдады. Зауыттың бүгіні мен келешегі жөнінде кең көлемді іс-жоспар жасап, субвенция сұрады. Соның нәтижесінде өмірге жаңа бір өндіріс орыны келді. Онда қойдан алынған жүнді сұрыптау, жуып-кептіру, тайлау технологиясының барлық тәртібі сақталған. Болашақта 100 кісі жұмыс істей алатын цех пайдалануға берілді. Бүгінде оған 35 адам жұмысқа тартылған. Дайындалған жүнді Қытай, Ресей сияқты көршілес елдерге сату мәселесі де қолға алынып жатыр.
Былай қараған адамға осының бәрі оп-оңай шаруа сияқты. Ал, түптеп келгенде, қаншама ерік-жігерді, табандылықты талап ететін жұмыстар десеңізші. Халыққа қызмет етудің, сол арқылы оларға жақындай білудің бір үлгісі де осы шығар...
Бұдан үш-төрт жыл бұрын облыс әкімі жүлдесі үшін болып жататын өңірлік спартакиадада ауданның құрама командасы қазақша күрестен, басқа барлық спорт түрінен ең артта қалып қалатын. Биылғы жылы аудан жастары ортадан жоғары орынға көтерілді. Небәрі 15 мың шамасында ғана халқы бар аудан үшін бұл аз көрсеткіш емес. Ат спортынан да, жеңіл атлетикадан да алға басушылық байқалады. Абайлық атбегі азамат Аян Жарылғаповтың қылқұйрықтары қазір облыс шабандоздарын шаңға бөктіре бастады. Бұл да болса көңіл бөліп, назар аударудың арқасы.
Рас, абайлық балуандардың атақ-даңқы бұрын да, бүгінде бүкіл алашқа әйгілі. Бір кездері қазақша күрестен Орталық Азияның чемпиондары болған Нығыман Сәдуақасов пен екі дүркін республиканың түйе балуаны атанған Мағау Оразбековтің ізбасарлары қазір әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүр. Сөз жоқ, бұған аудан әкімінің тікелей басшылығымен жыл сайын қарауылда қазақша күрестен өткізіліп жүрген Мағау Оразбеков пен Манарбек Таутановтың атындағы облыстық, республикалық жарыстардың жасап отырған ықпалы ерекше. Жақында ғана абайлық балуан Айбек Нұғымаровтың «Қазақстан Барысы» атануы Абай еліндегі спорттық ахуалдың жоғары дәрежеде екендігін көрсетсе керек.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз осындайдан айтылған шығар. Тұрсынғазы Жантұяқұлының республикалық аттестациядан ойдағыдай өтуіне тілектес болып, өтіп келіп, қайта сайланғанда бүкіл аудан жұртшылығы болып қуанып жатуының себебі де осыдан.
Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы,
Қарауыл ауылы.