Экономика • 21 Қазан, 2020

«Крендель» тәттілері тамсандырады

403 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Облыс орталығында орналасқан «Крендель» серіктестігі кондитерлік сауда үйінің сәулеті көз тартады. Айналы, шынылы ғимарат алыстан жарқырап тұрады. Дәл осы жерде түрлі-түсті тәттілер, дәмді тоқаштар, торттар, бауырсақтар, самса, құймақтар пісірілетінін ауыл-қаладағы жұрттың бәрі біледі. Қай күні барсаңыз да тәттілер сатып алуға келген тұтынушыларға толы. Туған күн, әртүрлі той, мейрамдарда дәстүрлі түрде «Крендель» тәттілері дастарқанда тұрады.

«Крендель» тәттілері тамсандырады

 

«Крендель» ханшайымы атанған Зинаида Пархоменкомен кездес­кені­мізде, ол мына бір жайтты есіне алды. Осыдан 30 жылдай уақыт бұрын жеке кәсіпкерлігін ашуға рұқсат берер алдында қалалық әкімдікте Зинаидаға «Сіз неге тек қана тәттілер өндірісін жоспар­ладыңыз?» деген сұрақ қойылыпты. «Халық­аралық стандарттар деңгейіне сай келетін жоғары сапалы өнім дайын­дағымыз келеді», деген едім сонда», дейді тәттілер ханшайымы.

З.Пархоменко еңбек жолын 1975 жылы кондитерлік істен бастайды. Тағам дайындаушы, техник-технолог маман­дығы бойынша техникум бітірді. Технолог, бригадир, цех бастығы болды. 90-жылдары өндірістен кетіп, жеке өзі әуелі пряник пен печенье сата бастады. Жергілікті өндіріс құлдырау кезінде еді. Алғаш рет пряник өндіру бойын­ша жеке өндірісін ашты. Қыз-келін­шек­терден құралған шағын ұжымы өз қол­дарымен түрлі тәттілер дайындап шығара бас­тады. Тәттілер жасаудағы кәсіп­керлік жолы алдымен үй жалдаудан бас­талады. Кейін бір үйдің ғимараты сатып алынды. Өзі армандаған кондитер цехын құру­ды ойластырды. Жоба-жос­парлары бір­тін­деп іске асты. Зинаида жасаған тәтті өнім­дер күн сайын сұра­нысқа ие бола түс­ті. Тәттілер өндірі­сін іске қосу кәсіп­кер­ліктегі негізгі страте­гиялық мақ­сатына айналды. Қызы Инга ана­сы­ның тәттілер өндірісіне «Крендель» деп ат қояды. Кондитер цехын іске қос­қан­нан соң 1999 жылы жаса­ған өнім­дері­нің өтілімін қамтамасыз ету үшін «Крен­дель» кондитерлік орталығын ашты.

Кондитерлік цехтар құрылды, авто­дүкендер сатып алынды, қаланың әр жерінде тәттілерді саудалайтын орындар ашылды. Бұл жобаларға жалғасып, кофе ішетін орын, VIP-зал және балаларға арналған алаңша, «Кабачок 115» атты жаңа дәмхана да іске қосылды. Сапалы, дәмді өнімдер жасау үшін кәсіпорынға жаңа жабдықтар, жаңа заманауи технологиялар алынды. Технологияларды қолдана отырып жоғары сапалы кондитер және ұннан дайындалған бұйымдар жасалады.

Бұл күндері Зинаида Ахмедовна елі­міздегі танымал кәсіпкер әйелдердің қатарына қосылды. Павлодарлықтар «Крендельмен» мақтанады, жақсы көреді. Алматыда, Нұр-Сұлтанда, еліміз­­дің басқа өңірлерінде тұратын туыс-туған «келерде «Крендельдің» тәтті­лерін ала келсеңіз» деп өтініш жасап жатады. Сатып алушылар мен тапсырыс беру­шілер талабына орай сапалы өнімдерді саудалауда бұл жерде жоғары ілтипатты қызмет көрсетіледі.

«Крендельдің» технолог мамандары күн сайын жаңа торттар, бәліштердің, печенье, тоқаштарлың түрлерін ойлап табады. Тіпті оның түрлерін күн сайын өзгертіп, құлпыртып отырады десе де болар. Өзіміз көргендей, тәттілердің иісі аңқыған «Крендель» цехтары нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерге толы.

Компания басшысы З.Пархоменко шикі­затты, әсіресе, қантты шетелден сатып алуға мәжбүр екенін айтады. Сондай-ақ кәсіпорынға кондитерлер, технологтар, басқа да білікті кадрлар қажет. «Сондықтан әр маманды өзіміз­де тұрақты жұмыс істеуге қалдыру үшін жақсы жағдай жасаймыз. Бүгінде серік­­тестікте  500-ден астам адам, көбі қыз-келіншектер еңбек етуде», дейді кәсіпорын басшысы.

Жыл сайын серіктестік өз қызметкер­лері, кондитер қыз-келіншектерімен қоса, тұрмысы төмен отбасыларға, «Қызыл Ай», «Зағиптар» қоғамына, «Самал» балалар оңалту орталығына де­меу­­шілік қолдау көрсетеді. Әлеуметтік мә­се­­лелерді шешу, жетімдерге, мүгедек­терге, қарт адамдарға көмек көрсету мақ­са­тын­да облыстағы қоғамдық қорла­рмен шарт жасалған. Өндірісте мүгедек жандар жұмысқа орналастырылды. Облыс орт­а­лығындағы №2 мектеп-интернатқа және отбасы типтес балалар үйіне мате­риа­л­дық демеушілік жасайды.

Қазір «Крендель» тәттілердің 300-ден аса түрін дайындайды. Бизнес бір орында тұрмайды. Серіктестік кондитерлік өнімдерін саудалайтын қосымша сауда үйлері, мейрамхана салынды. Цехтарда жаңа автоматтық желілерде түрлі өнімдер жасалуда. Бұл өнімдерді еліміздің басқа өңірлеріне және Ресей нарығына шығаруға мүмкіндік берді. Жыл сайын кондитерлер мен аспазшылар жақын және алыс шетелде біліктіліктерін арттырады. Тәжірибе алмасу үшін ТМД ел­дері­нен, Еуропадан, Азиядан, Амери­ка­дан мамандар шақырылады.

Тәттілер бизнесінің бірегей ерекше­лігі, өнімдерді табиғи ингредиенттерден жасап шығару, айрықша өнімді дайын­дау, яғни тұтынушының таңдауын қам­тамасыз ету. «Крендельдің» ұраны – сапа, тұрақтылық, іскерлік.

Шикізат, қағаз ораумен мәселесі бо­йынша «Молком» ЖШС (майы алынбаған сүттік және қышқылды-сүттік өнім), «Ев­ра­зиан фудс корпорейшн» АҚ филиалы (сары май-май өнімі), «ТRITIKIM» ЖШС, «Аслан» ЖШС (жоғары және бірінші сұрыпты ұн), «Aрдагер-сауда» ЖШС (жұмыртқа өнімі), «Завод-Гофротара» ЖШС ыдыспен жабдықтайды.

– Тұтынушылар негізінен тортты көптеп сатып алады. Сіз қандай торт аласыз?, – деді Зинаида.

– Көбінесе «Молочная девочка» тортын аламыз. Самса, бауырсақтарыңыз да керемет дәмді!, – деймін.

Серіктестік кондитерлері дәмі тіл үйіретін түрлі торттардан басқа пряник, печенье, орама және пирожный, тәтті печенье, кекс, шығыс тәттілері типтес кәмпиттер, қыздырылып пісірілген және қуырылған, мұздатылған, шала дайын­далған тұшпара, манты, қамыр, зефир, пастила, мармеладтар жасап шығарады. Әрине, қандай да болсын табысты бренд­тің басы-қасында өз жұмысына шы­найы берілген патриот ұжым тұрады. Біз жазып отырған «Крендель» ЖШС-да сондай тәттілер жасайтын команда. Ұжым­дағы әрбір қыз-келіншек өз ісінің білгірі. 2011 жылы «Крендель» ЖШС елі­мізде өтетін «Парыз» байқауының «Ең үздік ұжым­дық шарт» номинациясының жеңімпазы атанды.

– Тек қана шынайы дамитын кәсіп­кер­лік іс табыс әкеледі. Үкімет те өзің­­нің жеке сүйікті ісіңді жаса, көптің көңілінен шығу үшін еңбек ет, кәсіп аш, жақсы өмір сүр дейді. Сол үндеуге лайық болуымыз керек, – дейді Зинаида Ахмедовна.

 

Павлодар облысы