Экология • 21 Қазан, 2020

Жаһанды жасыл желек құтқарады

2780 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Адамзаттың ақыл-ойы табиғат заңымен үйлеспесе, онда ол бақытсыздыққа ұшырайды», деген екен Анахарсис. Бүгінде әлемде адамзатқа ортақ проблема көп. Соның бірі әрі бірегейі – қоршаған ортаны қорғау. Кейінгі кезде оның жағдайы туралы дүние жүзіндегі аты шулы ғалымдар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар аз дабыл қағып жатқан жоқ.

Жаһанды жасыл желек құтқарады

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жер бетінде жасыл желектің азайып, атмосферада көмір қышқыл газының ондаған есе артуынан жаһанда ауа райы өзгерді. Өзен-көлдер суалып, құрғақ­шылық жайлады. Көмір қышқыл газы мұхит­тардағы су құрамын өзгертіп, ондағы тіршілік иелеріне үлкен қауіп төнді­руде. Өндіріс орындары ашылып, ав­томобиль және басқа да техника түрлері көптеп шығарылуынан атмосфера күн сайын ластанып, жерді көк түтін құрсап келеді. Көк түтін тропосфера мен стра­тосфера арасында бұлт (смог) түзіп, жер бетіне күн сәулесін толық түсір­меуде. Антарктида мен Солтүстік мұзды мұхиттағы мәңгілік мұздар еріп, ондағы су деңгейі көтерілді. Жаһандық жы­лыну­дың зардабы туралы аз айтылып жат­қан жоқ. Бұл үдеріс осылай жалғаса бер­се, ертеңгі күніміз не болады? Оны ауыз­дықтаудың, еңсерудің жолдары жоқ па?

Биыл ақпан айында БҰҰ-да өткен бас­қосуда осы мәселе кеңінен талқыланды. Оған әйгілі ғалымдар мен экологтар қаты­сып, пікірлерін білдірді. Жиынға қа­тысу­шылар қызу пікірталастан кейін пла­­нетаны сауықтыру, ауаға шыға­рылатын зиянды заттарды азайту үшін дүние жүзінде 1 трлн ағаш егу керек деген пәтуаға келді.

«Орман – жердің өкпесі», «Жасыл желек – жер көркі». Ағаш – құнды құры­лыс материалы, отын, жанға дауа, жерге сая. Адам орта есеппен күнделікті 2-3 кило тағам, 4-5 литр су тұтынады. Ал бір тәулікте 20 кило оттегімен тыныстайды. Демек, оттегісіз бір сәт те өмір сүре алмай­ды. Адамзат ес жиып, етек жапқан кезде жер бетін тұтас орман көмкеріп, 8 млрд гектардан астам жасыл желек жайқалып тұрған екен . Статистика оның 3 млрд гектардан астамы отқа оранғанын алға тартады. От-ойран орман-тоғайды әлі де аяусыз жалмап келеді. Былтыр Аустралияда бірнеше айға созылған өрттің кесірінен 11 млн гектар орман күлге айналды. Әлемде жыл сайын ха­лық шаруашылығы қажеттілігі үшін 30 млн гектарға жуық ағаш оталады. Кездейсоқ өрттен айырылып жатқан өсім­діктер қаншама? Соның салдарынан бү­гінде планетада 4 млрд гектарға жуық ғана жасыл желек қалған. Анахарсис бабамыз ескерткендей, адамзат үшін оның зардабы аз болған жоқ. Жасыл желектен айырылған алқаптар дауылдың салдарынан құнарынан айырылып, азып-тозуға, яғни деградацияға ұшырады.

Жалаңаш қалған аумақтарда судың қоры азайды. Ең сорақысы, климат өзгерді. Көп жерде құрғақшылық белең алды. Ағаштың қадір-қасиетін ежелден жақ­сы білетін ата-бабаларымыз: «Бір тал кессең, он тал ек» деп текке айтпаса керек. Өкінішке қарай, осынау қанатты сөздің байыбына әлі күнге бара алмай жүргенімізді ойласаң, көңілің алағай да бұлағай болады.

Жасыл желектің көмір қышқыл газын сіңіріп, оттегін шығаратынын, жердің құнарын сақтап, су қорын молайтатынын кавказдықтардың жақсы білетіні, соған сай әрекет ететіні қуантады. Осыдан 43 жыл бұрын дәм-тұз бұйырып, Солтүстік Кавказда, Краснодар өлкесінде әскери борышымды өтедім. Жолда әр шақырым сайын желдің өтіне қарсы егілген жал ормандардан көз сүрінеді. Әрбір жал орманда егілген тал 4-5 қатардан аспайды.Үлкен кісілерден мұның себебін сұ­рауға тура келді. Олар осындай жал орман­дардың егістікті жел эрозиясынан сақтайтынын, қыста қар тоқтататынын айтты. Мұның өзі нәтижесіз емес. Кав­каздықтар дәнді дақылдардың әр гектарынан аз дегенде 30 центнерден жоғары дән жинайды.

Ал елімізде әр гектардан 20 центнерден өнім алса, бөріктерін аспанға атады. Осындай жал ормандардың өсіріл­меуінен қыста жел егістіктердегі қарды сай-салаға, қала берді елді мекендерге тоғытады. Жалаңаш қалған алқаптардағы күздіктің біразы үсіп кетеді. Т.Рысқұлов ауданының аумағында біраз жерде осындай игі іс қолға алынған болатын. Олар қазір де жайқалып, егіске қорғаныш, жерге көрік, көзге қуаныш болып тұр. Өкінішке қарай, бастама аяқсыз қалды. Мұның өзі жал ормандарды жерімізде өсіруге мүмкіндік мол екенін көрсетеді.

Қазақстан әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орынды иеленеді. Жер кең-байтақ болғанымен Қазақстанда орман қоры небәрі 4 пайызды құрайды. Еліміздегі орман алқабы 6 млн гектардан аспайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қор­шаған ортаны қорғау және эколо­гиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұрт­шылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды» деп ерекше атап көр­сетті. Президент сондай-ақ «Бес жыл ішін­де орман алқабында 2 млрд, елді ме­кен­дерде 15 млн ағаш отырғызылады», деді.

«Істің басы – ниет». Ниет болса, та­қыр жерді де гүлдендіруге болады. Бұған Нұр-Сұлтан қаласының айналасында Елба­сының бастамасымен егілген жасыл белдеу айқын айғақ. Н.Назарбаев осы істі қолға алған кезде «Бұл жерде ағаш өс­пейді» деп сәуегейлік жасағандар да болды...

Ағаш өсіру адамдарға айтарлықтай табыс та әкеледі. Өткен ғасырдың сек­сенінші жылдары Жуалы ауданында бірқатар тұрғындар шағын орман өсіруді қолға алды. Әбділ Жұманов, Жолдыхан Беков сияқты азаматтар атшаптырым аумақта терек өсірді. Оларға да бірқатар ауылдастары «Бұл әрекетіңнен түк шық­пайды. Босқа арамтер боласың» деп «жанашырлық» танытқан екен.

Уақыттан ұшқыр ешнәрсе жоқ. Арада 12-15 жыл өткен кезде теректердің діңі жуандап, құрылыс материалдарына жарап қалды. Шағын орман өсірушілерге құрылыс салушылар Тараз бен Шымкент шаһарларынан лек-легімен ағылды. Терек­терді жүк көліктеріне тиеп, оны өсірушілерге десте-десте ақша ұсын­ған алушыларды көрген бұрынғы «сәуе­гейлер»: «Япыр-ай, ағаш өсіру де бизнес екен ғой» деп бастарын шайқады. Адал еңбек еш кетпейді. Жуалыда қазір де ну орман өсіріп, еңбегінің жемісін көріп жүргендер бар. Бағбандар облыс аума­ғында құрғақшылыққа төзімді терек және қарағаш егудің тиімді екенін айтады.

Жасыл желек көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары үшін аса қажет. Жазда күн шыжыған кезде адам көп шоғыр­ланған жерде ауа жетпей кетеді. Әлбетте, үйдің айналасында тал-дарақ қаулап, жайқалып тұрса, әрі оттегі, әрі сая. Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дарының ортасында Таразда көпқабатты үйлерге қоныстанған тұрғындар бір кісідей ұйымдасып, аулаларына алуан түрлі сәндік ағаштар өсірді. Оның игілігін қазір ұрпақтары да көріп отыр. Өкінішке қарай, еліміз Тәуелсіздік алған кезде пайдалануға берілген Астана, Бәйтерек және Арай-2 шағын аудандарында көгалдандыру қолға алынбай келеді.

Бәйтерек және Арай-2 шағын аудандарында көріктендіру-көгалдандырумен шұғылданған мердігерлер ондаған млн теңгеге сәндік ағаш – қарағай көшет­терін отырғызды. Көшелерге де, көп­қабатты үйлерге де көрік беріп тұрған қарағайлар жаз ортасында жаппай қурап қалды. Қыруар ақша, есіл еңбек далаға кетті. Өсімдікті еккеннен кейін тым болмаса тамырын терең жайғанша екі жыл суару керек еді. Көшеттерді отырғызғаннан кейін шаруаны біттіге санайтын қырсыздығымыздан қашан арылар екенбіз? Келешекте осындай көзбояушылықтан арылмасақ, шаһардың ажары ашылмайды. Мемлекет жұртқа жақсылық жасап сәндік ағашына дейін егіп берді. Тұрғындар игі істі неге іліп әкетіп жалғастырмайды? «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, бойымызды бойкүйездік, масылдық жайлап алған. Бізге барлығын мемлекет немесе біреу істеп беру керек. Арамызда жүрегі ізгілікке толы жандар да жоқ емес екен. Арай-2 шағын ауданындағы нөмірі жетінші көпқабатты үйдің көше жағынан тротуармен жүрген адам өзін саябақты аралап жүргендей сезінеді. Алуан сәндік ағаштар мен гүлдер көздің жауын алады. Әсемдік пен жұпар ауа жаныңды жадыратады, бойыңды сергітеді. Осы үйдің тұрғындары бұл игі істі үш жыл бұрын қолға алған болатын. Уақтылы суарылып, тиісті күтім көрген өсімдіктер қысқа мерзімде жайқалып шыға келді. «Жақ­сыны көрмек үшін». Осындай ізгілікті де игілікті істерден неге үлгі алмаймыз?

Еліміздегі орман-тоғайлардың дені Жам­был өңірінде шоғырланған. Облыстағы орман ағаштарымен көм­керілген жер 2 млн 357 мың гектарды құрайды. Мемлекеттік орман қоры аумағындағы 49 гектар тұқымбақтарда ағаш көшеттері тұқымынан өсіріледі. Өткен жылы 1 730 гектар алқапқа орман екпелері көшеттерімен отырғызылған. Биыл ағаш көшеттерін 3 050 гектар орман қорына отырғызу, сексеул тұқымын 2 250 гектар алқапқа себу жоспарланған.

– Бұл жұмыс еңсеріліп келеді. Ол үшін 5 300 гектар алқап таңдалып алын­ды, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасының басшысы Аслан Оразбеков.

Басқармаға қарасты 15 орман шаруа­шылығы мекемесі былтыр 59,6 гектар алқапқа қарағаш, жүзген және сексеуіл орналастырған. 2018 жылы облыс әкім­дігінің ормандарды молайту және орман өсіру көлемін ұлғайтудың 2019- 2030 жылдарға арналған қадамдық жоспары Ауыл шаруашылығы министрлігінде бекітілді. Мұның өзі орман көшеттерін отырғызу көлемін 2030 жылы 5 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Ме­ке­меде жасыл желекті өрттен, түр­­лі зиянкестерден қорғау жолында айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Әйтсе де Жамбыл өңірін түлетуге бұл жұ­мыстар аздық етеді. Тал-дарақ егу, же­рімізді көркейту – барша халықтық сипат алуы тиіс.

«Атадан мал қалғанша тал қалсын» дейді халқымыз. Мұның астарында терең мағына жатыр. Бұл істе аға ұрпақ жас буынға өнеге көрсетуі тиіс. Қоршаған ортаны Отан қорғағандай қорғау керек. Көктемде шыбықты шаншумен шаруаны біттіге санамай, оған тұрақты күтім жасауды дұрыс жолға қоятын кез жетті. Экологтар мен бағбандар көшеттерді күзде отырғызудың артықшылығы көп екенін айтады. Көктемде егілгендерге қарағанда оның көпшілігі көктеп, өсіп кетеді екен. «Көз қорқақ, қол батыр». Ниет етіп жасыл желек өсірген адам мін­детті түрде еңбегінің жемісін көреді. Бұл маңызды шаруа баршамыз үшін, әуелі жер-анамызды сауықтыру үшін қажет. Көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сергек азаматтарды бұл әңгіме бейжай қалдырмайды деген сенімдеміз.

 

Ақылжан МАМЫТ,

журналист

 

Жамбыл облысы