Қоғам • 21 Қазан, 2020

Жыл құстарының ерекшелігі неде?

1825 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл құстары наурыз айында ұшып келіп, өніп-өсіп, қараша айында жылы жаққа ұшып кетеді. Құстардың қоныс аударуының басты себебі – ауа-райының суытып, қыс мезгілінің келуі.

Жыл құстарының ерекшелігі неде?

Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Дымқыл тұман басқан күз­дегі суық пен аштық құстарды солтүстік жарты шардан оң­түс­тік өлкеге қарай ұшып ке­туіне себепші болады. Ал тай­га мен тундрадағы, яғни сол­түстік ай­мақтардағы құстар Қазақ­станға қыстау үшін ұшып келеді. Бұл арада құстар­дың қайтатын уақыты да әртүрлі болады. Құс­­тар жолдың ұзақтығына бай­ланысты әр жерлерге тоқтап ұша­тындықтан, жолдың өзіне екі айға жуық уақыт кетеді. Ал құстардың түрлі қиындықтарға қарамастан, Отанына оралуына олардың тір­шілікке неғұрлым қолайлы орта іздейтіндігі себеп болады. Мысалы, жазда оңтүстікке қара­ғанда солтүстік аймақтарда күн мейлінше ұзақ болады. Бұл құстардың күні бойы қорек іздеп, балапандарын қиындықсыз асырауына көбірек мүмкіндік береді. Орнитологтардың айтуы бойынша, ұсақ құстар үшін ұшудың орташа жылдамдығы сағатына 30 шақырым, ал үл­кендер үшін сағатына 80 ша­қырымды құрайды.

Тарбағатай мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі аумағында құс­тар­дың 19 топқа және 54 тұ­қым­дасқа жататын 272 түрі кез­­деседі. Соның ішінде жыл құс­­тары 88 түрді (32,4%) құ­райды.

Шалғын құладыны (Circus pygargus) атты жыртқыш құс ашық ылғалды жерлерде: өзен аңғарларына, көлдердің шөпті жағаларына ұя салғанды жөн көреді. Ұшу биіктігі аса жоғары емес. Шалғын құладыны – жырт­­қыш құстардың ішіндегі ең кішкентай өкілі. Денесінің ұзын­дығы 52 см-ден аспайды, қанаты 1,2 м, ересек еркек шалғын құла­дынның салмағы 305 грамды құрайды. Қыстау үшін шалғын құладыны Африка мен Азияның тропиктеріне ұшады.

Қызғылт бірқазан (Pelecanus onocrotalus) – үлкен суда жүзетін құс. Қыз­­ғылт бірқазан аталы­ғының денесінің ұзындығы 1,8 метрге жетеді. Бұл құстың қана­тының жазылғандағы ұзындығы – 3,8 м, салмағы – 15 кило, ал аналығы – 10 кило. Бір­қазанның бұл түрінің қыс­тайтын жері Парсы шы­ғанағынан Үндістан жағалауына дейінгі аумақты алып жатыр.

Ұшып келген құстар ұя­ларын қалай табады? Негі­зінде, құстар ұяларын не қор­шап тұрғанын жақсы есте сақ­тайды, сосын, ешбір қиын­дық­сыз таба алады. Тіпті орни­тология ғалымдары жүр­гіз­ген эксперименттердің нә­ти­желері, ұяларды өздерінің әдеттегі орындарынан жүзде­ген шақырымға жылжытып ор­на­ластырғанның өзінде құс­тар еш қиындықсыз тапқанын көрсетті. Бұл дегеніміз, керемет есте сақтау қабілетімен қатар түйсігінің ерекше дамы­ғандығы арқылы олар туған ұяларына ешбір қиын­дықсыз жете алады.

Күзде ұшып кететін немесе солтүс­тіктен ұшып келе­тін құс­­тарды қауыр­сын жамыл­ғы­сынан байқауға болады. Құстар көркем жарқын түсті болса, олардың жылу сүйгіш екендігін аңғар­тады. Құстар түсі, өмір салты, өлше­мі және басқа да ерекшеліктеріндегі айыр­ма­шы­лықтарға қарамастан, Тар­бағатай тауы табиғатының керемет және таңға­жайып құрам­дас бөлігі саналады.

 

Ринат ҚАБСЕМЕТОВ,

«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің кіші ғылыми қызметкері

 

Шығыс Қазақстан облысы