Қоғам • 22 Қазан, 2020

Көлік нөмірін ұрлау көбейген

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақша табу үшін неден де болса арланбайтын айлакерлердің әрекеті тыйылмай тұр. Қулығына құрық бойламайтын қаскүнемдер көше бойында қаңтарылып тұрған автокөліктердің нөмірін ұрлап, темір тұлпар иесінен ақша бопсалайтын болған.

Көлік нөмірін ұрлау көбейген

Алматы  қаласының аумағын­да жыл басынан бері көліктердің мем­лекет­тік нөмірлерін ұрлау­дың 21 фактісі тіркеліпті. Әсі­ресе, әлеу­меттік желіні ашып қалсаңыз, біз айтып отырған мә­се­леге қатысты жаз­баларды көп­­теп кездестіресіз. Кейбір же­лі қолданушылары мұн­дай жағ­дайды өз басынан бір­неше мәрте өткергенін жазса, ен­ді біреу­лер оқиға орнынан бей­­­не­­жаз­ба қалдырып, тәртіп сақ­шы­ларына мұңын шаққан. Маман сөзіне сүйенсек, көптеген көлік жүргізушілерін әбігерге салған келеңсіз оқиға шаһарда былайша өріс алып отырған.

– Бұл қылмыстар материалдық-пайдакүнемдік сипатқа ие. Құ­қық бұзушы жәбірленушінің мемле­кеттік тіркеу нөмірлік белгісін алып кетіп, автокөлік иесіне алдын ала дайындалған есепшотына ақша салуды талап етеді. Ақша түскен соң, ұрланған нөмірді жа­­сыр­ған жерін көрсететінін жазып, хат қалдырады. Бұл құқық бұзушылық бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалады. Жыл басынан бері мұндай ұрлықтың бірнеше фак­тісі тіркелген. Күдікті анық­тал­ды. Сонымен қатар біз аза­мат­­тарды қаскүнемдердің жете­гіне ермеуге және дереу «102» пультіне хабар беруге шақыра­мыз, – дейді Алматы қаласының ПД Кри­миналдық полиция басқар­масының бастығы Еркін Іңкәров.

Көлік санының көптігінен көш бастап тұрған мегаполисте мұндай оқиға жыл сайын тіркеліп отырады.  Алматы қалалық Поли­ция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тіркелген 21 ұр­лық­тың 20-сы әшкереленген. Атал­мыш оқиға бойынша үш адам қыл­мыстық жауапкершілікке тар­тылыпты. Нөмірді қайта рәсім­деудің машақатынан қашқан жүр­гізушілер алаяқтардың арбауына көніп, айтқан ақшасын амалсыз аударған жағдайлар да жетерлік. Азаматтарды абай болуға үндеген  мамандар, көлік нөмірін қосымша бекіткіштермен ұстатып, түнгі уақыттарда қалтарыс орындарда қалдырмауға шақырды.

 

АЛМАТЫ