Қазақстан • 22 Қазан, 2020

2021 жылдың соңына дейінгі әлеуметтік-маңызды тауарларының бағасы бекітілді

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бастап 19 негізгі азық-түлік тауарлары бойынша бағаның өсуі 109,3% құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2,2%-ға аз болған. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина осындай мәліметтерді келтіріп өтті.

2021 жылдың соңына дейінгі әлеуметтік-маңызды тауарларының бағасы бекітілді

Оның айтуынша, бағаның өсуі маусымдық сипатқа ие. Дәстүр бойынша, бұл қаңтардан бастап сәуірге дейін байқалады. Мамыр айынан бастап, жаңа өнім түсумен баға төмендейді.

Сондай-ақ, бағаларда өндірушілердің шикізатқа, буып-түю материалдарына шығыстарының қымбаттауы, көлік шығыстары көрсетіледі, жоғары үстеме баға белгілейтін делдалдар да әсер етеді.

"Бағаны тұрақтандыру мақсатында бірқатар шаралар қабылдануда. "Айналым механизмі" бойынша 20 мың тонна өнімге келісімшарттар бар. 7 субъектімен ("Айкын Сапа", "Мир круп", "Магнум", "Акмол", "Туркуаз", "Вермакс", "АА Агро") келісім-шартқа қол қойылып, 3,6 млрд теңге несие бөлінді. Бұл ірі сауда объектілерінде әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерін тіркелген бағалар бойынша сатуға мүмкіндік береді", - деді спикер тауарларды атап шығып.

Мысалы, желтоқсаннан бастап 2021 жылдың мамыр айына дейін картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз, келесі жылдың сәуіріне дейін күріш пен қарақұмық жармасы мен күнбағыс майының бағасы бекітілді. 2021 жылдың соңына дейін азық-түліктің тағы 10 түріне баға тұрақты болады. Оның ішінде сүт өнімдері, жұмыртқа, ұн, құс еті, макарон өнімі бар.

"Баға көтерілген жағдайда тұрақтандыру қорының қорларынан тауар интервенциялары жедел жүргізіледі. Қазір 6 сауда объектісінде ("Магнум"», "Астықжан", "ВкусМарт", "Ақмол", "Шапағат" және "Смолл") қанттың тауарлық интервенциялары кг үшін 220 теңгеден аспайтын баға бойынша жүргізіледі", - деді Ермолдина.

Оның мәліметінше, қорда 912 тонна қант бар.

Нан бағасын тұрақтандыру бойынша отандық өндірушілерден ұн сатып алуға жергілікті бюджеттен қосымша 600 млн теңге бөлінді. Бұл ұн қыркүйек айында келесі егін жиналғанға дейін жеткілікті.