Қазақстан • 23 Қазан, 2020

АҚШ елшілігі зағип балаларға 3D кітаптар сыйлады

575 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің шағын гранттар бағдарламасының қолдауымен "Әлеуметтік-инновациялық және технологияны дамыту орталығы" қоғамдық бірлестігі зағип балаларға  "Ерекше балалар үшін ерекше кітаптар" жобасы аясында шыққан инновациялық 3D кітаптарды сыйға тартты, деп хабарлайды Egemen.kz

АҚШ елшілігі зағип балаларға 3D кітаптар сыйлады

Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханаға арнайы келген АҚШ Бас Консулдығының баспасөз, білім және мәдениет жөніндегі кеңесшісі Ананд Кришна осы шараға Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының өкілі ретінде қатысып отырғанына ризашылығын білдіріп, «Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың білім беру ресурстары мен инфрақұрылымға теңдей қол жеткізуіне қажетті негізгі құқықтар мен мүмкіндіктерді әрдайым қолдаймыз. Осы бағытта қолжетімді орта мен инклюзивті білім беруді насихаттаушы азаматтық ұйымдармен тығыз жұмыс жасап келеміз. Бұл жоба біз қаржыландыратын көптеген жобалардың бірі ретінде АҚШ елшілігінің шағын гранттар бағдарламасы аясында жүзеге асты. Осыдан 30 жыл бұрын азаматтық ұйымдар мен белсенді азаматтардың арқасында Америка мүгедектігі бар америкалықтар туралы заңды қабылдауға шешім қабылдады.  Егер де осындай үкіметтік емес ұйымдардың еңбегі болмағанда, біз оған қол жеткізе алмас едік. "Әлеуметтік-инновациялық және технологияны дамыту орталығы" сияқты ұйымдардың жұмысы маңызды. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі адамдарға тең мүмкіндіктер беруге бағытталған жобаларды қуана қолдаймыз», – деп атап өтті.

Бүгінде ресми деректер елімізде ерекше қажеттілікке зәру балалар санының 144 783 екенін растайды. Оның  96 555 мектеп жасындағылар болса, 48 228-ін мектеп жасына дейінгі балалар құрайды. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана директоры Асхат Байұзақовтың айтуынша, бүгінде әлем бойынша зағип жандардың жүз мың адамға шаққандағы тоқсан пайызы Брайль қарпінде оқи алмайды. Олардың аудио кітаптарды  тыңдау мүмкіндігі ғана бар. Себебі, нүктелі-бедерлі кітаптар жеткіліксіз. Сондықтан да "Зере әжейдің әңгімелері"  кітаптар сериясымен берілген қазақ ертегілерінің нүктелі-бедерлі қаріппен  жарық көруі кітапхана оқырмандары үшін үлкен жаңалық болып отыр. Нүктелі-бедерлі кітаптарды шығару мәселесі Парламентте де көтеріліп Үкіметке депутаттық сауал жолданғанын атап өткен А.Байұзақов

"Әлеуметтік-инновациялық және технологияны дамыту орталығы" қоғамдық бірлестігімен ары қарай осы бағытта бірлескен жұмыстарды жолға қою мәселесіне тоқталып, жобаға қолдау көрсеткен АҚШ елшілігіне алғыс білдірді.

"Әлеуметтік-инновациялық және технологияны дамыту орталығы" қоғамдық бірлестігінің өкілі Нурия Литвинова 2015 жылдан бергі аралықта жоспарланып, 2018 жылы қолға алынған жобаны жүзеге асырудың оңайға түспегенін жеткізді. Балалардың қызығушылығын туғызатын ертегілерді нүктелі-бедерлі қаріппен  беру технологиясының өзі бірқатар қиындықтар туғызған. Жобаның маңыздылығына тоқталған Нурия Литвинова бүгінде мамандандырылған білім беру орталықтарындағы оқу-әдістемелік құралдарының жеткіліксіздігін атап өтті.

Оның айтуынша, "Ерекше балалар үшін ерекше кітаптар" жобасы аясында шыққан кітаптар мамандандырылған мекемелердің мектепке дейінгі және төменгі сыныптарына көмекші әдіснамалық инновациялық құрал ретінде әзірленді. Бес бөлімнен тұратын кітаптар сериясының авторы "Әлеуметтік-инновациялық және технологияны дамыту орталығы" ҚР Басқарма төрайымы Сәуле Уразбаева.

"Зере әжейдің әңгімелері"  кітаптар сериясы балаларға ертегілер әлемін тануға мүмкіндік береді. Әңгімелердің мазмұны түркі халықтарының ежелгі фольклорына негізделген. Түркілердің ғалам, ата-бабалардың адамгершілік бағдарлары, ежелгі ұғымдарының қазынасы Зере әженің ғажайып ертегілері арқылы  қазақтардың ежелгі философиялық әлеміне жол тартады.  Әңгіме мәдени құндылықтардың насихатшысы ретінде әже әңгімесінің арқауына негізделген. Мәтіндер балаға түсінікті тілде берілген. Психологияның заманауи әдісін – ертегі терапиясы арқылы беру жобаның ұтымды тұсы деуге негіз бар. Ертегілер –  ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізудің ең көне құралы.

Нүктелі-бедерлі мәтін мен авторлық иллюстрацияларды  3D пішімде басып шығарудың инновациялық әдісінде балалар өміріне қауіпсіз материалдар мен бояулар қолданылған. Замануи технология кітаптардың қолданыс мерзімін бес немесе одан да көп жылға ұзартуға мүмкіндік береді.  

Жоба ұйымдастырушылары  көру қабілеті нашар және мүлде көрмейтін балалардың әлемді тануда көптеген қиындықтарға тап болатындығына да ерекше назар аударып отыр. Зағип балалар көрнекі заттар мен құбылыстардың табиғи болмысын тура қабылдай алмайды. Бұл балалардың даму ерекшеліктеріне де кері әсерін тигізеді. Сондықтан да балалардың саусақ ұшымен әріптерді танып қана қоймай, 3D суреттермен безендірілген көркем шығарманың мазмұнын әсерленіп оқуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде мұқтаж оқырмандардың зияткерлік қабілетін арттыра түсетіні сөзсіз.

Кітаптарды дайындау кезінде Брайль шрифтін оқытуды жеңілдетуге арналған әдістер де қолданылған. Яғни, ертегілердің, сондай-ақ әңгімелердің кәсіби аудио жазбасы енгізіліп отыр. Дыбыстар қоршаған ортадағы құбылыстарды тануды, табиғат ерекшеліктері туралы толық түсінік қалыптастыруға ықпал етеді. Ертегілердің аудио нұсқасында берілген табиғат дыбыстары  балалардың қиялын ұшқырлайды. Қиялдау арқылы бала қабілетін шыңдайды әрі өзін-өзі тануындағы ерекше қадамдар болмақ. Кітаптағы суреттерден шынайылықты, мейірімділік пен аңғалдықты аңғаруға болады. Әдемі, көркем суреттер ертегілер әлемін сол қалпында елестетуге көмектеседі.

Ұйымдастырушылар  "Ерекше балалар үшін ерекше кітаптар"  жобасы аясында шыққан кітаптардың қоғамға пайдалы екенін әрі қолдауға мұқтаж балалар үшін ерекше сый екендігін атап өтті. Балалар қоғамның жарқын келешегі. Сондықтан да олар өз елінде бақытты балалық шақты, сапалы білім алу мүмкіндігін, отбасындағы үйлесімді ортаны сезініп өсуі қажет. 

АЛМАТЫ