Саясат • 23 Қазан, 2020

Соттың абыройы – мемлекеттің абыройы

1349 рет көрсетілді

Осы жылдың қазаны еліміздегі судьялар корпусы үшін маңызды оқиғаларға толы. Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен судьялардың VIII съезі өз жұмысын бастайды. 30 қазанда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Жоғарғы сот төрағаларының XV кеңесі өтеді. Қазіргі уақыт талабына сәйкес екі форум да онлайн режімде ұйымдастырылады.

 

Елбасының бастамасымен жүргізіліп жатқан «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, судьялардың VII съезінде берген тапсырмалары, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары, Мемлекет басшысының Жолдаулары республика сот жүйесінің жұмысына жаңа серпін, айқын бағыт беріп, нақты бағдар ұсынды. Жаңашыл бастамалардың нәтижесінде сот билігінің толыққанды құқықтық негізі қаланды. Сот құрылымында бұрын бес сатылы жүйе болса, енді үш сатылы жүйеге: бірінші – апелляциялық және кассациялық деңгейдегі жүйе бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ сот корпусына және сот актілеріне талап артты. Инвестициялық сот ісін жүргізу қолға алынды. Сот төрелігі академиясы қайта құрылып, судьялар біліктілігін арттыру қамтамасыз етілді. Келушілерге сот қолжетімді бола түсті, процестер қашықтан жүргізілуде, электронды сот қарқынды дамуда.

Екі жарым жылдан бері Жоғарғы соттың «Сот төрелігінің жеті түйіні» жаңа бағдарламасы соттардың жұмыс стилін түбегейлі өзгертті. Оған себеп, бұл реформа жоғарыдан емес, төмен­нен бас­тау алды: жобалық менедж­мент­тің негізінде оған тек судьялар ғана емес, сон­дай-ақ сот процесіне қаты­су­шы­­лар­­дың барлығы – адвокаттар, про­курор­­лар, медиаторлар, заңгерлік қауым­дас­­тықтың өкілдері белсене атсалыс­ты. Атап айтсақ, кәсіби сот корпусын қалып­тастыру мақсатында кәсіби бағалаудың жаңа стандарттары енгізілді, сотты әкімшілендіру келушілерге жаңа техно­ло­гиялар арқылы қызмет көрсете бас­­тады: 2018 жылы соттарда 229 фронт-кеңсе ашылып, келушілер барлық қа­жетті қызметті «бір терезе» қағидаты ар­қылы жедел әрі сапалы алатын болды.

Бірыңғай сот практикасы қолданы­луда, судьялар жұмысы оңтайланды­рылды, артық сот процедуралары жо­йыл­ды. Сот актілерінің жаңа форматы енгізіліп, тараптардың сауалдарына жауа­птар қарапайым әрі түсінікті етіп бері­леді. Соттардың IT-қызмет процесі одан әрі жетілдіріліп, жаңғыртылуы нә­ти­же­сінде сапасы, жеделдігі, кең кө­лем­ді қамтуы арта түсті.

Әлеуметтік желі арқылы соттар мен қоғам арасында диалог орнады: судьялар мен баспасөз хатшылары барлық байланыс арналары арқылы тығыз байланыс орнатып, жұртшылықтың толғақты мәселелері мен сауалдарына тәуліктің қай мезгіліне қарамастан жедел жауап беретін үрдіс нақты жолға қойылды.        

Жалпы, соттар заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ететін мықты құрал болуы – басты міндет. Халықтың сотқа деген сенімі бірнеше есе артуы қажет. Соттың беделі – мем­лекеттің беделі.

Бұл мақсатқа қол жеткізуде Елбасы мен Мемлекет басшысы алдымыз­ға қойған үш міндетті айтар едік. Бірінші­ден, судьялық кадрларды жақсарту. Екіншіден, соттардың тәуелсіздігін күшейту. Үшіншіден, сот қызметінің сапасын арттыру. Осы тапсырмаларды орындау үшін екі жарым жылда 30 заң жобасы әзірленді, оның 17-сі күшіне енді, 3 заң жобасы – Парламентте, 10-ы – мем­лекеттік органдармен келісуде.

Алдымен бірінші тапсырманың орын­далуына тоқталайын. Судьяларды іріктеу процесі түбірімен өзгертілді, олардың қызметін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді, олардың тәуелсіздігін арттыру үшін судьялардың өзін-өзі басқару органы қайта құрылды. Облыс­тық соттардағы сот алқасының төр­аға­ларына конкурстық іріктеу жүйесі енгі­зіл­ді және сот төрағаларының өкілет­­­тік мерзімдері шектелді, т.б. жұмыстар атқарылды.

Биылғы 10 маусымда Мемлекет бас­­шы­сы­ның Жарлығымен Азаматтық про­­цес­тік кодекске түзетулер енгізілді. Егер бұрын судьяның азаматтық процес­тегі рөлі шектеулі болып келсе, енді ол өз­ге­реді. Судьяның процестегі белсен­ділігі артты, жауапкершілігі күшейді. Судьяны талап-арыз қыспағынан шы­ғар­майтын шектеулер келмеске кетті. Судья істің шынайы мән-жайын анық­тау үшін қосымша дәлелдемелерді сұрату­ға құқылы. Өз бетінше ақиқатқа көз жет­кізуге ұмтылып, процесс барысын­да та­рап­т­ардың уәждеріне қатысты өз ойын батыл айта алады. Ол үшін заң қажет­­ті өкілеттік беріп отыр. Бір сөзбен айт­­сам, жаңа түзетулерге сәйкес енді адам құ­қығын сотта қорғау деңгейі арта түседі.

Тағы бір үлкен жаңалық, биылғы 29 маусымда қол қойылған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс біздің құқық­тық жүйемізге жаңа ережелерді белгілеп берді. Бұл – бәріміз үшін өте маңызды әрі мүлдем жаңа құжат. Оның мәні – сотқа талап-арыз берген адам емес, керісінше, мемлекеттік орган өз шешімін не әрекетін түсіндіріп, негіздеп, дәлелдеп беруге міндетті. Заң тілімен айтсақ, «мемлекеттік органның кінәлілігі презумпциясы» енгізіледі.

Әкімшілік әділет мемлекеттік ор­гандардың адамдар мен бизнеске көз­қарасын жақсартады. Заң бойынша сот алдында бәрі тең десек те, іс жүзінде қара­­пайым адам мен мемлекеттік орган­ның кадрлық, қаржылық, басқа да ресурстарын салыстыруға келмейді. Енді мұндай тең­сіздік жойылмақ. Жал­пы, әкімшілік әді­лет енгізілген елдерде мем­­лекеттік ап­па­рат тәртіпке келген, экономика­лық ахуал сауыққан, инвестиция көлемі артқан.

Екінші тапсырма бойынша соттар тәуелсіздігін нығайту үшін кадр мәселесі Жоғарғы соттан алынып, Жоғары сот Кеңесіне берілді. Қазіргі кезде ЖСК жеке құ­ры­лым, сот жүйесіне қатысы жоқ, судья­ларды іріктеу, тағайындау және қыз­меттен босату туралы шешімді алқа бо­лып қабылдайды.

Уақыт талабына сай судья кадрларын іріктеу талабы күшейтілді. Бұл – қоғамның сеніміне ие болудың бірден-бір кепілі. Қазіргі кезде үміткер алдымен кешенді психологиялық тестілеуден өтеді. Содан кейін Мемлекеттік қызмет іс­тері агенттігінде заңдардан тест тапсы­рады, кейстерді шешеді, эссе жазады, әңгімелесуден өтеді. Конкурстан сәт­ті өте ме, өтпей ме, ол толығымен үміт­­кер­дің жеке басының қасиетіне бай­­ланыс­ты. 2018 жылға дейін әрбір 4 үмітк­ер­дің 1-уі судьялыққа өтсе, қазір конкурс­тан 20 үміткердің тек 1-уі өтуде. Ел­басы тапсырғандай, кездейсоқ заңгер­лерге судьялыққа жол жабылды деген сөз.

Ал қызметтегі судьяларды бағалауды Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жүзеге асырады. Оның жұмыс әдістемесін бекіттік. Шетелдік сарапшылар бұл құжатты судьяларды бағалаудың тиімді құралы деп атады. Нәтиже қандай? Егер бұдан бес жыл бұрын аттестациядан өте алмаған судьялар 1%-ды құраса, 2019 жылы 377 судьяның 10%-ы кәсіби сынақтан өте алмады. Жалпы, 3 жылда судьялардың 80%-ы жаңа әдістеме бойынша аттестациядан өтеді деп жоспарлануда.

Бұған қоса, судьялардың жеке жауап­кершілігі күшейтілді. 2019 жылдан бас­тап Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия мен Сот жюрийі 28 судьяны жұмыстан босату туралы ұсыныс берген.

Қазір еліміздің сот жүйесінде сыбайлас жемқорыққа орын жоқ. Мысалы, 2,5 жыл ішінде 25 судья қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл өткен 3 жыл ішіндегі көрсеткіштен 8 есе артық.

Сот актілерінің сапасын арттыру жөніндегі үшінші тапсырманы орындау үшін жаңа нормативтік қаулылар қабылданды. Облыстық, аудандық соттар судьяларына семинар-тренингтер өтті, электронды көрнекі құралдар мен оқулықтар дайындалып, таратылды.

Соттың шығаратын жалғыз өнімі – шешім, үкім, қаулы. Бұрын олар өте қиын, түсініксіз тілмен жазылатын. Оған қоса, жазылғанды судья түсіндірмейтін. Жариялаған соң залдан кетіп қалатын. Тарап­т­ар судьяның неге сондай қоры­тын­дыға келгенін түсінбей, жан-жаққа арыз жау­дыратын. Сондықтан сот актілері­нің жаңа параметрлері жасалды. Сот шешім­дері мен үкімдерінің мазмұнына, құ­ры­лымына, тіліне қатысты талап­тар өз­гертілді. Бұл талаптар­ды Жоғарғы сот­тың нормативтік қаулыларымен бекіттік.

Сондай-ақ қоғамның назарын ерекше аударған резонансты істер бойынша сот шешімі шыққан соң артынша судья брифинг өткізіп, істің мән-жайын жіті түсіндіретін оң тәжірибе енгіздік.  

Қазіргі кезде қоғамда дау-дамай көп екені белгілі. Жұрттың көбі өз мәселесін сот арқылы шешкісі келеді. Елбасы, Мемлекет басшысы қоғамдағы ұсақ-түйек дауларды бітіммен шешудің баламалы тәсілдерін қарастыруды міндеттеді. Біз соттардағы дау-дамай деңгейін төмендету үшін татуластыру рәсімдерін кеңінен қолданысқа енгізудеміз.

Жоғарғы соттың «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы 2018 жылы бас­талды. Содан бері 86 053 іс қаралды, татуласу рәсімдері 24 159 іс бойынша жүргізілді. Бастапқыда пилоттық жобаға республикадағы 97 сот қатысты, ел бо­йынша 118 татуластырушы-судья дау­дың бітіммен аяқталуына атсалысты.

Бүгінде еліміздің 17 өңірінде 47 татуласу орталығы ашылып, 413 билер кеңесі құрылған. Соның арқасында даулардың 28 пайызы сотқа дейін татуласумен аяқталған. Бұған қоса, «Отбасылық сот» жобасы 2019 жылы бас­­талса, «Түнгі сот» жобасы 2018 жылғы маусым­нан 2019 жылғы желтоқсанға дейін жүр­гізілді. Нәтижесінде 2019 жылғы 30 жел­­тоқсанда ӘҚБтК-ке тиісті түзетулер енгізілді.  

Осы жұмыстар әлемді жайлаған пандемияға қарамастан жүргізіліп жатыр. Көп елде соттар жұмысын тоқ­татып жатқанда, еліміз эпидемия бастал­ған кезден тиісті шараларды батыл қа­былдады. Бас Прокуратурамен бірлесіп, республика көлемінде құқық тәртібі мен қылмыспен күресті қамтамасыз ету алгоритмі әзірленді. Мұндай шара қо­ғамдық тәртіпті сақтауға, адам құқы­ғын қорғауға бағытталды.

Соттарда цифрландырудың дамыту деңгейі пандемия кезеңінде сот төре­лігін онлайн режімде жедел жүр­гізуге мүмкіндік берді. Виртуалдық сот про­цесіне қашықтан қатысуға мүмкін­дік жасалды.

Төтенше жағдай енгізілген алғашқы аптада соттар күніне 1 мыңға жуық істі қашықтан қарады. Наурыз айының ортасында күніне 4,5 мыңға дейін сот процесі жүргізілді. Сәуірдің бірінші онкүндігінің соңында шамамен 2 мың сот отырысы электронды түрде өтті. Жалпы, биылғы 8 айда 300 мыңнан астам онлайн-отырыс өткізілді. Осының барлығы сот оты­рысы өтетін 1452 залдың аудио-бейне құрыл­ғыларымен жабдықталуының нәтижесі. 

Қазақстандық сот жүйесін дамыту векторы халықаралық сарапшылардың назарынан тыс қалған емес. Бұған әлемдік рейтинг өлшемі дәлел. Мысалы, «Құқық үстемдігі» индексі бойынша рес­публикамыз көрсеткішін 11 позицияға, яғни 2017 жылғы 73-позиция­дан биыл 62-позицияға жақсартты. Ал Doing business рейтингісінде «Келісімшарт­тардың орындалуын қамтамасыз ету» индексі бойынша 190 елдің арасын­да 4-орын иеленді. Халықаралық бедел­ді сарапшылардың пікірінше, бұл цифр­­лар үлкен жұмыстың атқа­рыл­ғанын айғақтайды.

Қорыта айтқанда, судьялардың VII съезінде сот жүйесіне берілген тап­сыр­малар орындалуда. Нәтижесі көпші­ліктің көз алдында.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының ма­ңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлт­тық сот төрелігі жүйесі. Тәуел­сіз және әділетті сот – құқықтық мемле­кет­­тің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елін­­де, тіп­ті ең дамыған мемлекеттерде  қолай­лы инвестициялық ахуалдың да, аза­мат­тар­дың әл-ауқатының жоғары дең­гейінің де, қоғамның табысты дамуы­ның да болуы мүмкін емес» деген сөзі­нің маңызы күн санап арта түсуде. Осы тұ­жы­рым­ның іске асуына тиісінше үлесімізді қоса бермекпіз.

 

Жақып АСАНОВ,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының Төрағасы

 

Соңғы жаңалықтар

Әскерилер қан тапсырды

Аймақтар • Бүгін, 12:33

Пневмониядан 2 адам қайтыс болды

Коронавирус • Бүгін, 09:17

«Сочиді» тізе бүктірді

Хоккей • Бүгін, 08:07

ТОП-10 боксшының қатарында

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 08:05

Қызыққа толы Премьер-лига

Футбол • Бүгін, 07:59

Сахна сардары

Өнер • Бүгін, 07:55

Тарихты таразылаған туынды

Руханият • Бүгін, 07:43

Кемел қазақтың келбеті

Таным • Бүгін, 07:40

Наурыздың ақша қарындай

Руханият • Бүгін, 07:30

Сарсаңға салған сараптама

Ғылым • Бүгін, 07:23

Өз балаң өзекке теппесін

Өнер • Бүгін, 07:23

Жас теннисшілер бас қосты

Теннис • Бүгін, 07:06

Ол кезде Надя отызда еді

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:02

Ұқсас жаңалықтар