Аймақтар • 22 Қазан, 2020

Оралда 65 жастан асқандарға көшеге шығуға шектеу қойылды

396 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мәдениет Танауов Орал қаласында COVID-19 індетінің таралуына жол бермеу үшін ерекше шарттары бар шектеу шараларын енгізді деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда 65 жастан асқандарға көшеге шығуға шектеу қойылды

"Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 38, 104-баптарын басшылыққа ала отырып, Орал қаласының тұрғындары арасында коронавирустық инфекциясы (COVID-19) таралуының алдын алу мақсатында, сондай-ақ қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Орал қаласы аумағында шектеу шаралары енгізіледі» делінген қаулыда.

Яғни енді 65 жастан асқан адамдардың аса қажеттіліксіз көшеге шығуы шектелмек. Сондай-ақ бұған дейін демалыс күндері өткізіліп келген ауыл шаруашылық, азық-түлік жәрмеңкелерін өткізуге де тыйым салынды. Оның үстіне демалыс күндері қоғамдық көліктің жұмысы тоқтайтын болды.

Бас санитарлық дәрігер Орал қаласының әкіміне және Орал қаласының полиция басқармасына қала көшелерінде орналасқан жабайы сауда орындарын жою жөнінде де нақты тапсырма берген. Атап айтқанда Жаһанша Досмұхамедов көшесіндегі "Мирлан" базары маңы, Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы "Жайық" дүкен мен "Аяжан" сауда үйінің айналасы, Назарбаев даңғылындағы "Юбилейная" аялдамасы, Құрманғазы көшесіндегі "Школьник" сауда үйі мен "Ақжол" базарының маңы, Абай даңғылы бойындағы бұрынғы "Сұлтан" базарының орны, 6 шағын аудандағы "Жеңіс" сауда үйінің қарсы беті, Гагарин көшесіндегі "Өнім" базарының аумағы ерекше бақылауға алынып, жабайы сауда қатарлары жойылмақ.

 

Батыс Қазақстан облысы