Театр • 23 Қазан, 2020

Таңғажайып балет бағдарламасы

255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театры ұжымы асқақ классикаға жаны құмар кө­рерменді тағы бір тамаша жобасымен қуантқалы отыр. 21, 24 және 31 қазан күндері Үлкен зал сахнасында өнерсүйер қауым назарына Ресейдің халық әртісі, театрдың балет труппасының көркемдік же­текшісі Алтынай Асылмұратова дайындаған ойын-сауық бағы­тын­дағы балет қойылымдары, сон­дай-ақ таңғажайып гала-концерт бағдарламалары ұсынылатын болады. Елең еткізерлік ерекше жаңалық М.Петипа биін қойған А.Глазуновтың «Раймонда» бале­тінен Гран-паның алғашқы орындалуы болмақ.

Таңғажайып балет бағдарламасы

Соның негізгісі – «Астан Опера» сахнасында көрсетілген екі бөлімнен тұ­ратын Гала-балет талғампаз көрермен көңілін серпілткені сөзсіз. Кештің бірінші бөлі­мінде Р.Ребек биін қойған «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінен көрініс, М.Петипа биін қойған А.Аданның «Кор­сар» балетінен па-де-труа, Д.Брянцев биін қойған Ф.Шопеннің «Қиялдағы бал» балетінен дуэт, Дж.Уильямстың му­зыкасына қойылған К.Звереваның «Жо­ғалған жұмақ», М.Петипа биін қой­ған Р.Дригоның «Талисман» бале­тінен па-де-де ұсынылды. Үлкен зал сах­насында труппаның танымал әр­тіс­тері Әйгерім Бекетаева және Бақ­тияр Адамжан, жетекші солис­тер – Әнел Рүстемова, Гаухар Уси­на, Еркін Рахматуллаев, талантты со­лис­тер Анастасия Заклинская, Шұ­ғыла Әдепхан, Далер Запаров және балет әртістері Бақытгүл Испанова, Жәні­бек Иманқұлов, Диас Құрманғазы, Жак­сы­лық Сауқымбеков өнер көрсетті. Кеш шымылдығын «Астана Опера» балет әртістерінің орындауында неміс хо­реографы Р.Ребектің «Қазіргі сәт қан­ша уақытқа созылады?» атты бір бө­лімді балеті жапты. Уақыт партиясын орындаған Арман Оразов, Бозбалалық шақ – Нәзира Заетова мен Айбар Тоқтар, Жастық шақ – Әйгерім Бекетаева мен Олжас Тарланов, Кемелденген шақ – Марико Китамура мен Рүстем Сейіт­бе­ков өнері театрға жиналған талғампаз қауымға сөзсіз таңдай қаққызды.

Сондай-ақ бағдарламаның екі бө­лімі арасында көрермендерге арна­йы дайындалған музыкалық үзіліс балет­сүйер қауымды бейжай қалдырмады. «Астана Опера» театрының камералық оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің басқа­руымен Ж.Массненің «Таис» операсынан «Медитация» орындалды. Солист – Бағдат Әбілханов (скрипка). Осыған ұқсас музыкалық интермеццо алғашқы рет Қаламқас Жұмабаеваның (скрипка) және Долорес Үмбеталиеваның (форте­пиано) орындауында 10 қазан күні кө­рермендерге ұсынылған болатын. Жаңа енгізілім елордалық көрерменді тәнті етіп үлгерді. Оның айқын дәлелі – кеш соңынан толассыз соғылған шапалақ үні.

«Астана Операның» таңғажайып балет бағдарламасы мұнымен шектелмейді. Сонымен қатар 24 қазан күні сағат 18:00-де театрдың Үлкен залында Гала-балет өтеді. Көрермендерді «Астана Опера» теат­ры жұлдызды балет әртістерінің орындауында классикалық балеттерден па-де-де, заманауи отандық және шетелдік хореографтардың миниатюралары күтеді. Халық сүйіп көретін Ю.Григоровичтің хореографиясындағы П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен Үлкен адажио және «Қызғылт түсті вальс» туын­ды­лары концерттің сәнін келтірмек. Бағ­дар­лама аясында «Астана Опера» сахнасында алғаш рет М.Петипа биін қойған А.Глазуновтың «Раймонда» балетінен әйгілі Гран-па орындалатын болады. Айта кететін жайт, айтулы нөмірге арнайы костюм де тігіліпті. «Раймонда» ең әсерлі және көпкөріністі балеттер қатарына жатады. Орта ғасыр дәуірінің сал-серілік аңыздарына негізделіп романтикаға құрылған сюжет, өзіне бау­рап алатын музыка мен мәнерлі хореография бұл спектакльді әйгілі композитор мен аңызға айналған хореографтың зор жеңісіне айналдырды.

Ал 31 қазан күні елорда тұрғын­дары мен қонақтарының назарына Л.Де­либ­тің музыкасына XX ғасырдың әй­гілі хореографы Ролан Пети қой­ған «Коппелия» күлдіргі балеті ұсыны­ла­тын болады. Либреттосы шебер Коп­пелиус жасаған механикалық қуыр­шақты ұнатып қалған жасөспірім туралы Э.Т.А.Гофманның «Құм адам» новел­ласының негізінде жа­зылған. Спектакльді «Астана Опе­ра» сахнасында Р.Петидің тұрақты ас­сис­тенті италиялық әйгілі хореограф Луиджи Бонино қойды. Айтулы туын­дыда театрдың балет әртістері мен миманс өнер көрсетеді. Атап айт­сақ, Сванильданың образын Әйгерім Бекетаева, Францты Бақтияр Адамжан кейіптесе, Коппелиустің рөлін Рүстем Сейітбеков сомдайды деп күтілуде.