Жария тыңдауға Энергетика, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері, «Атамекен» ҰКП, салалық қауымдастықтар өкілдері мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тұтынушылары қатысты.
Жария тыңдау комитет төрағасы Асан Дарбаевтың төрағалығымен өтті. Ол барлық қатысушыларды жария тыңдауды өткізу тәртібімен таныстырды, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарифтері, тарифтік сметалары жобаларына өз ұсыныстары мен ескертулерін белсенді түрде айту қажеттігін жеткізді.
Елордада карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты, жария тыңдау комитеттің Facebook-тегі ресми парақшасы және ZOOM платформасы арқылы көрсетілді. Онда әрбір адам нақты уақыт режімінде субъектінің өтінімі бойынша сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Жария тыңдауда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даир Көшеров спикер болды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілі өз сөзінде «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес магистральдық теміржол желілері, бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдар және электр энергиясын беру салаларындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерінің тарифтері 5 жылға бекітілетіндігін айтты.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2016-2020 жылдарға арналған магистральдық теміржол желілері, бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдар және электр энергиясын беру салаларындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерінің қолданыстағы тарифтері бекітілді. Оның қолданылу кезеңінің аяқталуына байланысты «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2021-2025 жылдарға арналған магистральдық теміржол желілері, бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдар және электр энергиясын беру салаларындағы реттеліп көрсетілетін қызметтеріне жаңа тарифтерді және тарифтік сметаларды бекітуге Табиғи монополияларды реттеу комитетіне өтінім берді», деді Д.Көшеров.
Сонымен қатар, жария тыңдаудың қатысушылары, оның ішінде БАҚ өкілдері субъектінің тарифтері мен тарифтік сметаларының жобаларына қатысты сауалдар қойды.
Қорытындылай келе, комитет басшысы бұл талқылауға ұсынылған тек жоба ғана екенін, түпкілікті шешім «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өтінімін табиғи монополиялар туралы заңнамада белгіленген мерзімде және тәртіппен қарау қорытындысы бойынша нақты шешім қабылданатынын атап өтті. «Айта кету керек, комитет әрдайым жария тыңдаудың қатысушыларының пікірлерін ескереді және түпкілікті шешім қабылдаған кезде тұтынушылар мен субъект арасындағы мүдделер тепе-теңдігін сақтауға тырысады», деді ол.