Қазақстан • 23 Қазан, 2020

Этномәдени бірлестіктер: Тарихы мен бүгіні

2229 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ халқы толеранттылығының тарихи қырлары және өскелең ұрпаққа еліміздегі этносаралық қатынастар үлгісінде патриоттық, адамгершілік тәрбие беру мәселелері Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қазақстандағы этномәдени бірлестіктердің қызметі: тарихы мен бүгіні» тақырыбында бірлесіп өткізген дөңгелек үстелге арқау болды.

Этномәдени бірлестіктер: Тарихы мен бүгіні

 

Сонымен бірге «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасы жұмысының негізгі кезеңдерін көрсету, этностар тарихын, тарихнамасын, өмірлік мәдени және рухани құндылықтарын зерделеу мәселелері де ғалымдар назарынан тыс қалмады.

«Бүгінде Қазақстанда әлемдік қауымдастықтың жоғары бағасын алып отырған этносаралық келісімнің өзіндік моделі орнықты. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, этностардың өзара қарым-қатынасы,  мәде­ниеті бір-бірімен тату-тәтті тұруына, тиімді байланыстар орнатуына ықпал етіп, достық пен рухани жақын­дығына ұласып отыр. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасын аналитикалық зерттеу, өзектендіру және ақпараттық қолдау» зерттеу жобасы жүзеге асуда», деді  Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов.

Елбасының тапсырмасына орай  2017 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, География институты мен Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты деректерді жүйелеу және жіктеу негізінде визуалдау және бейнелеу арқылы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтитын 16 тарихи картаның үш тілде IT форматын түзген болатын. Онда 53 этностың тарихы мен мәдениеті жөніндегі мәліметтер базасы жасалып, ҚХА платформасының сайтында жарияланған-ды. Электронды карта жыл сайын жаңа ақпаратпен толығып отырады.

 Интерактивті Қазақстан халқы картасын жасау жоспарлы түрде іске асты. Ірі этностардан кейін аз санды этностар да мұқият зерттелді. Соның арқасында елдегі этностық ахуалды нақты көрсетуге қабілетті ақпараттық база жасақталды. «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасының респуб­лика бойынша 50-ден астам таныстырылымын өткізіп, көптеген архивтік деректер жинақталып, барлық өңірлердің этномәдени бір­лестіктер өкілдерімен кездесулер ұйым­дастырылды. Талдамалық зерт­теулер жүргізу ғалымдардың, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы және этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен жалғасуда.

Сөз болып отырған дөңгелек үстелде институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Мұхатова «Қазақстандағы литвалықтардың рухани әлемі» баяндамасында кеңестік тоталитарлық жүйенің тәлкегіне түсіп, қазақ жеріне қоныс аударған литвалықтардың өміріне тоқталды.

ХХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап Қазақстанға қоныс аударған литвалықтар көптеген ұлт өкілдері тұратын Қазақстанның тұрғылықты этностық тобына жатады. Қазіргі уақытта литвалық ұлт өкілдерінің және Литваның Қазақстандағы елшілігінің көмегімен мәдени орталық тіркелген. Рухани жаңғыруға бағытталған игі бастамаға Қазақстан мен Литва арасындағы тығыз экономикалық, мәдени, рухани, елшілік қатынастары мұрындық болуда. «LITUANICA» қауымдастығы   литвалықтардың шағын рухани әлемі іспеттес. Ең бас­тысы, литвалықтар Қазақстандағы бірегейлік пен бірлікті, қоғамдық келісімді сақтап, нығайтуға өз үлестерін қосып келеді. Литвалықтар үшін туған жер, қасиетті мекен – Қазақстан. Олардың қиын-қыстау кезеңде өздеріне көмек қолын созған қазақ халқына айтар алғысы шексіз.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, қоғам қайраткерлері, институт қызметкерлерімен қатар алқалы жиында Адыгей Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Нальмес Шовгенова, Ақтөбе облысындағы «Шатлық» татар және башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілі Эльвира Хабибуллина, Алматы қаласындағы «Ирныхас» Осетин мәдени ағарту орталығының өкілі Казбек Мамсуров, тағы басқалар өз пікірлерін білдірді.

 Мемлекеттік тапсырыспен жүзеге асырылып жатқан бұл жобаның қолданбалы сипаты күшті. Көп санды, аз санды халық болсын, дамуды, өсіп-өркендеуді қалайды. Мысалы, «Бурят және қазақ халықтарының заманауи мәдени байланыстары» тақырыбына баяндама жасаған Ш. Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институты­ның жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Салтанат Асанова Қазақстандағы аз санды этностардың бірі буряттар тарихына тоқталды. Республикада тұратын басқа да көптеген халықтарға қарағанда буряттардың келуі қандай да бір сая­си акцияларға қатысты емес. Олар өз еріктерімен қоныс аударған. Қазақ және бурят халықтарының мәдени байланыстары XXI ғасырдың басында жаңа серпінге ие болды. Бурятиядан келген екі көрнекті суретші Даши Надмаков пен Зорикто Дорджиевтің шығармашылығы Қазақстанда кеңінен танымал. Екі шебер де халықаралық дәрежеде мойындалған. Бүгінгі таңда ол Орталық Азиядағы ең үлкен мүсін болып табылатын  Даши Надмаковтың «Жер-Ана» мүсіндік ескерткіші 2008 жылы елордада бой көтерді. Ал Зорикто Дорджиевтің жеке көрмесі Қазақстанның 25 жылдық мерейтойына арналып, Ә. Қастеев атындағы ұлттық өнер мұражайында өтті. Онда бейнелеу өнерінің әртүрлі мәнерінде орындалған 50-ден астам жұмысы көрсетілді.

Ал «Қазақстан аймақтарындағы этномәдени бірлестіктердің қызметі» Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылым­дарының кандидаты, қауым­дас­тырылған профессор Алтын Уал­таеваның баяндамасына негіз болды. Бүгінде  Статистика комитетінің Ақ­параттық-есептеу орталығының деректері бойынша республикада 130-ға жуық этнос өкілдері тұрады. Биылғы жылы институт ғалымдары тарапынан саны жағынан аз моңғол, тыва, адыгей, бурят, литва, эстон, алтай сияқты 7 этностың тарихы мен мәдениеті зерттеліп, карта тың ақпараттар­мен толықты. Институт ғалымдары материал­дарды жинау мақсатында Павлодар, Атырау, Ақтөбе және Орал архивтері мен кітапханаларына археографиялық зерттеулер жүргізді.

Дөңгелек үстел жұмысы аясында Алматы қаласы Қазақстан хал­қы Ассамблеясының хатшылығы, этно­мәдени бірлестіктер өкілдері карта бойынша жұмыс қорытындысын жасап, полиэтностық мемлекетті одан әрі нығайтуда атқарылатын жұмыстың ал­дағы бағыттарын белгіледі. Баян­дамашылар түрлі деректі материал­дарды пайдалана отырып, қазақ ұлтының мемлекет құраушы миссиясы негізінде Қазақстандағы көптеген этностардың пайда болуы мен өмір сүру тарихына қатысты қызық­ты мәлі­меттерді ұсынды. Инс­титут ғалым­дарының «Қазақстан халқы» ин­терактивті картасына қатыс­ты зерт­теу­лері Қазақстандағы этнос­ара­лық қайшылықтардың алтын алуға, қоғам­дағы халықтар татулығын нығай­туға үлес қосады деген сенім зор.

 

АЛМАТЫ