Қоғам • 21 Қазан, 2020

Спорт пандемияға тізе бүкті ме?

467 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Спорт – көңіл көтеру емес, жаттығу-шынығу, саламатты өмір салтын ұстанудың түпкі мақсаты – иммундық жүйені көтеру. Індет іргесін кеңге жайған шақта жаттығуды күшейту керек еді. Алайда Маңғыстауда спорт тоқырауға түсіп, белді-білекті, тәжірибелі жаттықтырушылардың күнкөріс қамын күйттеп өзге салаларға бет бұруы, таксист болып нәпақа іздеп кетуі кездесуде.

Спорт пандемияға тізе бүкті ме?

 

Мұны, әрине, сақтық шаралары, уақытша қиындық деп түсіндіруге болады. Әйтсе де буыны бекімеген бала­лардың шымыр спортшы болып қалы­птасуы, дені сау, ауруға қарсы күре­сетін қорғаныш қабілеті берік болып дамуы үшін әрбір күн, әрбір жат­тығу маңызды. Ауырмау, тап болған ауру­­ды жеңу үшін қайрат қажет болса, қай­ратты қалыптастыратын – спорт, сон­дықтан індетпен күресте тек дәрі-дәрмек емес, саламаттылықты, спортты насихаттаудың да маңызы зор. Спортшылар өзін-өзі оқшаулау жағ­дайында жекелей және онлайн режі­мінде жаттықты, өйткені спорттық фор­маны жоғалтпау маңызды. Осын­дайда Маңғыстауда сақтық талаптарын сақтай отырып спорттық үйірмелерді сақтап қалуға болмады ма деген ой туындайды.

Пандемия Маңғыстау спортына оңай тиген жоқ. Көптеген жарыстар тоқ­татылды және кейінге қалдырылды, кей­бірі мүлдем өткізілмей қалды. Ал­ға­шында төтенше жағдай енгізіліп, соңы­нан бірнеше рет карантинге жабыл­ған нысандар қатарында спорт үйірмелері де бар.

Маңғыстау облыстық «Tae­KwonDo» федерациясы «GTF» тұжы­рымы бойынша бапкер, қара белбеу ІІ дан иегері Бүркіт Исақұлының ай­­туынша, федерацияға қарасты 4 спорт клубы, атап айтқанда «Mangys­tau», «Arlan», «Taifun» және «Dragon» клуб­тарының жұмысын тоқтатуға тура келген.

Наурыз айынан бастап федерация пандемияның салқынын қатты сезін­ді. Ақтаулық таэквондошылар рес­пуб­ликалық және халықаралық тур­нир­лерді ғана емес, сонымен бірге тамыз айында Болгарияда өтуі тиіс әлем чемпионатына қатыса алмады. Тіп­ті қалалық деңгейде спорттық жа­рыс­тарды ұйымдастыруға рұқсат болмады. Індет үрейі, карантин шек­теу­лерімен бірге өкпеден қысқан қар­жылық қиындық, яғни жалдау ақысын төлеу мүмкіндігінің болмауы балалар еркін жаттығатын кең спорт залдан бас тартып, көлемі кіші залға көшуге мәжбүр етті.

Вирустың кең таралуына, адамдар­дың жаппай ауыруына жол бермеу ­маңызды. Сондықтан адамдар көп шоғырланатын жерлерге салынған тыйымның тиімділігін түсінеміз. Алайда той-томалағы мен садақа-құ­далығы үзілмей, мемлекеттік қыз­мет­керлердің өзі місе тұтпай мереке-думанын қыздырған, «атағың шықпаса жер өрте» дегендей, «салынатын азын-аулақ айыппұл бұйым болып па, керісінше атағым шығады» деп өз тойын өзі жарнамалап әлеуметтік желілерге салдырған, көшеде көлік пен жолаушының тасқыны үзілмеген Маңғыстауда «құрсанған карантин» тек жекелеген салаларға болды ма?

Карантин кезінде үй аулаларын­дағы ойын алаңдары қаптаған балалардан босап көрген жоқ. Маңғыстауда сақ­талмаған карантиннің талап-тәр­тібі спорттық үйірмелерге келгенде қатаңданып шыға келді. Бұл ретте тек таэквондо федерациясы ғана емес, барлық спорт клубтары, әсіресе залды жалға алып отырған бапкерлер қиын жағдайға тап болғанын түсіну қиын емес. Өйткені, барлық кәсіпкерлік нысандары жағдайды түсіне бермейді және карантин кезінде жалдау төлемдеріне жеңілдік жасағандары жоқтың қасы. Енді қысқа уақыт ішінде жаттығу залдарына баратын спортшылардың санын бұрынғыша қайтару оңай болмайды, өйткені көпшілігі спорт залдарында тер төгу мотивациясын жоғалтты.

Маңғыстауда пандемия барлық спорт түрлерін тізе бүктіргені рас. Спортта дайындық, бәсекелестік, мотивация болмаса сүрінетінің айдан анық. Дәл қазір спортшылардың физи­калық деңгейі төмендеген. Сон­дықтан барлығын қайта бастауға тура келіп тұр, федерациялар бұған моральдық жағынан да, психологиялық жағынан да дайын болмасқа амал жоқ.

– Болашағынан зор үміт күттіретін шәкірт­терім көп болды. Қазіргі жағ­дайда олардың дені спорт залға ора­луға деген ынтасын жоғалтты. Біз жақ­сы нәтижелер көрсетіп, жетістікке қарай ұмтылуды мақсат еткенбіз. Шын мәнінде, бапкерлер құрамына оңай болмады. Себебі бір жеңімпаз дайын­дау­ға қаншама күш-жігер, алтын уа­қыт, айлар мен жылдар жұмсаймыз. Меніңше, спортшылардың өздері спорт залдарына барғысы келеді, бірақ ата-аналары оларды жібермейді, жағдай бұрынғыша қайта қалпына келгеннен кейін ғана біз спорт залға қайта ораламыз дейді. Әрине, ата-аналарды түсінуге болады, – дейді жаттықтырушы.

Спортшылар өңірдің бас санитар­лық дәрігерінің спорт секциялары­на қойылатын санитарлық талап­тарға тағы бір көз жүгіртіп, спорт залдары­ның еркін жұмыс істеуіне рұқсат бере­ді деп үміттенеді. Карантин, вирус кезіндегі бұл үміт орынды ма, жоқ па – білмейміз, білетініміз – Маң­ғыс­таудағы карантин сақтаудағы «ала­лық», яғни өзгелердің жаппай қы­дыруы мен мемлекеттік қызметкерлер бастап айылын жимай өткізген жиын-тойлар спортшыларға өздері тасада қалғандай көңіл күй сыйлаған секілді. Сонда Маңғыстауда індет көшеде, басқосуларда, басқа да орындарда шоғырланған адамдарға жұқпай, тек спорт залдарынан жұғатын болғаны ма?

 

Маңғыстау облысы