Әлем • 21 Қазан, 2020

Төбемізден төнген «бомба»

295 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент дайындайтын Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.

Оқырман назарына ұсынылып отырған екі мақала да қазіргі таңда өзекті. Бүкіл әлемді әуре-сарсаңға салған коронавирус індетімен күрес әр елде түрлі бағытта жүріп жат­қаны белгілі. Тұманды Альбиондағы беделді саналатын University College London универ­ситетінің профессорлары Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның «Айды ату операциясы» (Moonshot operation) деп аталатын бағдарламасын сынға алады. Мақала авторларының пайымдауынша, күнделікті тестілеу санын көп мөлшерде жүргізгенімен, нақты шаралар қабылданбаса, ондай қадам өзінің жемісін бермейді. Керісінше медицина қызметкерлерін шатастырады. Осы орайда, коронавирус пандемиясымен күресіп жатқан қазақстандық саясаткерлер де мақалада айтылған сындарды ескеріп, сабақ алады деп үміттенеміз.

Таяуда ғана, 7 қазанда жарық дүниемен қоштасқан ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Марио Молина бүкіл әлемге төніп тұрған қатер – жаһандық жылыну туралы ой қозғайды. Автордың пайымдауынша, Арктиканың еруі – жер-жаһанның дәл төбесінде тұрған бомба секілді. Солтүстік полюстегі әр мұздық еріген сайын бомбаның жарылатын уақыты жақындап келе жатқандай. Бұл мәселеге халықаралық қоғамдастық та бей-жай қарамайтыны түсінікті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебатында сөйлеген сөзінде климаттың жылынуына ерекше мән берген еді.

«Климаттың өзгеруі – өркениетімізге қатер төндіріп отырған тағы бір экзистенциалды дағдарыс. Бұл мәселе қауіп төндіріп қана қоймай, сонымен қатар басқа қатерлер үшін «қозғаушы күш» қызметін де атқарады. Адамзат баласы бұл жаһандық сын-қатерге төтеп беруге әлі де қауқарсыз», деген Президент БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді климатты жақсартудың алты оң қадамы атты жоспары аясында күш біріктіруге шақырды. Ендеше, М.Молинаның мақаласы Мемлекет басшысы айтқан мәселемен үндесетіні сөзсіз.

 

Төбемізден төнген «бомба»

САН-ДИЕГО – Калифорниядағы, Орегондағы, Вашингтондағы дес бермей күшейген өрттен, Мексика бұғазына таяу келіп, кейде қиратып кететін дауыл­дардан асқан климат өзгеруінің қиратқыш күшін елестету қиын. Сондай-ақ Үндістанда, Пәкістанда, Еуропада ми қайнатар ыстық болып, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы су тасқыны талайдың өмірін жалмады. Бірақ алда бұдан да сорақысы күтіп тұр. Оның кері әсері бүкіл адамзатқа қауіп төндіруі мүмкін: Арктика теңізі мұзының тез еріп кетуі. 

Алфред Хитчкоктың фильміндегідей, бұл климат «бомбасының» таймеріне уайыммен қарап отырғандар жетерлік. Уақыты келгенде ол жаһандық жылыну­ды екі еселеп жіберуі мүмкін. Әр қыр­күйек сайын Арктика теңізінің мұзы ең төменгі деңгейге жетеді. Содан кейін қараң­­ғылық түсіп, ауа температурасы сал­­қындап, мұз қайта қалыңдай­ды. Осын­дай кезеңде ғалымдар оның дең­гейін өткен жылмен салыстырып отырады.

Зерттеу нәтижесі бәрімізді алаңдатуы тиіс. Колорадо штатындағы Қар және мұз деректері ұлттық орталығының биылғы деректері көрсеткендей, Арктиканың дәл ортасында бұрын-соңды кездеспеген жұқа мұз қалды. Таяуда жария­лан­ған зерттеуде Арктикадағы Беринг теңізін­дегі қысқы мұз 2018 және 2019 жылдары 5500 жылдағы ең төменгі деңгейге түскен.

Бүкіл Арктикадағы мұз 15 қыр­күйекте бұған дейінгі ең төменгі көрсет­кішке жақындады. Деректер жыл сайын өзгеріп отырады, бірақ мұздың жылдан-жылға жұқарып бара жатқаны анық байқалады. Мәселен, 14 қыркүйекте кейінгі 14 жылда болмаған мәлімет тіркелді.

Оған қоса, теңіз мұзының көлемі ғана емес, оның қалыңдығы да жұқарып барады. Еруі өте баяу, қатқанына біраз болған теңіз мұзы (4 жыл бұрынғы мұз) бүкіл мұз қабатының 1 пайызын ғана құрайды. Қазір бір жылдық мұз басымдыққа ие. Осылайша, теңіздің ақ жабыны тез еруге бейім. Ғалымдар алдағы 10-20 жылдың көлемінде Арктика мұхитында жаздың аяғында мүлдем мұз қалмайды деп болжап отыр.

Мұның салдары өте ауыр болмақ. Ең қиын жағдайда, оншақты жылдан кейін күн шығып тұратын айларда бүкіл мұздың еріп кетуі жаһандық радиоактивті ысынуды күшейтіп, атмосфераға 1 трлн тонна көмірқышқыл газын бөледі. Салыстырып көру үшін, өнеркәсіптік революция басталғалы 270 жылдың ішінде ауаға 2,4 трлн көмірқышқыл газы бөлінді. 1949 және 2016 жылдар аралығындағы мұздың кемуі климаттың жылынуына Арктиканың қосқан үлесін 30 пайызға ұлғайтты. Мұз жоғалғаннан кейін жылыну да қарқын алады.

Мұндай қиын сценарий жүзеге асса, алдағы 25 жылда климат өзгеріп, зардабы ауыр болады. Өткен айда ғана жазғы ауа райы күрт ысыған кезде Манхэттеннің көлемінен екі есе үлкен мұз кесегі Арктикадағы соңғы қалған ең үлкен мұз жабыны – Солтүстік-шығыс Гренландиядан бөлініп қалды.

Оған қоса, Гренландия мұз жабыны­ның жағдайы да мәз емес. Арктикадағы жылыну жаһандық жылынудың орташа есебімен салыстырғанда екі есе тез жүріп жатыр. Кейінгі жиырма жылда Гренландиядағы мұздың еру деңгейі үш есе өскен. Алдағы он жылда бұл үрдіс жалғаса бермек. Осылайша, мұндай еру теңіз деңгейін 7 метрге дейін көтеріп, жағалаулардағы қалаларды су астына қалдырады. Дегенмен, алдағы жүз жылда мұндай сценарий бола қоймас.

Арктикадағы жылыну мәселесі мәң­гілік мұздардың еруі салдарынан күрделене түседі. Қазіргі таңда онда атмосферадағы көмірқышқыл газынан екі есе көп мөлшерде жатқандықтан, оның аз бөлігі еруінің өзі үлкен зардап әкеледі. Сондай-ақ мәңгілік ақ жабындардың еруі бұдан басқа да қауіпті парниктік газдарды – азот оксиді мен метанды ауаға таратады. Жаһандық ауа райы көтерілген сайын Шығыс Сібір Арктикалық жабынынан одан да көп метан бөліне бермек.

Мұндай қатерлі, тіпті өте зардапты қауіпке жол бермес үшін шұғыл шешім қабылдау керек екені анық. CO2 шығарылымын күрт азайту қажет, бірақ бұл да жеткіліксіз болуы мүмкін. Негізі, зерттеулерге сүйенсек, көмірқышқыл газын күрт азайтудың өзі 2050 жылдарға таман CO2-дан туған жылынуды небәрі 0,1-0,3 градусқа ғана төмендетеді.

Сондықтан климатты қысқа мерзімді ластаушы деп аталатын метанның, қара көміртектің, гидрофторкөміртектердің (HFC) және тропосфералық озонның шығарылымын азайту өте маңызды. Мұндай іс-қимыл 2050 жылға қарай жылынуды СО2 деңгейінің төмендеуінен алты есе көбірек төмендетуі мүмкін. Жалпы, осындай өте ластаушы заттар­дың шығарылымын жою жалпы ғалам­дық жылыну жылдамдығын екі есеге, Арктиканың болжамды жылынуын үштен екіге азайтады.

Атқарылып жатқан шаруалар да бар. Төрт жыл бұрын, Руандада 197 мемлекет гидрофлорокарбонды жою туралы Монреаль протоколына енгізілген түзетулерді мақұлдады. (Қазірдің өзін­де Монреаль протоколы жаһандық жылыну­ға әкеліп, озон қабатына қауіп төн­діретін 100-ге жуық химикаттың қолдануына тыйым салған).

Оған қоса, АҚШ Сенаты өткен айда 2036 жылға дейін гидрофлорокарбондарды өндіру мен импорттауды 85 пайызға азайту жөнінде ортақ мәмілеге келді. Калифорния өз кезегінде 1960 жылдардан бері қара көміртегі газын бөлуді 90 пайызға азайтты. Ал 2030 жылға дейін тағы да екі есеге төмендетпек. АҚШ климат альянсы – 25 штаттың губернаторынан құралған екі партияның өкілдері бар топ 2030 жылға қарай метанды ауаға бөлу көрсеткішін 40-50 пайызға азайтуды жоспарлап отыр.

Мұның бәрі мақтауға лайық әрекет. Алайда оған қол жеткізу үшін парниктік газды азайтуға қарсы АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінен бастап жоғары деңгейлі кедергілерге мойымау керек. Ал жаһандық температураны төмендету одан да үлкен қажыр-қайратты талап етеді.

Тіпті келер айдағы сайлауда Трамп жеңілген күннің өзінде жаңа әкімшілік CO2 мен қысқа мерзімді ауа ластаушыларды азайтуға үлкен күш салмаса, Арктика мен бүкіл жер шарына төнген қауіптің бұлты сейілмейді. Шартараптың түкпір-түкпіріндегі адамдар қатерлі өрттерден, тасқындардан, дауылдардан және басқа да апат салдарынан үйлері мен тұрмысқа қажетті заттарынан айрылып жатыр. Ғалымдардың келешекте Арктика мұхитындағы мұз жазда түгел еріп кетеді деген болжамына сүйенсек, нағыз жұт әлі алда.

 

Марио МОЛИНА,

Химия саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты (1995 жыл) Калифорния,

Сан-Диего, Мексика ұлттық автономиялық университетінің профессоры. (Ол таяуда ғана, 7 қазанда өмірден өтті)

Дурвуд ЗАЕЛКЕ,

Басқару және тұрақты даму институтының президенті

 

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org