Руханият • 23 Қазан, 2020

Өрісті өнеге

321 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әр адамның өмірде, қоғамда өз орны бар. Біреулер өзімен-өзі жүріп, көп жұртқа беймәлім болып жұмыс істейді, өмір сүреді. Ал енді біреулер заманның ауыр жүгін арқалап, уақыт артқан міндетін абыроймен атқарып, азаматтық, қайраткерлік, адамгершілік қасиетке ие болып, сый-құрметке бөленеді. Біздің кейіпкеріміз, ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушанбек Борамбайұлы Әбсаттаров осындай азамат. Ол – өмірі өнегеге толы, ұлықтауға лайық ұстаз, құрмет тұтуға тұрарлық атақты ғалым. Өзінің айналасына жақсылықтың нұрын төгіп, шапағатын шашып жүретін адам.

Өрісті өнеге

Раушанбек Әбсаттаров 1971-1988 жж. Әл-Фараби атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің философия-экономика факультетінде аға оқы­тушы, доцент болып жұмыс істеді. 1988-1994 жылдары Раушанбек Әбсат­таров партиялық және басқа да мемлекеттік жауапты жұмыста болды. 1995 ж. Қазақстан Республикасы Президент Аппаратының кеңесшісі, ал 1997 ж. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, сонымен бірге 2000-2002 жж. сол университеттің тарих факультетінің деканы қызметін қатар атқарды. Ал 2018 жылдың қыркүйек айынан сол оқу ордасының саясаттану және әлеуметтік-философия кафе­драсының құрметті меңгерушісі, профессор кеңесшісі болып қызметін атқаруда.

Раушанбек Әбсаттаровтың ғалым ретінде еліміздің ғылым мен білім жү­йесінде алар орны ерекше. Қазақстан Республикасында саяси ғылымының жетілуі, биік деңгейге көтерілуі осынау елімізге елеулі азаматтың есімімен тығыз байланысты. Ол саяси және әлеу­меттік-философия теориясының өзекті мәселелеріне арнап 600-ден астам құнды еңбек жазды. Оның ішін­де оннан аса ғылыми монография, 12 оқулық пен оқу құралдары және 20-ға тарта кітапшалары бар. Ерекше айта кететін бір жайт, ғылыми ең­бектерінің көбісін қазақ тілінде жазып, мемлекеттік тілімізді ғылым, бі­лім тілі ретінде көрсетті. Сонымен қа­тар сая­саттану, әлеуметтану, филосо­фия пәндері бойынша қазақ тілінде дәріс жүргізген алғашқы қоғамтанушы ұс­таздарымыздың бірі.

Жас ұрпақ біле бермес, өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдары, қоғам­дық санада не болмады десеңші. Сая­сат­тың көрігі әбден қызған кез. Рау­шанбек мырза болса Абай атындағы педагогика университетінде саясаттану кафедрасының меңгерушісі. Шәкірттерге тақырып таңдаудан бас­талатын шығармашылық ізденіс, сол кезде бізге тыныш ұйқы болмайтын. Жаңалық керек. Ескі қағидалар Тә­уелсіздік жағдайына қажетсіз екен. Ал ендеше сараптап көр, не қажет, не қажетсіз екенін. Сондай қиын істер­ді жіпке тізгендей етіп, Рәкең сая­сат­танудың қазақстандық үлгісін жасауда ерен еңбек етті.

 * * *

Профессор Раушанбек Әбсаттаров­тың ғылыми-зерттеу өрісі өте кең. Бірақ соның ішінде басымырағы саясаттану проблемасын зерттеу болды. Әрине, бұл кездейсоқ емес. Саясаттану – мемлекет билігі мен қоғамның саяси мәнін, мазмұны мен мақсатын түсінуге жол ашады. Ол қоғамдық білімдердің іргелі дүниетанымдық және әдістемелік мәселелерін де көрсетеді.

Ғылыми саясат – адамның қажет­тілігі мен мұқтажы. Ол қазір жол сіл­теу­ші темірқазық жұлдызға, соны­мен бірге қоғамдық өмірдің бар­лық саласындағы оның кез келген әре­кеттерінің шектеушісіне айналуда. Сондықтан осы жағдайда саяси заңдылықтарды зерттеп, мемлекеттік саясаттың іске асу барысын ғылыми негізде талдап, тиісті ұсыныстар беру – саясаттану ғылымының өзекті мәселесі. Патриот ғалым Раушанбек Әбсаттаров бұл жағдайдан тыс қала алмады. Осы мәселеге өзінің 400-ден астам ғылыми зерттеу жұмысын арнады.

Соңғы жылдары Раушанбек Әбсат­таров ұлтаралық келісімнің өзек­ті саяси мәселелерін тыңғылықты түр­де зерттей бастады. «Қоғамды жа­ңарту, реформалау, модернизациялау және ғылыми-техникалық революцияны күшейту жағдайында мемлекеттік органдардың, қоғамдық мекемелердің және Қазақстанның басшы қызметкерлерінің маңызды міндеті – елімізде ұлттық қатынастарды дамыту және ұлтаралық келісімді тәрбиелеуді күшейту бағытында жү­йелі, мақсатты жұмыстарды жолға қою болмақ. Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің табиғатын, оның даму динамикасын, оның ішінде жалпы ұлттық, интернационалдық және ұлт­­­тық арақатынасты терең зерттеу қа­жет. Оның жалпы адамзаттық, интер­на­ционалдық негізде дамуын қам­та­масыз ету, ұлттық қарым-қатынас са­ла­сында келеңсіз құбылыстар мен де­формациялардың туу мумкін­шілік­терін болдырмау міндеті тұр. Өкінішке қарай, біз әлі ұлтаралық қарым-қа­тынас үйлесімділігіне ықпал етуді үй­ренген жоқпыз және жалпы ұлттық сезімдердің табиғатын, ерекшеліктерін, қызмет ету механизмін, сондай-ақ ұлт­тық сезімнің келеңсіз бағыттарға бас­тайтын жағдайларын жақсы біл­мей­міз. Ұлттық қатынасты дамыту ке­зеңдерінде қиғаштықтар мен дефор­мацияларды жібермеу маңызды» деп тұжырымдайтын ғалым ағамыз. Осы қағидасын жүзеге асырып, этносаясат мәселелері жөнінде көптеген ғылыми еңбек жазды. Өзі бас болып талай ғы­лыми-конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Раушанбек Әбсаттаров беделді ға­лым-этносаясаттанушы ре­тінде Диас­поралардың Дүниежүзілік ассоциациясының вице-президенті (Кванжу, Оңтүстік Корея) болып сайланды.

Ғалым ретінде Раушанбек заман­да­сымыздың аты біздің елде ғана емес, алыс және жақын шетелдерде ке­­ңінен танымал болғанын мақтан етеміз. Көптеген елдердің білім және ғы­лым орталықтарымен, белгілі ғалым­дарымен тығыз қарым-қатынаста болды. Германия, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан сияқты мемлекеттерге барып, олардың университеттерінде, ғы­лы­ми орталықтарында оқыған дәріс­тері мен жасаған баяндамалары өте жо­ғары бағаланды. Оған Қыр­ғыз Рес­публикасының Президенті жанын­дағы Мемлекеттік басқару акаде­мия­сының «Құрметті профессоры» атағы берілген.

Оның басшылығымен саясаттану және әлеуметтік-философиялық пән­дер кафедрасы ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік және саяси-тәрбие жұмыс­тарында үлкен табыстарға қол жетіп отыр, ол еліміздің әлеуметтік-саяси ғы­­лымындағы жетекші кафедралардың және ірі ғылыми орталықтың бірі. Мы­салы, оның басшылығымен соңғы он жылда кафедра мүшелері 10 тілде: 22 монография (жалпы көлемі 305-б.т.), 38 оқулық, оқу құралдары, кітаптар, кітапшалар (жалпы көлемі 790-б.т.) және 1000-нан астам ғылыми және оқу-әдістемелік мақала (жалпы көлемі 400-б.т.) олардың ішінде 100-і шетелдерде (жалпы көлемі 50 б.т.) жариялады. Кафедрада өте жақсы тәртіп және тәуір моральдық-психологиялық климат, шығармашылық ахуал орнаған.

Профессор Р.Б.Әбсаттаровтың же­тек­шілігімен саясаттану және әлеу­мет­тік-философия пәндер кафедрасында жаңа мамандар: «Саясаттану», «Әлеуметтану», «Дінтану», «Мә­де­ниет­тану», «Философия» бакалавриа­ты, ал «Саясаттану» мен «Әлеу­мет­тану» магистратура және PhD докторан­тура ашылды.

Профессор Р.Б.Әбсаттаровтың саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасы шетелдегі көп­теген ғылыми мекемелерімен ынты­мақтастық орнатқан. Осындай ынты­мақтастықтың нәтижесі оның бастамасымен өткізілген бірлескен семинарлар, ғылыми-конференциялар мен кітап шығару болып табылады. Мысалы, оның кафедрасы Корея университетінің саясаттану кафедрасымен бірлесіп «Political Changes and Ethnic Koreans in Central Asia» атты ғылыми-семинар өткізді. Кафедраның үш оқытушысы баяндама жасады. Семинардың материал­дары Сеул қаласында, Оңтүстік Ко­реяда басылды; Чоннам ұлттық уни­вер­ситетінің ғылыми орталығымен «New Silk Road and the Global Diaspora» атты ғылыми конференция өткізді (2012 ж.). Кафедраның алты оқытушысы баяндама жасады. Конференцияның материалдары Кванжу қаласында Оңтүстік Кореяда басылды: (2015 ж.) 23-24 сәуір аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-дің саясаттану және әлеуметтік-фило­софиялық пәндер кафедрасының негі­зінде Оңтүстік Корея Чоннам ұлт­­­тық университетінің диаспора ка­фе­­драсымен бірге «Қазіргі әлемдегі диас­поралардың өзекті мәселелері» та­қырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Сонымен қатар, оның кафедрасының 15 оқы­тушысының 30 ғылыми мақалаласы Берлин қаласында неміс тілінде «Sozialphilosophische, politische und rechtliche Aspekte der Modernisiering Kasachstans. Berlin, 2012 г – 12 б.т. импакт фактормен» және «Politische, soziologische und rechtiche Probleme der Gesellschaftsentwicklung Kazachstans.-Berlin: Verlag Dr. Koster, 2013-18 б.т. им­пакт фактормер» кітабында және т.б. ба­сылды.

Замандасымыздың адами қасиеттері де ерекше болды. Жарқын-жайдары мі­незі, ақкөнілдігі, тазалығы, адалды­ғы, әділдігі, сабырлы-салмақты сөзде­рі төңірегіндегі жандардың бәрін өзіне тартып тұрады. 5 жылға жуық пар­тиялық, президент апаратында жа­уыпты қызметте, 25 жылдан аса кафедра меңгерушісі, 3 жылға жуық де­кан болды. Осы мезгіл ішінде еш уақытта төңірегін биліктің биігінен қараған емес. Барлық жанға адами тұр­ғыдан, үлкен адамгершілікпен, түсінікпен қарайтын. Мұндай лауазым иелерінің арасында бұл сирек кез­десетін қасиет. Ұлықтарға бас иіп, бас шұлғымайтын,өзінен кішілерге шіренбейтін адам. Бәрінің көңілін табуға тырысатын. Ешкімге еш уақытта дауыс көтеріп дөрекі сөйлемейтін. Ең қиын-қыстау жерлердің өзінен жол тауып, абыроймен шығатын. Реті келген мезгілде әдемі әзіл айтып отыратын, әзілдерінің өзінде тәрбиелік мән мағына бар.

Раушанбек мырза өзінің ғұлама­лығын танытып ғылым мен білімге тең қараған, екеуіне бірдей тер төккен ғалым. Шын мәнінде ғылым мен білім егіз, құстың қос қанаты секілді. Білімсіз ғылым жоқ, ғылымсыз білім дамымайды. Білім өркениеттің іргетасы болса, ғылым соның үстіне тұрғызылған сәулетті ғимараты. Раушанбек ағамыз осыны терең түсіне білді.

Ол ұстаздық өмірі де, ғалымдық өмірі де өте бай әрі мазмұнды. Бұл жө­нінде ол кісіні бақытты адам деп айтуға болады. Бірақ ол кісінің жолында қиыншылық, ауыртпалық болған жоқ деген сөз емес. Болғанда қандай, дегенмен соның бәрін өзінің ақыл-ойымен, азаматтық арымен, еңбекқорлығымен жеңіп шығып отырды. Ғылымның азапты жолын ауыздықтан, оның шұғылалы шыңына шыққан ғалым ғана бақытты. Міне, ұстаз ағамыз осындай бақыттың иесі.

 * * *

Сөз соңында айтарым, Раушанбек Әбсаттаров замандас-әріптесіміз отан­дық ғылымдағы белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, көрген-түйгені мол парасатты тұлға. Мұндай азаматтар ел санасында білім, ғылым тарихында мәңгілік сақталады деген пікірдемін. Себебі, оның еңбектері кісілік, адамшылық туралы. Оның өмірі – өнеге, өнегесі – өмір. Мерейтой иесі Раушанбек мырзаның шаңырағына шаттық, өз басына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасына бақыт тілейміз. Еліне сіңірген ерен еңбегінің жемісін жеп, тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарының, немере-шөбелерінің, шәкірттерінің қызығын көріп, аяулы ақылшымыз, қадірлі қамқоршымыз болып арамызда ойнап күліп жүрсін.

Сексен жастан сүрінбей өтіп, әлі де өзінің парасат биігінен жастарға өнегелі сөздер қалдырады деген се­німдемін. Сексенінде бабы кел­ген сұң­қардай түлеп ұшқан заманда­сы­мызға Жарату­шымыздың беретін жасы мағыналы, несібелі болсын деген тілек білдіремін.

 

Ғарифолла ЕСІМ,

ҰҒА академигі,

профессор