Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Әлеуметтік көмірмен де қамтылуда

327 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтырғыдай емес, халықты көмірмен қамту жұмыстары жаз кезінен бастап қолға алынғандықтан, көмір тұйықтарында ұзын-сонар кезек болмады. Халық та ерте қамданған.

Әлеуметтік көмірмен де қамтылуда

Шығыста суық жылдағы­дан ерте түсіп, жылу беру мау­сымы қыркүйектің соңына қа­рай басталып кетті. Өңірдегі 945 мектеп, 73 медициналық мекеме, 17 әлеуметтік қорғау және 4 837 көппәтерлі тұрғын үй жылу көздеріне толық қосылған.

Жылу беру нысандары қысқы маусымға 100 пайыз дайын. Атап айтсақ, жылу элек­тр стансалары мен жылыту көздерінде 308 мың тонна отын жинақталған. Бұл жылда жағылатын 210 мың тонна көмір қорынан 147 пайызға асып түсті. Ал көмір жет­кі­зу жұмыстары бекітілген келісім­шартқа сәйкес толық орын­далып жатыр.

Биылғы жылыту маусымына аудандар тыңғылықты дайындалды. Мәселен, Алтай ауданының Серебрянск қала­сын­дағы жылыту стансасына жалпы сомасы 50,16 млн теңгені құрайтын ағымдағы жұмыстар жүргізілді. Ал Абай ауданының орталығы Қа­ра­уылда елді мекенді жылумен қамтамасыз ететін қазан­дық қайта жаңарды. Бұдан бөлек, Аягөздегі «Солтүстік» жылу қазандығына бөлінген 132 млн теңгенің 106 млн-ы игерілді. Бұл қаражатқа жылу беру ғимараты жөнделіп, «КТС-1,5 Гкал» маркалы төрт қазан­дық орнатылды. Сондай-ақ жылу құбырлары тартылып, екі қазандық қапталды. Халықты көмірмен қамту мәселелері толық шешілген.

«Қаражыра» АҚ бас ди­рек­то­рының орынбасары Әсет Сыдықовтың айтуынша, жыл басында 9 млн тонна көмір өндіру жоспарланған. Алайда елдегі енгізілген карантиндік шараларға бай­ланысты жоспар 8 млн тон­наға түскен. Ал бюджеттік ұйымдар көмір сатып алу бойынша жүргізілетін тен­дер­лерін тамыздың ортасы­на қарай өткізе бастаған көрі­не­ді. Бірақ «Қаражыра» кен орнында көмір босатудан еш­қандай проблема болған жоқ. Керісінше, көмір тиеуге өтінім берілген вагондар жет­кіліксіз болған көрінеді.

– «Қазтеміртранс» АҚ ва­гон­дарын жіберу жүйесіне түбе­гейлі өзгеріс керек сияқ­ты. Қыр­күйектің соңы­на қа­рай тәулігіне 420 ашық ва­гонға өтінім берген едік. Бірақ бірінші күнге 183, ерте­сі­не 290 вагон ғана жіберді. Сөйтіп тұтынушылар алдында жоспар толық орындалмай қалуы мүмкін еді, – дейді Ә.Сыдықов.

Бірақ жылу маусымы бас­талмай жатып, облыстағы көмір түсіру тұйықтарына 30 мың тонна көмір жеткізілген. Босатылу бағасы қымбаттаған жоқ. Жергілікті жерлерде де көп өзгеріс жоқ сияқты. Тон­насы 16-18 мың теңгенің арасында. Алайда кейбір тұр­ғындар ауылдық жер үшін бұл баға қалтаға ауыр соғатынын айтады. Қыстай бес тонна көмір жағатын болса, 80-90 мың теңге кетеді екен. Ал көп­ші­ліктің айлық жалақысы көмірге жете бермейді.

– Көмірде былтырғыдай проб­лема болған жоқ. Құй­ған айлағынан барып алдық. Тоннасы – 17 мың теңгеден. Бағасына қарай сапасы да жақсы болса ғой. Кейде сапалы көмір тиеді, кейде жетілмегенін алып келеді. Жақсысын таңдау үшін алушылар тиеушіге тиын-тебенін беріп жатады. Дегенмен, қандай көмір келсе де аламыз. Қыс қатты, – дейді Күршім ауданындағы Алғабас ауылының тұрғыны Талғат Жексембаев.

Жалпы, халыққа жеткізі­ле­тін көмірден бөлек, әлеу­меттік көмір де босатылып жатыр. Облыстық энер­гетика және ТҮКШ бас­қар­масының тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық бөлімінің басшысы Самат Сүлейменовтің айтуынша, әлеуметтік көмірдің құны 9 050 теңгені құрады. Бұл бағамен ҰОС ардагерлері, ҰОС-на теңестірілген ардагерлер, I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар және оларды тәрбиелеуші отбасылар, 29 жасқа тол­ма­ған жетім және ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қал­ған балалар ала алады. Сондай-ақ көпбалалы аналар да әлеу­мет­тік көмірмен қам­ты­лу­да.

 

Шығыс Қазақстан облысы