Осы жобаларды жүзеге асыру үшін ел жанашырлары, облыстық мәслихаттағы Nur Otan партиясының фракция өкілдері мен өзге де азаматтар қолдау көрсетуде. Мысалы, Түлкібас ауданында кәсіпкер Бейбіт Тулешев аталған жобалар аясында орталық ауруханаға 2 жасанды тыныс алу аппаратын тарту етті. Сондай-ақ кәсіпкер алма бауының бір күндік терілген алмасын аурухана дәрігерлеріне және ем қабылдап жатқан науқастарға таратты. Жомарт жан індеттің екінші толқынына дайындық жұмыстары туралы естіп, дайындық жұмыстарына өз үлесін қосуды ниет еткенін айтады. Айта кетелік, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен пандемияның қиын шағында түлкібастық еріктілер оттегі коцентраторының 42 данасын, 360 дана арнайы медициналық қорғаныш киімін, 210 дана оттегі балонын, 5 дана автоматтандырылған кір жуу машинасын, 22 пульсоксиметр және бөлме-палаталарды залалсыздандыруға қажетті кварц лампаларын тапсырған. Сондай-ақ аудан еріктілері қауырт кезде медицина саласының қызметкерлеріне түскі ас үлестіру ісін ұйымдастырды.
Ал Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы жуырда «Өмір» және «Шипа» жобалары аясында ауруханаларға 31 жасанды тыныс алу аппаратын және 200 мұқтаж отбасына дәрі-дәрмек қорапшаларын жіберді. Бұған дейін де «Өмір» жобасы бойынша ауруханаларға 21 аппарат, ал «Шипа» арқылы 400 отбасына дәрі-дәрмек тапсырылған болатын. Яғни партияның үйлестіруімен тапсырылған жасанды тыныс алу аппараттарының саны 52-ге жетіп отыр.
Елімізде коронавирус індеті шарықтап, ел қиналған сәтте партия тарапынан «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде облыста 43 мыңнан астам отбасына азық-түлік берілсе, 34 055 отбасына 50 мың теңгеден берілді. Таяуда тағы 4 852 отбасына 50 мың теңгеден беріледі деп жоспарланып отыр.
– Облыстық мәслихат депутаттары, партия мүшелері және өзге де кәсіпкерлердің көмегімен «Өмір» жобасы бойынша 52 жасанды тыныс алу аппараты сатып алынды. Сонымен бірге «Шипа» жобасы арқылы аз қамтылған 600 отбасы дәрі-дәрмекпен қамтылды. Ел азаматтарына, кәсіпкерлерге, Jas Otan жастар қанаты мен Jas Turkistan еріктілер клубына алғысымыз мол, – дейді Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев.
Жалпы, қайырымдылық жобаларына атсалысқан кәсіпкерлер мен депутаттар қатарындағы Нұралы Әбішов, Мағауия Тұрысбеков, Алмас Салимов, Қайнар Абасов және Жаңабай Ағабеков бастаған бір топ азамат елге көмектесуге әрқашан дайын екендіктерін айтады.
Айта кетелік, жобаны Jas Otan жастар қанаты және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған Jas Turkistan еріктілер қозғалысы үйлестіруде.
Түркістан облысы