Өнер • 21 Қазан, 2020

Алан Бөрібаев: Бұл жоба ілгерідегі ізденістерімнің жалғасы

565 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жақында «Астана Опера» театры сахнасында әлемдік деңгейдегі әйгілі дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаевтың «Мольер, Вольтер және Бомарше немесе француз комедиясының негізін салушылар» атты бірегей авторлық жобасының премьерасы зор табыспен өтті. Маэстро кезекті рет көрермендер аудиториясына отандық қана емес, сонымен қатар халықаралық музыка әлемінде де теңдесі жоқ бағдарлама ұсынуға қабілетті жоғары деңгейдегі кәсіби маман екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кеш соңында айтулы жоба турасында талантты дирижермен аз-кем ой бөліскен едік.

Алан Бөрібаев: Бұл жоба ілгерідегі ізденістерімнің жалғасы

– Алан Асқарұлы, аса жоға­ры тал­ғампаздықпен жүзеге асы­рыл­ған «Мольер, Вольтер және Бомар­ше неме­се француз ко­медия­сының негі­зін салушылар» жоба­сының идея­сы қа­лай туды?

– Аталмыш концертті арнайы «Астана Опера» театрының көрер­мендері үшін ойластырдым. Осынау күрделі кезеңде көрермендеріміз үшін жан қуантарлық бір дүние жаса­ғым келді. Бұл концерт француз коме­диясының шамамен 150 жыл бойын­дағы даму тарихының көрнекі мысалы болып табылады. Концерт өз дәуірінде комедия жанрының деңгейі мен маңызын биік белеске көтерген Францияның ұлы драматургтеріне арналған үлкен үш бөлімнен тұрады. Кештің әлқиссасын әуелі француз комедиясы «Алтын ғасырының» өкілі, яғни француз комедиясының атасы болып саналатын Мольерден бастаймыз, кейін «Ағарту дәуіріндегі» Вольтердің шығармашылығына көшеміз де, ұлы драматург Бомаршенің комедияларымен аяқтаймыз. Аталған концертте «Астана Опера» театрының сан қырлы мүмкіндіктері пайдаланылды. Кеште миманс және балет әртістерінің қатысуымен Мольердің кейіпкері Журден мырзаның монологы түріндегі драмалық тұстар да, көптеген солистердің қатысуымен Моцарт шығармаларына тән финал түріндегі опера да, драматургтердің және олардың туындылары бойынша тамаша музыка жазып шыққан композиторлардың шығармашылық әрі өмірлік бейнесін ашып, нақыштай түсетін әдеби арқау да бар. Бұл концерт белгілі бір дәрежеде симфониялық өнер, классикалық әдебиет, драма теат­ры, пантомима, балет хореография­сы және опера өнерлерінің әмбебап синтезін дүниеге әкелуге деген талпыныс болып табылады.

– Толығырақ айтып өтіңізші...

– Әрине, қуана-қуана айтамын. Кешіміздің алғашқы кейіпкері Жан Батист Мольер – Күн Патшасының, Людовик XIV-нің дәуіріндегі Фран­ция­ның ұлы комедиографы. Адам әлсіздігін жануарлар туралы мысалдарымен көрсететін ақын досы Лафонтен сияқты Мольер де өз комедияларында адамдардың ұнамсыз қылықтарын келеке етеді. Мәселен, атақты «Тартюф» комедиясында екіжүзділікті көрсетсе, тіпті кейде өз пьесаларын адам бойын­дағы кемістіктермен атайды. Оған мы­сал ретінде «Мизантроп» немесе «Сараңды» алып қарауға болады. Ал «Дворян кейпіндегі мещан» шығар­масында Мольер тектілікті ақ­шаға сатып аламын деп ойлаған Журден мырзаны әжуа қылады. Ай­тулы комедияның премьерасы 1670 жылы өтті. Ал жиыр­масыншы ғасырда немістің ұлы композиторы Рихард Штраус осы пьесаға музы­калық сүйемелдеудің керемет нұсқасын өмірге әкелді. Кеште өзде­ріңіз сол тамаша сюитаны сүйсіне та­машаладыңыздар. «Қаһарман өмі­рі», «Заратустра осылай айтты» тәріз­ді ауқымды симфониялық шығар­малар тудырған кейінгі романтизм дәуірінің өкілі Рихард Штраус, шын мәнінде, Мольер дәуірінің рухын жет­кізуші десек, титтей де артық айт­қандық емес. Рихард Штраустың «Дворян кей­піндегі мещан» пьесасына ар­налған сол сюитасын өзім арнайы кон­цертте ұсынуға монолог ретінде икемдеген Мольердің мәтіндерімен бірге орындап шықтық.

Келесі кейіпкеріміз Вольтер – Ағар­ту дәуірінің ұлы жазушысы, ой­шы­лы әрі философы. Вольтер шы­­ғар­ма­­ларының желісімен Ра­моның «Наварра ханшайымы», Бел­лини­дің «Заира», Россинидің «Семи­ра­мида» және «Танкред», Вердидің «Аль­зирасы» тәрізді бірнеше керемет опера жазылған. Ал 1956 жылы көрнекті амери­калық дирижер әрі композитор Леонард Бернстайн Вольтердің «Кан­дид немесе Оптимизм» атты тамаша повесін Бродвейге арналған өткір ойлы музыкалық спектакльге айналдырған. Кеште Кунигунданың ариясы театрдың жетекші солисі Ай­зада Қапонованың орындауында көрермен назарына ұсынылды. Мұны осы мюзиклдің тура мағынасында «мұң­ды комедияның» өзі болып табылатын ең танымал үзіндісі деуге болатын шығар, сірә. Себебі ол көз жасын төгіп, еңіреп жылаған күйден бірден тоқтаусыз күлкі мен қуанышқа бөленуді талап етеді. Концерттік бағдарламаның соңы біздің ақырғы қаһарманымыз – «Фигароның үй­ленуі» және «Севильдік шаштараз» комедияларының арқасында таны­малдылыққа ие болған XVIII ға­сырдың екінші жартысындағы көр­некті драматург Пьер Огюст Бомаршеге арналды. «Фигароның үйленуі» шығармасымен таныстығы Моцартты ең данышпандық опера­ла­ры­ның бірін жазуға шабыттандырды. «Астана Опера» сахнасында кон­церттік бағдарлама аясында Моцарттың «Фигароның үйленуі» опе­расынан екінші бөлімнің финалы алғаш рет орындалды.

– Неге Моцарттың дәл осы шы­ғар­ма­сын таңдап алдыңыз? Мұның қан­­дай да бір сыры бар ма?

– Опера жанрына назар салып қа­расақ, адам нанғысыз бірнеше де­ректі кездестіреміз. Бі­ріншіден, операда адамдар өзара ән ай­ту ар­қылы сөйлеседі. Екіншісі, опе­ралық спектакль желісінде уақыт түр­лі жыл­дамдықпен сырғиды. Опера кейіп­кері ария айтып, өзін таныстырып және өз сезімдері, ойлары, күйініші, ар­мандары туралы әнмен жеткізіп жат­қанда, физикалық уақыт тоқтап қалады немесе аз дегенде баяу­лайды. Ария аяқталған соң уақыт қайтадан өзінің табиғи ағымына оралады. Әсі­ресе бұл ескі операларда айқын бай­­қалады. Атақты физик Стивен Хокинг осы бір дүние үшін операны, оның ішінде Гендельді қадір тұтатын болуы керек. Драмалық даму мен жеке ария үшін әрекет пен уақытты тоқтатып қою арасындағы синтезді табу – өте күрделі іс. Мұндай міндет әрдайым опера режиссерлерінің алдында тұрады. Ал Моцарт туралы айтатын болсақ, бүгінгі концертте орындау үшін, мен музыка мен драмалық әрекеттің мінсіз үйлесіммен бір арнаға тоғысуының үлгісі ретінде «Фигароның үйленуінен» дәл осы финалды таңдап алдым. Себебі кемеңгер Моцарттың музыкасы әр сөзге баппен ере отырып, операға өзі режиссерлік етеді. Мұнда кейіпкерлерді ойға шомдыратын шағын, өте қысқа эпизодтар бар. Ал италиялық операда бұл әр кейіп­кер өз ойлары, сезімдері туралы айтып тұратын «жанды көрініс» деп аталатын біртұтас нөмір болуы мүмкін еді. Моцарт бойынша Бомаршенің сахнада үнемі құмарлық пен шытырман оқиғаларды шиеленістіре түсетін жаңа кейіпкерлері пайда болып отыратын ерекше сюжетіне ере отырып, аталған финалда әрекет іс жүзінде тоқтамайды. Тіпті тапқыр Фигаро ке­зекті рет тығырықты жағдайдан шы­ғудың жолын тапқандай болып көрінген кезде де, әрбір келесі әрекет болып жатқан жағдайды ушықтыра түседі. Шығарманың осы ерекшелігі мені айрықша қызықтырды. Жоға­рыда айтылғандарды түйіндей ке­ле, адамзат талай жылдан бері бойы­на сіңіріп келе жатқан танымал коме­диялық фильмдер мен сериалдардың көптеген әдістері, сипаттары мен жағдайларының тамыры тым тереңде жатыр. Олар өткен замандағы ұлы комедиографтардың, оның ішінде шығармашылығында сан қырлы комедия жанрының бір ғана қырын қозғаған Вольтер, Мольер және Бо­мар­ше тәрізді тұлғалардың әдеби мұра­сынан бастау алады деп сеніммен ай­та аламын.

– Концертте куә болғанымыздай, француз классиктерінің шығарма­ла­ры біраз қысқартылып, музыка­лық бағ­дар­ламаға лайықталып өң­де­ліпті. Бұл сіздің әдеби мәтін­ді ауыс­тырудағы ал­ғашқы тәжірибе­ңіз бе?

– Жоқ, мені бұл бұрыннан қатты қызықтыратын. Мен драма теат­рын жақсы көремін. Бұған дейін У.Шекс­пирдің «Дуалы түнгі думан» пьесасын Ф.Мендельсонның музыкасына бейім­дегенмін. Бүгінгі концертте өзіңіз көрген Мольер мен Штраус шығар­маларының үйлесіміндей, Мен­дельсонның жалындаған музы­касын естігеннен-ақ менде концерт­терде орындау үшін оған ұлы Шекс­­­пирдің мәтінін бейімдеуге деген үлкен құлшыныс пайда болды. Яғни бұл тікелей музыкадан қанаттана оты­рып, мәтіндері музыкалық фраг­менттердің маңыздылығын аша түсе­тін әдеби және музыкалық баста­малардың осындай қосындысын жа­сауға деген ниет болатын. Әдетте, дра­малық бастамаларға басымдылық берілетіндігін, ал музыка жай ғана сүйемелдеу болатындығын тұспалдап көп жерде «спектакльге жазылған музыка» деп көрсетеді. Мен үшін бірінші кезекте нақты музыка қызығырақ болғандықтан, кері бағытқа сүйендім. Мұндай үйлесімді мен әр жылдары АҚШ-тың Балтимор симфониялық оркестрімен, Ирландияның Ұлттық радио және теледидар оркестрімен Дублинде, аңызға айналған Майнин­гендік Хофкапелламен Германияда және басқа да елдерде гастрольдерде жүргенде ұсынған болатынмын. Сондай-ақ драмалық негіз бен оркес­трлік орындаудың синтезінде жү­зеге асырылған тартымды жоба­лардан Игорь Стравинскийдің Грецияда орын­далған «Солдат тарихы» шығар­масы ойға оралады. Ол кезде мен алғаш рет қуыршақ театрымен ынты­мақтасқан болатынмын. Бұл жоба сол із­деніс­терімінің жалғасы десе де болады.

– Алдағы шығармашылық жос­пар­­ларыңызбен бөлісе кетсеңіз, қа­зір немен айналысып жүрсіз?

– Алдағы жоспарда театрымызда Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсының премьерасы тұр. Біртіндеп халықаралық концерттік қызмет жанданып келеді. Менің карантиннен кейінгі алғашқы гастрольдік сапарым Санкт-Петерборда өтпек. Онда Санкт-Петербор филармониясының Ака­демиялық симфониялық оркестрінің 90 жылдығына арналған ғажап бағ­дар­­ламаға дирижерлік етемін. Өз­деріңіз біле­тіндей, бүкіләлемдік локдаун өнер­ді жеткізудің жаңа түр­лерін іздестіруге деген ынтаны оятты, тың әрі күтпеген колла­бора­ция­ларға итермеледі. Осындай өзге­ше кезеңде жер-жаһанның барлық мәде­ниет өкілдері бұл әлемді сезініп, қабыл­даудағы өзгерістер біз ойламаған қан­дай өнер түрлері ретінде көрініс табатынын зор ықыласпен күтуде.

– Өзіңіз шәкірт тәрбиелейсіз бе? Талап­керлерді музыкаға баулудың қандай ұтымды жолдарын ұсынар едіңіз?

– Иә, әрине, белгілі бір идеялар бар. Ұзақмерзімді жоспарлар тура­лы айтатын болсақ, мәселен, өз дайындықтарыма оқушылар мен сту­денттерді шақырғым келеді. Тіпті дайындықтар барысында музыканың қалай дүниеге келетінін сезінулері үшін, оларды оркестрдің ішіне отыр­ғызып қояр едім. Адамның үйлесімді дамуы үшін жас өркендер жастайынан музыка, көркем сурет, әдебиет және әрине, театрмен танысып, шабыт ала білулері үшін жағдай жасау керек деп есептеймін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

 Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»