Аймақтар • 23 Қазан, 2020

Базардағы баға біршама көтерілген

351 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанымен, көпшілік күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы біршама өскен.

Базардағы баға біршама көтерілген

Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының мәлі­метінше, бірінші сұрыпты ұн бағасы 1,3%-ға, жұмыртқа 1,4%-ға, күнбағыс майы 0,7%-ға қымбаттаған. Жалпы, жыл басынан бері ұн бағасы 9,6%-ға, қарақұмық 30,9%-ға, нан 1,5%-ға, картоп 16,1%-ға көтерілген. Бағасы өскен әлеу­меттік маңызды азық-түлік тауар­ларының қатарында сиыр еті, жұмыртқа, сары май, қант, тұз, айран, сүт сияқты тағам түрлері де бар. Қазіргі кезде Тараз қаласындағы дүкен­дер­де бір бөлке нан – 55, қанттың килосы 190, ал күріш­тің кило­сы – 240 теңгеден сатылуда.

Алайда әлеуметтік дүкен иелері қарақұмық сияқ­ты кейбір тауарлардың баға­сы­на сырттан жеткізілетін өнім­нің өзіндік құны әсер етіп отырғанын айтады. Ал облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­­қар­­масының қызметкері Тұң­ғыш Жанұзақовтың айтуынша, мау­сымаралық кезеңде әлеумет­тік маңызды азық-түлік тауарларының ішінде ұн, макарон, нан және ет бағалары тұрақсыз болуы мүмкін. Бүгінде өңірдегі тауар бағаларына мониторинг жүргізу мақсатында 4 мобильдік топ құрылған. Яғни бағаны тұрақтандыру үшін жұмыс атқаруда. Аталған топ Тараз қаласындағы негізгі 12 ірі сауда орнын қам­тиды. Сонымен қатар тексеріс тобы облыс аудандарында да жасақталуда.

Қазіргі кезде өңірдегі тұрақ­тандыру қорында 1633,7 тонна тауар бар екен. Сондай-ақ келісім бойынша 2364,3 тонна тауар жинақталған. Ал алдын ала жасалған келісімшарт бо­йынша күнделікті сұранысқа сәйкес 1378 тонна қор босатылатын болады. Оның ішінде 335 тонна нан, 520 мың дана жұмыртқа, 3,2 тонна тұз, 22 тонна тауық еті және 24 тонна сүт бар. Сол сияқты биыл қыркүйек айынан бастап 470 тонна картоп, 332 тонна пияз және 191 тонна сәбіз босатылған.

«Тараз қаласындағы негізгі сауда орындарынан арнайы әлеуметтік сөрелер ашылды. Әлеуметтік 6 дүңгіршек тұрақты жұмыс істеуде. Мұнда жыл басынан бері 872,8 тонна тауар нарық бағасынан 8-20 пайыз аралығында төмен бағадан өткізілді», дейді Т.Жанұзақов.

Енді 60 тонна күнбағыс майы, 60 тонна қарақұмық, 3 мың тонна бірінші сұрып­ты ұн, әрқайсысы 100 тоннадан картоп пен пияз қорын жи­нақтау шаралары жоспарла­нып, мемлекеттік сатып алу кон­курсы жарияланған. Соны­мен қатар Жамбыл облысы аумағындағы 9 кәсіпкерлік ны­са­нына 1 млрд теңге көле­мін­де бюджеттік несие беріл­ген. Аталған қанатқақты  жоба өңірдегі кәсіпкерлерге қарыз беру тетігі аясында жүзеге асы­­­рылып отыр. Бүгінгі жағ­дай бойынша кәсіпкерлік серік­­­тестері арқылы 694,4 млн теңгеге 2169 тонна әлеуметтік азық-түлік алынған. Енді баға­ны тұрақтандыру және жер­­­гі­лік­ті тұрғындарды қа­жет­­ті қор­­мен қамтамасыз ету мақ­сатында қарыз беру те­тігі одан әрі өз жалғасын таба­ды. Тұ­рақ­тандыру қорын­да­­ғы қа­ражат есебінен алдын ала конкурстық ірік­теу­ден өт­­кен 14 жергілікті тауар ­өн­діру­­шінің тізбесі облыс­тық комис­сия­ның кезекті отырысында ай­қын­дал­ған. Қазіргі таңда олар­мен қарыз беру туралы келі­сім­шарттың жобасы келісілген.

Қазіргідей күрделі кезеңде бағаның тұрақтылығы көп­шілік үшін маңызды болып отыр. Сол үшін арнайы құ­рылған жылжымалы топтың түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тиісті топтарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын үстемеақыны 15 пайыздан асырмау керек екені ай­тыл­ған. Сонымен қатар ірі сауда желілеріндегі әлеуметтік тауар­ларға қосы­латын үстеме­ақы­ның көлемі 6-10 пайыз аралығында болуы керек екен.

 

Жамбыл облысы