Иә, шынында да қазір бір нәрсені білу үшін том-том кітап оқып әуреленбейсіз, теледидарыңызды тоққа жалғап, болмаса ғаламторды қоса қалсаңыз, алдыңыздан іздегеніңіздің барлығы сайрап шыға келеді. Содан кейін кім баяғыша таңды таңға атырып, түн ұзақ кітап оқып көз майын тауысқысы келсін? Әрине, оқымайды. Міне, осы көп «көргіштік» пен шекарасыз шектен тыс көрсетушілік те адам бойындағы, жүрек түкпіріндегі ізгілікпен өрнектелген сезім кестелеріне іріткі салып, тым қадірсіздендіріп, қарабайырландырып жіберген сыңайлы.
Адамзат жаралғалы бері, тіпті сонау ежелгі заманның өзінде-ақ үнемі басқалардан көркем ойлауға тырысып келеді. Ал кейін ойлау жүйесі дамып, газет, кітап өнімдері жарыққа шыққаннан кейін адамның көркем ойы жүйеге түсті. Сол арқылы сана өсті. Егер адам көркем ойлауға, көркем өмір сүруге тырыспаса, онда оның жануардан не айырмашылығы болсын? Адамды адам еткен бірінші еңбек болса, адамдықтың биік шыңына көтерген – осы көркем ой мен ұшқыр қиял, ақыл-парасат пен асқақ арман болатын.
Көркем ойдың негізі – көркем әдебиетте. Кітап, оның ішінде көркем әдебиетті көп оқып, көкейіне тоқитын жан өмірді де дәл сондай көркем қабылдайды. Өмірді көркем қабылдай білген адам көркем өмір де сүре біледі. Ал көркем өмірдің алғашқы сатысы махаббаттан басталады. «Әлемде күн екеу, оның бірі көкте болса, бірі – жүректе. Жүректегінің аты – махаббат. Махаббат мекендемеген жүрек қыстыгүні қар астында қалып қойған қараңғы үймен тең». Махаббатқа анықтаманы Әзілхан Нұршайықов атақты «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабында шопанның аузына салу арқылы осылай өте ұтқыр береді.
Қандай әсем теңеу! Махаббатқа бұдан артық түсіндірменің де қажеті жоқ. Ал сіз бен біздің ұғымымыздағы махаббат нендей баламаға лайық? Біз жүрек түкпіріне ұя салған сол сандуғаш сезімнің қадірін далада қой ғана емес, ой да бағып жүрген шопанның ұғымындағы жарқыраған күн деңгейіне көтере аламыз ба? Әрине, жоқ! Себебі біз әлем әдебиетінен тым болмағанда: Ремарк, Мопассан, Стендаль, Бальзак, Цвейг, қазақ әдебиетінің жауһарлары: Әуезов, Мүсірепов, Бөкей сынды суреткерлердің сырымен бөлісіп, Шекспир, Байрон, Есенин, Айбергенов, Мақатаевтардай поэзия патшаларының пырақтарына қарғи мініп, сұлулық, парасат патшалықтарына саяхат шекпедік қой. Сондықтан болар бүгінгі жастар ұғымындағы махаббат нәпсіні қанағаттандыру сынды тек физиологиялық өлшемнің аясына сыйып кетті де, сезімдегі тереңдік пен рухани үндестік кейінгі орынға ысырылып қалды. «Елу бір жыл ғашық болдым Қорланға, Елу бір жыл өмір сүрдім, ендеше» деп жырлап, сезімін 51 жыл бір жүзікке сыйдырып келген Естайдың махаббатындай махаббаты қазіргі жастар басынан өткермек тұрмақ, сол Естай мен Қорлан сезімінің әдемі хикаясынан хабары бар ма?..
Бүгінде романтик болу жындылыққа, қиялилыққа баланады. Ал кезінде атақты әуенші Брамстың мұң батқан көңілін көтеріп, шабытын шарықтату үшін жасаған Феллингер ханымның әрекеттері тамсанып, таңдай қағуға тұрарлық. Парасатты әйелдің сазгер әуендерінің саз пернелерін кестелеп матаға түсіргенін, тіпті туған күніне орай қамырдан істелген тәтті нанға әндерінің ноталарын салып пісірген айрықша сыйлықтарын көріп, ерекше шабыттанып, риза болған Брамс: «Сіз мені әнге қосасыз, суретімді бейнелейсіз, мені кестелеп, тіпті пісіресіз де!» деп шаттанған көрінеді. Енді мұны романтика демей көріңізші. Қандай сыршылдық! Сұлулыққа құштар жандардың әрекеттері де, өмірлері де сұлу екен-ау!
Ал сіз бен біздің өміріміздің романтикасы немен өлшенеді? Осы бізде романтика бар ма?.. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан сыр шертетін неміс драматургі Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» пьесасында басты кейіпкер Маттиас Клаузеннің «Бұл өмірден романтика қашқалы қашан?» деп мұңая өкінішін білдіретін сол романтикасын жеті қат жердің астынан іздесек те таппайтын жағдайға жеттік.
* * *
...Бірде атақты Гайдн Биллингтон есімді сүйген әйелінің өзінің әсем әнін тыңдап отырған әулие Цецилия ретінде бейнеленген суретін салуға тапсырыс береді.
– Таңғажайып Биллингтонның суреті жайлы не айтар едіңіз? – деп суретші шеберханаға кірген Гайдннан сұрайды.
– Тамаша сурет! – деп жауап береді Гайдн, – өте ұқсайды. Тек бір ғана қате жіберіпсіз.
– Қандай?
– Сіз оны періштелерді тыңдап отырғандай бейнеледіңіз, керісінше, періштелер оны тыңдап отырғанын бейнелегеніңіз жөн болар еді...
Міне, жаны сұлу сүйген жанның махаббат, сүйгені жайлы ұғымы да осындай көркем, асқақ болса керек. «Әлемді сұлулық құтқарады» десек, сол сұлулыққа келу үшін де жанымызды көркемдендіруге талпынғанымыз жөн болар. Ол көркемдікке апарар бірден бір жол – көркем әдебиет екені сөзсіз. Ал сіз не оқып жүрсіз?!