Виктория – Баянауылдың тумасы. Құндыкөл топырағында кіндік қаны тамған. Балалық шағы да осы өлкеде өтіпті. Кілең қазақтың ортасында тәрбиеленіп, тілі де қазақша шыққан.
– Өткен ғасырдың 50-жылдары ата-әжем тыңды игеру үшін Ресей мен Украинадан көшіп келіпті. Екеуі Баянауылда бас құрап, тамыр жайған. 1982 жылы шыр етіп біз келіппіз өмірге. 1991 жылы Екібастұз қаласына қоныс аудардық. Қазақ сыныбына бардым. С.Торайғыров атындағы №22 қазақ мектеп-гимназиясында оқыдым. Түрім орыс болғанымен, жаным – қазақ. Бұл пафоспен айтылған жай ғана сөз емес. Шын мәнінде солай. Қазақ екенімді сөзбен ғана емес, нақты іспен де дәлелдеп жүрмін, – дейді Виктория Камалетдинова.
Қазақ тілінің жанашыры Виктория Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын (қазір университет – автор) тәмамдаған. Мамандығы – қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Он жылдай журналистикада еңбек етті. Екібастұз қаласының телеарнасында, радиосында өз қолтаңбасын қалдырған. Кейін Екібастұз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қызметке ауысты. Қазақ тілін үйретудің авторлық әдіснамасын әзірлеп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлесін қосты. Бүгінде Екібастұз қалалық «Отарқа» және «Голос Экибастуза» газеттерінің басын қосқан «Екібастұз дауысы ақпараттық орталығы» ЖШС-ын басқарып отыр.
– Мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиетіне деген махаббатымды оятып, осы жолға жетелеп әкелген ұстазым Гүлбаршын Арқалыққызына алғысым шексіз. Өмірімде бұл кісі кездеспесе, басқа саланың өкілі болар ма едім, бәлкім, кім біледі. Сондай-ақ ұлттық аспабымыз домбыраны үйреткен ұстазым Мәдина Боранқызын аузымнан тастаған емеспін. Осындай қамқор жандардың арқасында қазақ тілінің өмірімдегі ең басты құндылық екенін ұғындым. Тілдің арқасында елге танылдым, еңбек етіп келемін. Жолымды ашып, жұлдызымды жаққан қазақ тіліне өлгенше қызмет етемін, – дейді Виктория.
Оның мемлекеттік тілді үйрету әдіснамасы ешбір жерге ресми тіркелмеген, арнайы курс ретінде арнайы сертификат та берілмеген. Соған қарамастан Екібастұзда Викториядан тіл үйренгісі келетіндер көп. Тіпті ел алдында жүрген лауазымды шенеуніктердің өзі орыс қызының алдына келіп, қазақшаға тілін сындырған.
– Мен қазақ тілінің грамматикасын үйретпеймін. Өйткені оның өзге ұлт өкілдеріне қиынға түсетінін білемін. Ең арты қазақ тілін жетік білемін деген адамның өзі грамматикадан ақсап жатады. Сондықтан ереже ежіктеп, тіл үйренушілердің миын ашытпаймын. Мен оларды ауыз екі тілде сөйлеуге үйретемін. Көбінесе ситуациялық жағдайлардан шығудың жолын көрсетемін. Бұл істі 2010 жылы бастағам. Ерікті түрде, ерекше құлшыныспен қолға алған ісім өзіме ләззат сыйлайды. Он жыл ішінде ондаған өзге ұлт өкілінің қазақша түсініп, ауыз екі тілде сөйлеуіне ықпал еттім деп сеніммен айта аламын, – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, арнайы бағдарламамен оқытатын кейбір тіл орталықтарының, тіл курстарының тиімділігі төмен. Олар мұндай мекемелердің жұмысын тілге деген шын жанашырлықтан емес, табыс табу мақсатында жалғастырып келеді.
– Тілді үйрену үшін орта, қажеттілік керек. Ал қазақ тілін енді үйрене бастаған он-он бес адамды жинап алып, ереже жаттатып, сабақ өткізгеннен түк өңбейді. Қазір елімізде қазақ тілін үйрететін жүздеген орталық жұмыс істейді. Ал солардың жиырма жылдан бері көрсеткен нәтижесі қайда? Қазақша сөйлеуді армандайтын өзге ұлт өкілдері әлі деп көп. Жұмыстан қолым босай бермейді. Сондықтан тіл үйретуді доғарған едім. Алайда биыл волонтерлер жылы болғандықтан, кешкілік, кейде демалыс күндері ниет білдіргендерді жинап, ерікті түрде тіл үйретуге уақыт тауып жүрмін, – дейді ол.
Виктория – екі баланың анасы. Қызы Уәсила Екібастұздағы қазақ қыздар гимназиясында оқиды. Ұлы Исламнұр қазақ тіліндегі даярлық тобына барып жүр.
– Дінім – Ислам, мұсылманмын. Қайың жұртым – татар. Үйде үш тілде – қазақша, орысша, татарша сөйлесеміз. Қазақтың салт-дәстүрін ұстанамыз. Десе де, қанша жерден қазақша сөйлеп, қазақтармен аралассам да, түрімді айтпағанда, мінезімнің өзінен орыс екенім байқалып қалады. Кейде бетің бар, жүзің бар демей ойыма оралғанды айтып тастаймын. Мұндайда анам «Осы бір орыстығыңды қойсаңшы» деп ұрсып та алады. Иә, кейде тура сөйлеп, тік жүретін мінезіме басып кететінім рас. Өзім жайлы теріс пікірлерді де естіп қалып жатамын. Бастысы қандай екенімді айналамда жүрген қазақтар жақсы біледі, – дейді ол.
Әңгімеміздің әлқиссасын көше атауларын қазақшаландырудан бастадық қой. Соңын да Викторияның осыған қатысты пікірімен түйіндейік.
– Қазақтың жерін мекен етіп отырған кез келген ұлттың өкілі жергілікті халықтың тілін жетік білуі тиіс. Аса бір тереңдемей, қарапайым ғана қисынға салсақ та, солай емес пе. Өкінішке қарай, көбі мұның дұрыс екенін білсе де, білмеген кейіп танытады. Меніңше, тілге деген талапты әлі де күшейту керек. Ал көше атауларының қазақшаға ауыстырылуы – заманның талабы. Сондықтан картада жоқ Кеңес одағынан қалған атаулар қазақшалануы керек және бұл хақында ешқандай талас тумауға тиіс, – дейді Виктория.
Тыңды игеруге келгендердің ұрпағы бүгінде қазақ тілін үйретіп жүр. Ұлттың намысын жыртып, жоғын түгендесуде. Ұлтқа деген жанашырлығын сөзбен де, іспен де дәлелдейтін Викториялар көп болсын!