Руханият • 23 Қазан, 2020

Түркістанда Әбу Насыр Әл-Фарабидің еңселі ескерткіші ашылды

905 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында шығыстың Аристотелі атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің еңселі ескерткіші ашылды. Салтанатты рәсімге Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz

Түркістанда Әбу Насыр Әл-Фарабидің еңселі ескерткіші ашылды

Еңселі ескерткіш жаңадан бой көтерген «Облыстық драма театры» мекемесінің алдына орнатылған. Ұлы ойшыл, ғұламаның бейнесі жан-жақты даралықта жеткізілген. Қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі 4 метр, 3,5 метрлік тұғырға орнатылған, жалпы биіктігі 7,5 метрді құрайды. Салтанатты рәсімде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастауымен ЮНЕСКО-ның қолдауымен  Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы атап өтіліп жатқанын айтты.

"Халқымыздың ұстазы, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қоғамда үлкен рухани ізденістерге, жаңалықтарға арқау болды. Сондықтан Елбасының, Президентің ұйғарымдарына сәйкес, осы екі рухани тұлғаға арналған ескерткіштердің рухани астанамыз Түркістанда тұруы әрине заңдылық, әрине қажеттілік. Өйткені бұл ескерткіштер жаңа тәуелсіздік заманында біздің рухани жаңғыруымызға қолдаушы әрі куәгер болады деген үміттен шыққан ниет, шара", деді Мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ көпшілік алдында сөз алған жазушы Мархабат Байғұт қос ғұламаның ел руханияты мен ғылымына сіңірген еңбегі мен ескерткіш орнатудың мән-маңызына тоқталды.

Айта кетелік, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастаған арнайы делегация сондай-ақ, Түркістан қаласындағы «Визит» орталығы мен Отырар ауданындағы қайта жөндеуден өткен Әл-Фараби естерткіші мен "Даңқты бабалар саяжолы" аллеясында болды.

Түркстан облысы