Аймақтар • 22 Қазан, 2020

Жаңа аурухана мен жаңа көліктер

239 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қайта шапқан жау жаман» дегендей, індеттің қайта айналып соғуы мүмкіндігін ескерген елімізде дайындық жұ­мыс­та­ры жүр­гі­зілуде. Егер індет қайта дендесе, оның қалай, қа­шан, қан­дай симп­том­дық өзге­рістермен және қан­ша­лық­ты екпінмен келе­тінін ешкім білмейді, сондықтан әркім өз дең­гейінде, мүм­кін­дік­терге сай қиындыққа қарсы қамдануы тиіс. Тек қолда бар мүм­кіндікті пай­далана алмай қапы қалып жүр­месек болғаны...

Жаңа аурухана мен жаңа көліктер

 

Осы орайда, яғни коронавирус індетінің болуы мүмкін деген жаңа толқынына дайындық барысында Ақтауда заманауи үлгідегі модульді жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Солтүстік Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) компания­сы СКӨБТК Әлеуметтік және инфра­құ­ры­лымдық жобалар (ӘИЖ) аясында өнеркәсіптік модульдік тұрғын үй құрылысы технологиясының арқа­сын­да қысқа мерзімде салынып, пайда­ла­ну­ға берілген ауруханалар инфе­кция жұқ­тырған науқастарды уақтылы анық­тап, оқшаулауға және дұрыс ем қа­был­дауға мүмкіндік беріп, аурудың таралу қаупін азайтады.

Ақтау қаласының 1-а шағын ауда­нын­да орналасқан кешен Маң­ғыс­­тау облыстық ауруханасына қа­расты инфекциялық стационар болып қызмет атқарады. Маң­ғыс­­тау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, аумағы 4 гектар жерді құрайтын аурухана 200 төсектік орынға есептелген және қа­жетті медициналық жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Оның ішінде 180 орын стационарлы болса, 20 орын – жансақтау орындары. Құрылыс нысанының жалпы көлемі 8 064 шаршы метрді құрайды, оның ішінде аумағы 7 600 шаршы метр болатын кешен модульдерге бөлінген, оның әрқайсысы түрлі мақсаттарға ие. Мысалы, науқастар бөлмесі «E және F» блогында орналасқан болса, көрші «B» блогында – реанимациялық төсектер мен операциялық зал, ал «А» блогы – қабылдау бөлімшесі, «D» блогы – инфекциялық блоктар және галерея түріндегі дәлізбен байланысқан бес палата бөлімдері бар.

Ғимарат изоляция мен отқа төзім­ділігі жоғары деңгейі MODEX темір­бетон блоктарынан, сондай-ақ рамалық сэндвич-панельдерден құ­растырылған. Палаталар боксталған, әр науқастың орны динамикалық бақылаумен, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Модульдық аурухана өзара байланысқан, жұқпалы аурулар қауіпсіздігі қатаң сақталатын бөлімшелерден тұрады. Әр төсекке оттегі жеткізуді қамтамасыз ететін оттекті-газдандыру стансасы бар. Бұл ерекшеліктер инфекцияның алдын алу және жұқтырған адаммен байланысты болдырмау үшін жасалған. Медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген және оттегі концентраторымен және орталықтандырылған оттегімен, медициналық газбен жабдықтау жүйесі орнатылған. Кешенде медициналық және кәріз қалдықтарын зарарсыздандыру ғимараты, көліктерді зарарсыздандыру бекеті, ішкі ауаны тазарту-желдету, өрт дабылы, бейнебақылау жүйесі де қарастырылған. Бүгінде аурухана науқастарды қабылдауға дайын. Онда 300-ге жуық медицина қызметкері жұмыс атқаратын болады, сондай-ақ қосымша дәрігерлік кадр резерві жасақталған.

Жоба «NCOC» компаниясының демеушілігімен салынды. Яғни өңірде коронавирус инфекциясы қаупінің сақталуына байланысты бұл жоба аясында Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының туындауын және таралуын болдырмау үшін 2020 жылдың 18 тамызы күні конкурстық іріктеу нәтижелері бо­йынша таңдалған «BI-Industrial» ЖШС мердігерімен келісімшарт жасалған. Жобаны ұсынылған күнге дейін аяқтау үшін компания құрылыстың қызған шағында 1 мың адамға дейін жұмысқа жұмылдырған. Ал мердігер – құрылыс саласында үлкен тәжірибесі бар қазақстандық BI Group компаниясы. Маңғыстау өңірінде әлеуметтік тұрғыда демеушілік көрсетіп, көп көңілінен шығып жүрген NCOC компаниясы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы аясында Маңғыстау облысында өзге де ден­сау­лық сақтау нысандарын тапсырды, соның ішінде Форт-Шевченко қала­сындағы 25 орындық емхана мен күндізгі стационар, Түпқараған ауда­нындағы орталық аудандық ауру­ха­на­ның балалар бөлімі мен өзге де нысандар бар. Ақтаудағы 100 кереуеттік онко­логиялық орталықтың құрылысы аяқ­талуға жақын.

Модульді аурухана құрылысының аяқталуы салтанатты шара барысында инфекциялық аурухананың құрылысын жүргізудегі белсенді еңбегі үшін «BL Industrial» ЖШС-ның 11 қызметкері облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

1

Сондай-ақ дайындық барысында Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасы 20 жаңа санитарлық автокөлікпен толығып, өңірдің жедел жәрдем қызметіне «Hundai 350» маркалы мамандандырылған көліктердің кілті табысталды. Жаңа қызметтік көлік­тердің 13-і Ақтау қаласына, 5-і Мұнай­лы ауданына және 2-і санавиация қыз­метіне аттанады. Қазан айының со­ңына дейін тағы «Jac Sunray» маркалы 32 жедел жәрдем көлігі келеді және бұл көліктердің барлығы лизинг арқылы сатып алынуда. Қараша айында Маңғыстауға тағы 2 «УАЗ Patriot» маркалы реанимобиль автокөлігі кел­мек. Осылайша, өңірдің жедел жәрдем автопаркі 100 пайыз көлікпен қам­та­ма­сыз етіледі. Қазіргі уақытта өңір бо­йынша 47 жедел жәрдем бригадасы жұ­мыс істейді.

Жаңа стационар, жаңа жедел жәрдем көліктері аласапыранға емес, тыныштыққа қызмет етсе деп тілейсің.

 

Маңғыстау облысы