Аймақтар • 21 Қазан, 2020

Азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығына орай құтқарушылар марапатталды

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл толуына орай ТЖД-нің 75-тен астам қызметкері марапатталды. Құтқарушыларға "Халық алғысы" медалі, "Үздік құтқарушы" төсбелгісі және алғыс хаттар табысталды.

Азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығына орай құтқарушылар марапатталды

"25 жыл бұрын қалада екі өрт сөндіру бөлімі болған. Бүгінгі таңда олардың саны - 12, 18 бөлімге дейін көбейтілетін болады. Біз құтқарған адамдардың санымен мақтанамыз. 25 жыл ішінде Нұр-Сұлтанда 8055 адам құтқарылды, 42 мыңнан астам адам ТЖ аймағынан эвакуацияланды, 2 мыңнан астам адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді", – деп атап өтті азаматтық қорғау полковнигі, қалалық ТЖ департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органмен бірлесіп қар басудың, су тасқыны мен өрттің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
"Қыс мезгілінде қар құрсауынан 1088 адам құтқарылды. Оның ішінде 25 адам – жүкті әйелдер. Өкінішке қарай, барлық төтенше жағдайлардың ішіндегі ең көп кездесетіні – өрт жағдайы. Бұл бағытта әкімдікпен бірлесіп жұмыс жалғасуда. Жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі жоғарылай береді деп сенемін", – деді полковник.

Еске сала кетейік, 19 қазан Қазақстанда Құтқарушылар күні аталып өтті. ҚР Президенті құтқару қызметіне ерекше мәртебе берді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құрудың маңыздылығын атап өтті.