16 Қараша, 2013

Қазіргі заман қаһарманы

2150 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда Тараз қаласында бастау алған республикалық шара «Қазіргі заман қаһарманы» деп аталады. Қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыру, ішкі істер органдарының жеке құрамын ерлік, патриоттық пен адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында қолға алынған шара Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов опат болған орынға гүл шоқтарын қоюдан басталды. Осылайша шара шымылдығы оған қатысқан барша жұртшылықтың ерлікке тағзым етуімен ашылды.

Таяуда Тараз қаласында бастау алған республикалық шара «Қазіргі заман қаһарманы» деп аталады. Қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыру, ішкі істер органдарының жеке құрамын ерлік, патриоттық пен адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында қолға алынған шара Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов опат болған орынға гүл шоқтарын қоюдан басталды. Осылайша шара шымылдығы оған қатысқан барша жұртшылықтың ерлікке тағзым етуімен ашылды.

Осыдан дәл екі жыл бұрын тек Таразды емес, барша қазақстандықтарды дүр сілкіндірген оқиға елдің есінен әлі өше қойған жоқ. Қарашаның 12-сі күні ұялаған үрей табы жұрттың жүрегінде әлі де бар. Тараздағы лаңкестіктен кейін еліміздің әр аймағынан естіліп қалған «жарылды, атты, өлтірді» деген суық хабарларға ел елеңдеулі, жұрт алаң. Екі жыл өтсе де ғазиз жанын құрбан еткен капитан Байтасовтың, қарулы қылмыскерге қарсы тұрамын деп шейіт болған полиция сержанттары – Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітовтің есімдері ел есінде, ерліктері ертеңгі ұрпаққа өнеге.

Республикалық шараға ІІМ Кадр депар­таменті, ІІМ Ішкі әскерлері комитеті, Жамбыл облыстық ІІД, қалалық ІІБ-нің басшылығы мен жеке құрамы, ардагерлері, облыстық және қалалық әкімдік өкілдері, сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келген полиция қызметкерлері қатысты. Бір айта кетерлігі, өңірлерден осы шараға арнайы келген 21 тәртіп сақшысының барлығы қызмет бабында ерлік көрсетіп, ел алғысын алғандар.

Полиция капитаны Ғазиз Байтасов қаза тапқан жерге жиналған жұрт – полиция қызметкерлері мен қала тұрғындары, ЖОО студенттері мен мектеп оқушылары осыдан екі жыл бұрын қандықол лаңкесті құрықтау кезінде қаза болған сақшыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ел тыныштығы үшін жандарын қиып, анттарына адалдық танытқан асыл азаматтардың бейнесі отаншылдықтың нақты үлгісі болып қалары сөзсіз. Ердің ерінің ғана қолынан келетін қадамға барып, бейбіт күнде жасаған батырлықтары болашақ ұрпақ жадында мәңгі сақталары да сөзсіз.

«Қазіргі заман қаһарманы» шарасы ішкі істер органдарының жас мамандарына антқа адалдық, қызметтік міндетке тазалық деген ұғымдардың түп-тамырын түсіндіріп береді. Аға буын ретінде жастарға айтар ақыл-кеңесіміз ортаймайды. Алайда, көзбен көріп, қолмен ұстап көрген мұндай шаралардың берері мол, тәлімі терең», – дейді Жамбыл облыстық ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы, полиция полковнигі Өрнекбай Смайылов.

Акцияға Ғазиздың көзі – қос құлынын ертіп әкелген Халық Қаһарманының жары Гүлжамал Тәжиева да қатысып, ерін ұмытпаған еліне жүрекжарды алғысын білдірді.

Шараға қатысушылардың ЖОО сту­­­денттері мен қаланың жалпы білім бере­тін мектеп оқушыларымен кездесулері де жос­парланған екен. Шара аясында 9 жалпы білім беретін мектеп, 2 ЖОО мен 1 колледжде кездесулер ұйымдастырылып, түрлі іс-шаралар қолға алынған.

Бір уақытта бірнеше оқу ошақтарында ұйымдастырылған шаралардың бірі Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында өтті. Дәл осы мектепте Ғазиз Байтасовтың үлкен ұлы Арманжан 8-сыныпта оқиды екен.

Шараға қатысқан 21 жігіттің ішінде «Ерлігі үшін» медалі және «Қазақстан патриоты» төсбелгісімен шоқтығы биік Рүстемді сөзге тартқанымызда ол: «Шынымды айтсам, өртпен арпалысып жүргенде «Ерлік жасап, ертең медаль аламын» деген ой басыңа келмейді ғой. Оны ойлайтын уақытың да, мүмкіндігің де жоқ. Көз алдыңда адам ажалмен бетпе-бет тұрғанда қолыңнан келгенді жасап қалуға менің орнымда болған кез келген адам ұмтылар еді. Өз басым солай ойлаймын. Бүгінгі акцияға еліміздің түкпір-түкпірінен 21 тәртіп сақшысы жиналды. Әрқайсысының өз ерлігі бар, әр жігіттің қазақстандық полицияның абырой-беделін көтеруге қосқан өз үлесі бар. Оларды бүгінгі күн­нің қаһармандары деп ұялмай айтуға болады», – деді.

Әрине, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Акцияға арнайы келген 21 полиция қызметкерінің 21 түрлі оқиғасы осындай батылдыққа, жігер мен құрметке толы.

Республикалық шараның екінші күні Жамбыл облыстық ІІД алаңында орналасқан Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың бюстіне және Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен ашылды. Бұл шараға Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Марат Демеуов пен облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты.

Егеменді еліміздің тарихында, оның ішінде, ел тыныштығының алдыңғы қатарында тұрған қазақстандық полиция жылнамасында нағыз ерлік пен батырлықтың мысалы аз емес. Өкінішке қарай, олардың арасында қызметтік міндеттерін атқару кезінде көз жұмған, бейбіт халықтың тыныштығын күзетемін деп жанын қиған оғыландар да бар. Етек-жеңімізді жиып, өз алдымызға ел болған тәуелсіздік жылдары қызмет бабында жүріп шейіт болған тәртіп сақшыларының қаралы тізімі 710-ға жетіпті. Оның ішінде, 21-і Ішкі істер министрлігінің ішкі әскер сарбазы. Әрине, халық өз батырын ешқашан ұмыт қалдырған емес. Нағыз ерлерін батырым деп басына көтеріп, барын алдына тосатын халықтың ұрпағымыз ғой. Ерлік елеусіз қалмады, бағаланды. Бүгінгі таңға дейін ішкі істер органдары мен ішкі әскердің 877 қызметкері Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталса, өкінішке қарай, тағдыр қиындығы көп, жауапкершілігі мол қызметте үзілген 90 сақшы бұл марапатқа қаза болғаннан кейін ұсынылған. Сол себепті де Таразда бастау алған бұл шараны осы қызметтің қиындығына төзіп, ауыртпалығын арқалап келе жатқан бүгінгі күннің батырларына жасалған құрмет, намыс туын жықпаған ерліктеріне берілген баға деп білген жөн.

Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Жамбыл облысы.

Суретті түсірген автор.

Соңғы жаңалықтар