Аймақтар • 24 Қазан, 2020

Солтүстік Қазақстан облысында “AGROKÓMEK” сервистік орталығы ашылды

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ауыл шаруашылығы саласында кеңес беру және мемлекеттік қызмет көрсетуге мамандандырылған еліміздің алғашқы "AGROKÓMEK" сервистік орталығының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында “AGROKÓMEK” сервистік орталығы ашылды

Енді шаруалар үшін жалпы саны 50 мемлекеттік қызмет бір жерде көрсетілетін болады. Ол үшін әкімшілік ғимараттың бірінші қабатында бірден бес мемлекеттік органның мамандары орналасты.

«Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығына бағытталған. Мемлекеттік аппараттың азаматтармен өзара қарым-қатынасы тұтынушыға бағдарлануы және қолжетімділік қағидаттарына негізделуі дұрыс құбылыс. Барлық мемлекеттік құрылымдар бірігіп, қызмет алушылар үшін қолайлы жағдай жасау үшін жұмыс істеуі тиіс», - деп атап өтті Алик Шпекбаев.

Антикор басшысы аграрлық аймақта сервистік орталық құру жемқорлық тәуекелдерін азайтуға оң әсер ететініне, ал солтүстік қазақстандық диқандардың мәселелерді бейресми шешуге жүгінуге мүмкіндігі болмайтынына сенімді.

Орталықтың әлемдік нарықта сұранысқа ие экологиялық таза, табиғи өнім өндіретін еліміздің астық өңірінде ашылғаны да өзекті. Бұл ретте өз ісінің шеберлері болған облыс диқандары мемлекеттік қызметтерді белсенді түрде алып, субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады. Сондықтан өңірде осындай сервистік алаңның ашылуы жақсы демеу болатыны сөзсіз.

«Дәстүрлі түрде агроөнеркәсіп кешені экономиканың басым саласы ретінде айқындалған. Бүгін біз ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мен аумақтық департаменттердің жұмысын оңтайландырдық. Егер бұрын олар мекемелер табалдырығын тоздырса, бүгінде бар қызмет бірінші қабатта орталықтандырылған. Бұл уақытты айтарлықтай үнемдейді, сондай-ақ шенеуніктермен жақын қарым-қатынасты, олардың кабинеттеріндегі адамдардың санын болдырмайды», - деп мәлімдеді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Сервис орталығында тұрғындар қызметтерді мемлекеттік орган арқылы ғана емес, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында электрондық үкімет порталы арқылы да ала алады. Сондай-ақ, сала мамандары мен мемлекеттік органдар басшылығының азаматтарды қабылдауы үшін арнайы жабдықталған кабинет қарастырылған.