Білім • 21 Қазан, 2020

Шымкенттегі тағы бір оқу орны бас лицензиясынан айырылды

4231 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігі Шымкент қаласындағы тағы бір жоғары оқу орнын – академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетін бас лицензиясынан айырды. Шешім жоғары оқу орнында білім беру саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша бірнеше рет өткен тексерулерден кейін қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz

Шымкенттегі тағы бір оқу орны бас лицензиясынан айырылды

Сонымен қатар бұл шешім Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты отырысының қорытындысы бойынша шығарылды, 10 жұмыс күні ішінде заңды күшіне енеді. Осы кезеңде академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті сот шешіміне де, министрлікке де шағымдануға құқылы.

Бұған дейін кезекті жоспарлы тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды заңнамада белгіленген мерзімде түзету үшін ЖОО-ға бірнеше рет мүмкіндік берілген болатын. Орын алған бұзушылықтар оқу үдерісін ұйымдастыру, талапкерлерді оқуға қабылдау, ЖОО-ны оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету, түлектерді жұмысқа орналастыру төңірегінде болды. Мәселен, "Атамекен" ҚР ҰКП рейтингінің деректері бойынша жоғары оқу орнының білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің 17,4%-ға ғана көңілдерінен шықты. Ал білім беру бағдарламаларының 82,6%-ы бойырша пысықтау жұмыстары  талап етіледі, өйткені жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді.

"Біз студенттер мен ата-аналардың мұндай шаралар, ең алдымен, студенттердің өздерінің мүдделерін ескере отырып, қабылданатынын түсінгенін қалаймыз. Егер жоғары оқу орындары білім беру саласындағы талаптарға сәйкес келмесе, диплом алғаннан кейін болашақ мамандар жұмысқа орналасу проблемаларына тап болуы мүмкін. Академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетіне қатысты шешім шамамен айдың соңында заңды күшіне енеді. Әрине, процесс созылып кетуі мүмкін. Біз өз тарапымыздан студенттерге басқа жоғары оқу орындарына ауысуға көмектесеміз. Бұл университетте тек 50 адам грант бойынша оқиды, ол студенттер өз гранттарын сақтап қалады. Ақылы негізде оқитындар үшін оқу құны бұрынғы деңгейде қалады. Студенттер мемлекеттік жоғары оқу орындарына ауыса алады. Студенттердің барлық оқу көрсеткіштері басқа ЖОО-ларға ауысқан кезде жарамды болады. Шымкентте бұл ЖОО-ның білім алушыларын қабылдай алатын жоғары оқу орындары жеткілікті екенін атап өткім келеді. Студенттер өз мамандықтары бойынша оқуын жалғастыра алады. Сондай-ақ жақын орналасқан қалаларда 50-ге жуық университет бар. Біз осы жоғары оқу орны инфрақұрылымының базасында мектеп немесе колледж ашуды ұсындық. Себебі қазіргі таңда бір білім алушыға 500 мың теңгеге жуық мемлекеттік тапсырыс алу мүмкіндігі бар", деп атап өтті БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Жоғары оқу орнының студенттері мына мамандықтар бойынша ақылы түрде оқиды: "Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі", "Есеп және аудит", "Қаржы", "Құқықтану" және т.б. Оқу құны – 275 мыңнан 800 мың теңгеге дейін. Студенттер оқу семестрінің аяқталғанын күтпей-ақ басқа жоо-ларға ауыса алатынын айта кеткен жөн.