Руханият • 21 Қазан, 2020

Дінаралық саммиттің исламдық келбеті

914 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ислам дінінің бүгінгі Қазақстан жеріне таралуы бірнеше ғасырларға созылған болатын. Бастапқыда ислам оңтүстік өңірлерге ене бастады да, X ғ. аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. Қазақ жері әр-түрлі діндердің тоғысқан жері болғандығына қарамастан ислам дінін қабылдау  бейбіт түрде жүргізілді.

Дінаралық саммиттің исламдық келбеті

Ортағасырлық шығыс мәдениеті Орта Азиялық ислам ғылымы мен мәдениетінің дамуына тың серпін берді. Осылай қазақ жерінен шыққан Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари және Мұхаммед Хайдар Дулати атты ұлы ойшылдар ғылым мен философияның көрнекті өкілдеріне айналды. Оңтүстік Қазақстандағы көшпенді түркі халқының арасында исламды таратуда Ясауия тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи (ХІІ ғ.) зор үлес қосты. Қазақ мемлекеті өзінің құрылғанынан бастап мұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінді. Барлық қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап ең соңғы қазақ ханы Кенесары (ХІХғ.) өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін атап кеткен.

Тәуелсіз Қазақстандағы ислам ықпалды қоғамдық күшке айналды десек те болады. Жыл сайын мешіттер мен мұсылман бірлестіктерінің саны артып келеді. 2005 ж. 22 науырызында Астанада еліміздегі алғашқы жаңа мешіттердің бірі «Нұр-Астана» мешіті Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен ашылды. Алматы қаласында «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр Ислам университеті жұмыс істей бастады. Қазақстан 60-қа жуық мұсылман мемлекеттерін біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мүшесі болып қана қоймай, 2011 жылы  Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық етіп, ұйым жұмысына тың серпін берді. Сонымен қатар, халықтың ықылас-тілегі бойынша, Елбасының ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында Құрбан айт 2006 жылдан мемлекеттік деңгейде тойланып келеді. Тарихқа жүгінсек, 2005 жылғы 28 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» ҚР Заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, соған сәйкес Құрбан айт мерекесінің бірінші күні елімізде демалыс күндері болып ресми түрде жарияланған болатын.

Қазақстан елдегі исламның орнын даралай отырып, шетелдік ислам өкілдерімен де ынтымақтасып жұмыс істеп келеді. Осы ретте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тамаша бастамаларының бірі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысын ерекше даралап атап өтуге болады.

Астанада 2003-2018 жылдары аралығында алты мәрте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және өзге дәстүрлі діндер  басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты. Съездің алаңдарындағы дінаралық саммиттің бірлескен қорытынды құжаттары – әлем елдері азаматтары, халықтары мен үкіметтеріне бағытталған Мәлімдемелер мен Үндеулер қабылданған діни қауымдастықтың рухани жақындасуы бойынша қанық және сындарлы сұхбаттары өткізіліп тұрады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысушылардың салмақты бөлігін ислам өкілдері құрайды. Дінаралық саммиттің исламдық келбетіне тоқталар болсақ, 2003 жылы  23-24 қыркүйек аралығында ұйымдастырылған алғашқы съезге Сауд Арабиясы Корольдігі, Египет Араб Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Үндістан, Иран Ислам Республикасынан танымал ислам өкілдері қатысқан болатын. Мәселен, Дүниежүзілік Ислам Лигасының бас хатшысы  – Шейх Абдалла бен Абдель Мухсин Ат-Турки (САК), Аль-Азхардың Бас имамы – Шейх Мухаммад Саид Тантауи (Мысыр), Халықаралық Ислам Университетінің вице Президенті – Махмуд Ахмад Гази (Пәкістан), «Джамаат-у-Шабаб-е-Ислам» бүкілүнділік мұсылмандық ұйымы Президенті – Салман Аль-Хусейни Аль-Надви (Үндістан), Иран Ислам Республикасы ислам құқықтану мен құқығы бойынша комитеттің Төрағасы –Мехди Хадави Могаддам сынды тұлғалар  Съезге шақыртуды қабыл алып ұжымдық делегацияларды бастап келген болатын.

2006 жылғы 12-13 қыркүйек арасында Астана қаласында өткізілген Екінші съезге алғашқы съезге қатысқан тұлғалармен қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Ливия мемлекеті елдерінен бірінші рет, Египет Араб Республикасы мен Иран Ислам Республикасынан жаңа тұлғалар Съез қатысушылары атанды. Осылай, Мысырдың Вакуф және ислам істері бойынша министрі  –  Махмуд Хамди Закзук, БАӘ Ислам істері және вакуф бойынша Комитеттің арнайы өкілі – Шейх Мансур аль-Менхали,  Иран Мәдениет және исламдық байланыстар ұйымынан – Аятолла Садики Рашед, Иран Жоғарғы Мәдени Кеңесінің мүшесі, Конфессияаралық диалог Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, Иранның «Мәдениет және пікір»  зерттеу иннститутының директоры – Али Акбар Садеги Рашад, Дүниежүзілік Исламдық Үндеу Ассоциациясы бас хатшысының жеке өкілі, халықаралық съездер мен ұйымдар, және жәрдем беру бойынша Департамент хатшысы – Ибрахим Али Аль-Раббо (Ливия) съез қатысушылары атанды.

Астана қаласында 2009 жылғы 1-2 шілдеде өткізілген Үшінші съезге алғашқы съездерге қатысқан тұлғалармен қатар, Түркия Республикасы, Индонезия Республикасы, Оман сұлтандығы, Кувейт мемлекеті, Қатар Мемлекеті, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан Республикасы, Қырғыз Республикасынан бірінші рет мәртебелі қонақтар қатысты:  Дін істері басқармасының төрағасы, Түркияның Бас Мүфтиі – Али Бардакоглу, Пәкістан Ислам идеологиясы кеңесінің президенті – Мухаммад Халид Масуд, Индонезия Ислам ғалымдарының Халықаралық Конференциясы Бас Хатшысының орынбасары – Масукури Абдилла, Кувейт Мемлекетінің Ислам және вакуфтар істері бойынша министрінің бірінші орынбасары – Адиль аль-Фаллах, Ресейдің еуропалық бөлігінің Діни басқармасы президиумының төрағасы, Ресейдің Мүфтилер кеңесінің Төрағасы – Равиль Гайнутдин, Оман Сұлтанатының Бас мүфтиі, Катар мемлекетінің Әділет және құқық жоғарғы кеңесі, Қытай мұсылмандары Ассоциациясы, Кавказ дін істері басқармасы (Әзірбайжан), Қызғызстан мұсылмандары діни басқармасы мекемелерінің өкілдері қатысып конфессияаралық диалогқа үн қосты.

2012 жылғы 30-31 мамыр аралығында өткен Төртінші съезге дәстүрлі түрде қатысатын қонақтардан өзге, Америка Құрама Штаттары, Швейцария Конфедерациясы, Ауғанстан Ислам Республикасы елдерінен алғаш рет және өзге мемлекеттерден жаңа қатысушылар бас қосты. Америка мұсылмандар прогресінің қоғамы және «Кордов бастамасы» ұйымының көшбасшысы, Аль-Фара (Нью-Йорк қ.) мешітінің имамы – Фейсал Абдул Рауф, Араб ойы форумының Бас хатшысы –   Садық Бахит Аль-Факки (Швейцария), Кабул қаласындағы Орталық мешітінің имамы– Мулла Мохаммад Аяз Ниази (Ауғанстан), Иранның Бүкіләлемдік ислам мазхабтарының жақындасуы ассамблеясының Бас хатшысы – Аятолла Мухаммад Али Тасхири, Сауд Аравиясы Королінің Кеңесшісі, Король Абдалла атындағы Өркениеттер диалогы орталығының Бас хатшысы – Фейсал бен Абдурахман бен Муаммар, Қатардың Ислам және вакуфтар істері жөніндегі министрі – Гайс бен Мубарак аль-Кауари,  Пәкістан Ислам Республикасының Ислам идеологиясы Кеңесінің Төрағасы – Малик Мұхаммад Хан, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы «Фикха» халықаралық ислам академииясының Хатшысы – Ахмад Халид Бабакар,   «Нұр Мүбарак» Ислам мәдениеті университетінің ректоры, Мысыр Араб Республикиасы вакуфтер министрінің өкілі – Махмуд Фахми Хиджази, Ислам және шақыру істері бойынша министрлер конференциясының Бас Хатшысы –Маджид Абдулазиз Ат-Турки (САК)  делегация басшысылары ретінде дінаралық саммитке қатысты.

Қазақстан астанасында 2015 жылғы 10-11 маусым күндері ұйымдастырылған Бесінші съез жұмысына Марокко Корольдігі, Ирак Республикасы, Бахрейн Корольдігі,  Хорватия Республикасы, Тәжікстан Республикасынан алғаш рет және бірнеше мәрте Съез жұмысына қатысқан елдерден жаңа делегациялар қосылды. Осылай, Марокконың Уақыптар және ислам істері жөніндегі министрі – Тауфик Ахмед, Ирак Фикх ғалымдары кеңесінің Төрағасы – Шейх Ахмaд Хасан Таха, Бахрейннің Ислам және Әділет істері жөніндегі министрдің орынбасары – Фарид аль-Муфта, Хорватия Ислам қоғамдастығының Месихат ұйымының төрағасы, мүфтий – Азиз эф. Хасанович, Тәжікстанның Ғұламалар Кеңесі Төрағасының орынбасары – Ходжи Хусейн Мусозода, Ауғаныстанның Дін және қажылық істері жөніндегі министрі – Фаиз Мохаммад Османи, Египеттің Бас Муфтийі, Дін Басқармасы – Шауки Ибрагим Абдул Карим Аалям,  Оманның Уақыптар мен дін істері жөніндегі министрінің орынбасары, шейх  – Кахлян бен Набхан аль-Харуси, Уақып, ислам  және насихат істері жөніндегі министрдің  кеңесшісі – Абдулла ибн Фахд аль-Лихидан (САК) делегация басшылары ретінде саммитке қатысты.

Соңғы рет 2018 жылғы 10-11 қазан аралығында өткізілген Алтыншы съезге Италия Республикасы, Болгария Республикасы, Оңтүстік Африка Республикасы, Өзбекстан Республикасынан бірінші рет делегация қатысқан болса, өзге мемлекеттерден жаңа мекеме өкілдері съез серіктестері атанды: «COREIS» ислам діни бірлестігінің президенті – Имам Яхья Серджио Яхэ Паллавичини (Италия), Болгария Ислам академиясының ректоры – Рафик Мухаметшин, Мұсылмандар діни басқармасының имамы –Шейх Исмаил Кераан (ОАР), Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, мүфти – Алимов Усмонхон, Өзбекстанның Министрлер Кабинеті жанындағы Ислам өркениеті орталығының директоры  – Миноваров Шоазим Шоисламұлы, «Мұхаммедия» исламдық үкіметтік емес ұйымының төрағасы – Хайдар Нашир (Индонезия), Әмірліктің ислам департаментінің қайырымдылық мәселелері жөніндегі атқарушы директоры  – Ахмед әл-Мухейри (DIACA, БАӘ).

Әрине, жыл сайын сандық және сапалық жағынан артып келе жатқан мәртебелі қонақтармен қатар, әрбір Съез жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағалары да делегация басшылары ретінде қатысып келеді.  Съездің «қастерлі» дөңгелек үстелі 17 жыл аясында исламның ірі ағымдары лидерлері мен өкілдерін, мемлекеттердің дипломатиялық қарым-қатынастарына, саяси ұстанымдарына қарамастан құрметті тұлғалардың басын қосып, дінаралық диалог аясында пікірлерімен бөлісіп, сұхбаттасуға мүмкіндік тудырып келеді.

Үстіміздегі жылы орын алған пандемияға қатысты әлемдік дағдарысқа орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жария еткен Қазақстан халқына Жолдауында «Әр буынның маңдайына түрлі сынақ жазылған. Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік. Еліміз ең күрделі деген міндеттерді шеше алады. Біз бұған дайынбыз.

Біз – халқымыздың тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз. Келер жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – Егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы» деген болатын. Сондықтан, дағдарыс пен дүрбелең аяқталатын күндер жақын болып, адамзаттың бейбіт өмірі үшін қызмет ететін дінаралық саммит өз жұмысын қайта бастап, үзбей жалғастырады деп болашаққа үміт артамыз. 

 

М.М.Әбішева,

Конфессияаралық және өркениетаралық

диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев

орталығы, ақпараттық-имидждік

іс-шаралар департаментінің

 бас кеңесшісі