Ақтөбеліктер «Рикс ЛТД» ЖШС зауыты шығаратын оннан астам түрлі сапалы да арзан сусындар мен шырындарды тұтынатын болады. Серіктестіктің Ақтөбеде ашылған заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыты сағатына 20 мың шыны сусындар шығарады.
Ақтөбеліктер «Рикс ЛТД» ЖШС зауыты шығаратын оннан астам түрлі сапалы да арзан сусындар мен шырындарды тұтынатын болады. Серіктестіктің Ақтөбеде ашылған заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыты сағатына 20 мың шыны сусындар шығарады. Ауызсу мен сусындар шығаратын бұл өндірістің негізі Алматыда 2005 жылы қаланған. Бұл күнде көпшілікке салқын шәй мен шөлбасар сусындардың небір түрін жеткізіп отырған танымал фирманың Ақтөбеде желісін кеңейтуі тегін емес. Өйткені, бұл өңір олар үшін тұтынушылар тартуға, жан-жаққа өнім жөнелтуге қолайлы аймақ болып табылады.
«Рикс ЛТД» ЖШС-нің Ақтөбедегі зауытының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған бұл жобаның келешегі кемел екеніне сенім білдірді.
Ақтөбеде ашылған зауыттың директоры Алексей Миронов бұл жобаны қысқа мерзім ішінде жүзеге асыруға жергілікті билік органдарының қолдау көрсеткеніне алғысын білдірді. Немістің «Кронос» фирмасының жабдықтарымен жұмыс істейтін өндірісте, жоғарыда айтқанымыздай, сағатына 20 мың шыны әртүрлі сусындар шығарылады. Сусын, шырын құятын желілер жұмыс істейді.
Зауыт өнімдері Ақтөбе облысымен қатар, Қазақстанның батыс өңірлеріне, сондай-ақ, Ресейдің көршілес аймақтарына өткізілетін болады. Бұл ретте халықаралық дәліз жолы, басқа да тасымал құралдары кеңінен пайдаланылмақшы.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.