Өңірде облыстық және аудандық дәрежедегі жолдардың жалпы ұзындығы 5 082,7 шақырымды құрайды. Мұның 1 148 километрі ғана асфальт. 2 081 шақырым жолға қиыршық тас төселген болса, дала жолдарының ұзындығы 1 853 шақырымға созылып жатыр.
– Мемлекет басшысы елдің көліктік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттыруды тапсырды. Осы бағытта былтыр бөлінген 27,3 млрд теңге қаражатқа 368 шақырым жол жөнделген еді. Биылғы көлем одан біраз жоғары. Біз жол салып қана қоймай, осы жолдарда жүріп жатқан жұмыстардың сапасына қоғамдық бақылауды күшейттік. Ол үшін облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы мен Орал қаласы, аудандар әкімдіктерімен бірлесіп облыс тұрғындары арасынан жол саласы бойынша білікті және тәжірибелі қоғамдық өкілдерден топтар құрылды. Аталған топ автожолдарды жөндеу жұмыстарының сапасын тексереді, жөндеу аяқталған соң нысанды тапсыру кезінде қоғамдық өкіл нысанды қабылдау жұмыстарына қатысады, – деген еді өңір басшысы Ғали Есқалиев.
Батыс Қазақстан облысында биыл қолға алынған 102 жобаның ішінде ұзындығы 103,7 шақырымдық республикалық маңызы бар 9 жоба бар. Бұған 7,1 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ 12 млрд теңгеге 167,8 шақырым облыстық және аудандық жолдар жөнделіп жатыр. Ал елді мекендердің ішіндегі көше жолдарын салу үшін 69 жобаға 17,1 млрд теңге қарастырылған. Мұндай жолдардың жалпы ұзындығы 165 шақырымға созылып жатыр.
– Облыста жол құрылысы үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы 10 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 4,2 млрд теңге бөлінді. Қазір жалпы жолға бөлінген қаржыдан 23,4 млрд теңге игеріліп, 335 шақырым жол жөндеуден өтті, – дейді облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асырылатын 48 жоба кезінде 10 млрд теңгеге 86,6 шақырым жол жөндеу жоспарланған екен. Осы жұмыстарға жаңадан 2 730 адам қызметке тартылған. Облыс орталығында 30 жоба аясында 34,2 шақырым жол жөнделсе, сегіз ауданда жалпы ұзындығы 52,4 шақырым жолға арналған 18 жоба жүзеге асып жатыр. Облыс басшысы Ғали Есқалиев биылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстарын бір ай ішінде аяқтау жөнінде тапсырма берді.
Сонымен қатар алдағы қыс кезінде жолды күтіп ұстауға дайындық ісі де жақында өткен арнайы жиында пысықталды. Облыс құзырындағы жолдарды қыс уақытында жарамды етіп ұстау бірнеше мекемеге жүктелген. Мәселен, «Жолаушы Жол» ЖШС Ақжайық, Жаңақала және Бөкей орда аудандарының жолын қадағаласа, «Асфа» ЖШС Бәйтерек ауданына жауап береді. «Дорремсервис» фирмасы Бөрлі, Сырым және Қаратөбе ауданы аумағындағы жолдарда кедергі болмауын өз мойнына алған. «Шам Шын» ЖШС Теректі ауданы үшін жауап берсе, «Жайықстройгрупп» мекемесі Тасқала мен Қазталов аудандарындағы жолдарды қадағаламақ. Сырым мен Қаратөбе аудандарындағы кейбір жол бөліктері үшін жауапкершілікті «Бақыт жолдары» ЖШС, Теректі мен Бөрлі ауданының кей бөлігін «Басов» жеке кәсіпкерлігі алған. «Орда жолдары» фирмасы да Теректі мен Ақжайық аудандары аумағындағы өздеріне міндеттелген жол бөліктерін қардан тазартып, кедергісіз жол қатынасын ұйымдастыруды міндетіне алған екен.
Жоғарыда аталған кәсіпорындарда қар тазалайтын 94 техника бар екен. Оның 15-і – автогрейдер, 35-і – қажетті тіркеме жалғанған Т-150 және К-701 тракторлары. Әртүрлі модификациядағы 15 тиегіш пен жолға құм шашатын 10 техника да қар мен мұзда жолаушыларға көмекке келуге әзір көрінеді. Қажет кезінде қосымша техника тарту мүмкіндігі де қарастырылған.
Күре жолдар бойында жылыту бекеттерінің саны – 10. Бұл жерде транзиттік көліктер ауа райының қолайсыз кезінде уақытша паналайды. Сондай-ақ боран кезінде қар басып қалу қаупі бар жол бөліктерінде тұрақты түрде кезекшілік ұйымдастырылып, қар тазалайтын техника сақадай сай тұрады. Бұл жол қызметкерлерінің жыл сайын атқарып жүрген жұмысы.
Ал аудандық деңгейдегі жолдардың жағдайын 26 мердігер мекеме қадағаламақ. Олардың құзырында 159 бірлік техника бар. Соның ішінде ауыларалық жолдардың қар басу қаупі бар 110 бөлігі ерекше бақылауда болмақ. Мұндай жолдардың жалпы ұзындығы 280 шақырым шамасында.
«Жолаушылар қозғалысы белсенді жүретін жол бөліктерін қардан тазарту 2-4 сағат ішінде жүргізіледі. Ал облыстық маңызы бар жол бөліктерін тазарту жұмысын бір тәуліктен кешіктірмей атқарамыз» деп уәде беріп отыр тиісті мекемелер.
Жол бойында апатты жағдайлар туындамас үшін жылдамдықты шектеу, көктайғақты ескерту секілді жол белгілері алдын ала әзірленген.
«Облыстық және аудандық бағыныстағы жол аумақтарында кез келген апаттық жағдайлардың алдын алуға әзірміз. Қосымша жол техникаларына мұқтаждық жоқ» дейді Тимуржан Шәкімов.
Батыс Қазақстан облысы аумағынан өтетін 1500 шақырымдай жол республикалық маңызы бар күре жол саналады. Бұл жолдарда қыс кезінде кідіріссіз қозғалысты қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе. Бұл үшін 359,204 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл аумақта жол қозғалысының кедергісіз болуына негізінен «Қазақавтожол» мекемесінің облыстық филиалы жауап береді. Мекеме басшылары қажетті техника толық дайын екендігін хабарлап отыр. Ал қажетті қосымша материал – құмның 50 пайыз мөлшері, тұздың 55 пайыз көлемі қазірдің өзінде жеткізілген.
Қысқасы, еліміз бойынша асфальт жолдары ең аз Ақжайық өңірінде жол азабын шегетіндер қатары жыл сайын азайып келеді. Дегенмен облыс тұрғындары талай жылдан күткен Орал – Жәнібек – Бөкей орда жолының құрылысы баяу жүріп жатқанына халық алаңдап отыр. Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл жолдың құрылысы жоба бойынша 2021 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Батыс Қазақстан облысы